Кеше Астанада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ Саммитіне қатысу үшін Қазақстанға Дания делегациясының құрамында келген Қазақстан Республикасындағы (сонымен бірге Мәскеуде резиденциясы бар) Дания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Том Рисдаль Йенсенмен кездесті.
Кездесу барысында Дания тарапы өткен Саммиттің қорытындысына жоғары баға беріп, қабылданған Астана декларациясын ЕҚЫҰ-ның әрі қарай дамуының берік негізі ретінде бағалады.
Данияның өкілетті өкілі ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Орталығы және Адам құқықтары жөніндегі Дания институтымен бірлесіп іске асырып жатқан Қазақстандағы Омбудсменнің институтын жетілдіру жөніндегі жобасын іске асыру барысын оң бағалады.
Тараптар құқық қорғау саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға өз қызығушылықтарын білдірді, деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.