Хельсинки рухы астана рухымен астасты
Тәуелсіздігін алған жиырма жылға таяу уақыт ішінде Қазақ елі балапандай түлеп, қырандай қанат қағып, іргелі жұрт екенін танытты. Бейбіт істің талай-талай ерліктерін көрсетті. Төрт құбыласын түгендеп, барымен көзге ұрып, тек-тамыры бүтін екенін дәйектеді. Соның ішінде ХХІ ғасырдың айтулы оқиғасына айналған Астана Саммитінің шоқтығы биік. Бұл алқалы басқосу шоқ жұлдыздай алыс-жақынды сүйсіндіріп қана қоймады, сүбелі істің арқауын ширатып, ширыққан жерін мүмкіндігіне қарай шешіп, бәрекелдіге ден қойғызды. Келелі кеңесті өткізу қолға алынғаннан бері осы істің басы-қасында жүрген сенатор, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мүшесі, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды кемсіту-шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі Әділ АХМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Әділ Құрманжанұлы, екі күн бойы алуан пікірлер айтыла келіп, қабылданған Астана Саммитінің басты құжаты Декларация туралы оқырмандарға таратып айта кетсеңіз. – Отанымыздың елордасында төрткүл дүние құлақ түрген Саммит өтіп, оның басты құжаты түнгі сағат он екіде қабылданды. Бұл биіктен табылу оңай болған жоқ. Ал оның басты тармақтарына тоқталар болсам, 56 ел көшбасшылары Астанаға не үшін жиналғаны туралы айтылып, 35 жыл бұрын өмірге келген Хельсинки Қорытынды актісі, Париж Хартиясы, БҰҰ-ның құжаттары негізінде жұмыс істеу көрініс тапқан. Ол бойынша Декларацияның басты қағидаттары, алға қойған міндеттері, оны бұзбай орындау нақтыланған. Сол секілді ұйым қауіпсіздігі мемлекеттер қауіпсіздігімен тікелей байланысты екендігі, ешқандай ел өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екінші елге нұқсан келтірмеуі керектігі де айқындалған. Кез келген ұйымға кірген мемлекеттің бейтараптығы құқығы өзара сыйластығы сақталады. Өздерінің қауіпсіздігін күшейту үшін басқа мемлекеттің қауіпсіздігін әлсіретпеуі тиіс. Ұйымның ішінде, не ұйымға кіретін мемлекеттер осы ұйымның қауіпсіздігіне, бейбіт тірлігіне ұйытқы болуы қажет. Әскери күшті пайдалану керек болса, заң аясында жасалған шарттарға сәйкес болып күш көрсету мақсатында қаруды ала жүгіруге жол берілмейді. Бәрі де БҰҰ-ның жарғысына, ЕҚЫҰ-ның ұстанымдарына сәйкес келуі, қалай десек те, барлық мәселе үнқатысумен, бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Ең бастысы – адам құқығы, адам бостандығы, демократиялық құндылықтар, еркін сайлау, заңның үстемдігін қатаң сақтау. Осы арада мен демократия туралы ой өрбіткенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Саммитті ашқан тұстағы мына бір сөзін дәйекке келтіре кетуді парыз санаймын. «Біз әлемнің демократия ешқашан болмаған бөлігінде оны қалыптастырып отырмыз. Қазақстандағы тұрақтылық – бұл, ең алдымен, сенімді экономикалық өсу. Біз кедейшілік өзіміздің жас демократиямызды кемсітпеуі үшін алдымен экономиканы дамыттық. Барлық 140 этностың және 46 конфессияның төзімділігі, татулығы мен келісімі Қазақстанның берік іргетасы болды», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынында, Елбасының осындай озық идеясы бүгінгідей бедел биігіне көтерді. Кейде біз демократия дегенде оны шексіз еркіндік деп түсінетініміз бар. Байыптап қарасақ, демократия деген сөз заңды сақтау, еліңді құрметтеу, мемлекетіңді әспеттеу болып табылады. Мұндай қадамдардан тыс қалғандардың жағдайы қалай дамып отырғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. – Саммитті Астанада өткізу жөніндегі байлам туралы ойыңызды ортаға сала кетсеңіз. – Бірден айтайын, бұл Қазақ елінің береке-бірлігі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының негізінде жүзеге асып, жоғары дәрежеде орындалды. Саммит қағидасы бойынша кез келген шешім консенсуспен қабылданады. Бұған дейін Саммит өткізу жөнінде басқа елдерде ұсыныс берген болар. Бірақ олар мұндай форумның қажеттілігіне ұйымға қатысушылардың көзін жеткізе алмаған болулары керек. Тіпті осы кезге дейін Астана Саммитін қалай өткізер екен деген күдіктің болғанын жасыра алмаймыз. Мысалы, 2009 жылдың желтоқсанында Ұйымның сол кездегі төрағасы – Грекияға ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлері жиналған еді. Оған Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысып, Ұйымның Іс басындағы келесі төрағасы ретінде сөз сөйледі. Қазақстанның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның кезекті Саммитін өткізу туралы бастамасын жариялады. Бұл байламды кеңеске қатысқандар 100 пайыз қолдау керек болатын. Бірақ ұйымға мүше кейбір мемлекеттердің белгісіз себептермен іркілуі, қалыс қалуы, тіпті іштей қарсылық білдіруі байқалды. Әйтсе де, біздің азаматтардың біліктілігі мен жан-жақтылығы жоғарыдағыдай екіұшты пиғылдарға тосқауыл қоя алды. Бұған Қазақстан дипломатиясының пісіп-жетілгені, Отанымыздың ішкі, көп векторлы сыртқы саясатының мықтылығы да үлкен септігін тигізді. Сөйтіп, күмәнданғандардың көңіліне сәуле кірді. Сенімдеріне түскен селкеу ашық күндей жадырады. Сол секілді ТМД мемлекеттерінің ішінде бірінші болып тізгінін ұстаған түркі тілдес, мұсылман, азиялық ел Астана Саммитін қалай өткізер екен, бұра тартып кетпей ме деген ниетпен әлем елдерінен Отанымызға сарапшылар аз келген жоқ. Әсіресе, АҚШ пен Еуропадан зерттеп, зерделей келе күмән сейіліп, елдеріне үлкен үмітпен қайтып жатты. Одан бергі кезең ішінде, яғни төрде отырып төрелік айтқан тұстарда әлемнің төрт бұрышында қиын-түйін мәселелер талқыланған, ЕҚЫҰ-ның беделін арттырып, мәртебесін кеңейту жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Соның біреуіне тоқталар болсам, еліміздің өз сөзіне берік, уәдесіне мығым екенін дәйектеген 55 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің Алматы түбіндегі Ақбұлақта өткен бейресми басқосуы дер едім. Осы алқалы отырыста министрлер ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізу туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын бірауыздан қолдады. Бұл тарихи шешім еді. Тағы бір айтарым, Астана Саммитін өткізуде ұйымның негізгі үш өлшемі бойынша қыруар іс-шаралардың атқарылуы, оның басты бағыттаушысы Елбасының өзі болғандығы. Ұйым мүшелерінің сеніміне ие болудағы тағы бір нәрсе Қазақ елінің қандай істе болсын бұра тартпайтын турашылдығы, яғни халықтық ұғымға қарай бейімдесек, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегенге саяды. Соның арқасында беделіміз биіктеді. Осындай игілікті іске бүкіл Қазақстан жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, басылымдардағы қалам қайраткерлері аз үлес қосқан жоқ. Олардың ерекше еңбегін атай кетуді парыз санаймын. – Президент еуропалық немесе азиялық қауіпсіздікті бөлек-бөлек сақтау бүгінгі таңда мүмкін емес деген сара байламын алға тартқан еді. – Елбасының бұл ойы бейбітшілікті қалайтын бүкіл жұртшылықтың көңілінен шыққаны сөзсіз. Бұрын қауіпсіздік мәселесі тек Еуропамен шектелетін еді. Астана Саммиті бұл шеңберді Еуразияның шекарасынан шығарып, тіпті төрт мұхиттың арасын түгендеуге жол сілтеді. Еуропалық не болмаса азиялық қауіпсіздік деп бөліп-жармай, мәселені еуроатлантикалық және еуразиялық қауымдастық қағидаты бойынша қарастырды. Бұл уақыт талабынан туындап отыр. Елбасының бұл идеясы дер кезінде қанат қақты. Шынында, құрлықтың бір жағында қауіпсіздік сақталып, екінші жағында алауыздық өршіп жатса, ондай қауіпсіздік кімге керек? Ұйымға біріккеннен кейін тілек те, ниет те бір болуы тиіс. Астана Декларациясын қабылдау кезінде ұйымға қатысушылар «Жол картасын» белгілеген де жөн болар еді. Дегенмен ол бұрын арман болып келсе, енді мына құжат негізінде қолға алынады. Бұл – Астана Саммитінің бір ұтқан жері. – Елбасы Саммиті ашқан сөзінде «Алғашқы қадам ретінде ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік институтын белгілеуді ұсынамын, ол Астанада орналаса алар еді», деді... – Сұрағыңның төркінін түсіндім. Бұл – ең қажет құрылым. Осыған дейін ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің мұндай қауіпсіздік институты болмаған. Егер бұл бастама жүзеге асып жатса, ұйымның атқарар жұмысы, алдағы міндеттері ғылыми тұрғыдан сараптаулардан өтіп, алдын ала болжамдар жасауға негіз қалар еді. Тіпті, ұйымға мүше елдер аумағындағы қиын-түйін мәселелердің ауқымы алдын ала анықталып, аяқ астынан бұрқ ете түсетін қауіпті оқиғаларға тосқауыл қойылар еді. Қалай десек те, ұйымның барлық жұмысын ғылыми тұрғыдан таразы басында тең өлшеп, ой негізінде қорытынды жасап, болашақта мына өңірдегі мына мәселенің алдын алып, былайша шешуге болады деген тұжырым қабылдауға негіз қалайды. – Әділ Құрманжанұлы, ЕҚЫҰ-ның 2011 жылы төрағалығын атқаратын Литва Республикасының өкілі сізге ұйымның Мұсылмандарды кемсіту-шеттетумен күрес жөніндегі уәкілі ретіндегі қызметіңізді алда да жалғастыра беруіңізді сұраған екен. Сіз бұған келісіміңізді бердіңіз бе? – Маған бұл уәкілдікті Грекия төраға болып тұрған кезде тапсырған еді. Биыл да ол жұмысты жалғастырдым. Алдағы жылға да келісім беріп отырмын. Себебі, мемлекеттердің мәселелерін жақсы білетінімді айта кетсем деймін. Оның үстіне біздің ел келесі жылы да Ұйымға төрағалық ететін үштіктің бірі болып қала береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл Саммит мемлекетіміздің айтқан сөзінде тұратын іргелі ел екенін дәйектеді. Оның үстіне тек саясатта ғана емес, рухани әлемде де салмағымыздың басымдығын Саммит алдындағы өнер шеберлерінің концертінде де көрсете алдық. Онда мәмілегершілігіміз саясатта да жан-жақты көрініс тапты. Менің ойыма осы арада Эйнштейннің қуат жөніндегі формуласы оралып отыр. 16 миллион халықтың қуаты, салмағы, санасындағы тазалығы, елдік істегі тілектестігі Саммиттің жоғары дәрежеде өтіп, нәтижелі аяқталуына септігін тигізді. Мұны атам қазақтан қалған даналықпен ұштастырар болсақ, «Көп тілесе, көл болады», «Жақсы сөз – жарым ырыс» екендігін дәйектеді. Сөйтіп, Батыс пен Шығысты жақындастырған, тұтас еуразиялық идеяны биікке көтерген жоғары деңгейдегі саммит жұмысы Қазақ елінің әлем алдындағы абырой-беделін, бекем тыныс-тіршілігін тағы да танытты. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.