Тәуелсіздігімізге қол жеткізген жиырма жылға таяу уақыт ішінде қазақ топырағында мемлекеттігімізді танытқан талай-талай алқалы жиындар өтті. Солардың ішіндегі шоқтығы биік, көтерген мәселесі әлемдік ахуалды қамтыған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті деуге болады. Дүние жүзіндегі белді де беделді 56 мемлекеттің басын біріктіріп отырған бұл ұйымның атқарып келе жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Бұған дейінгі төраға болған елдер осындай алқалы жиынды таяу жылдары өткізбеген екен.
Біздің Отанымыз төрағалық еткен бір жыл ішіндегі тың қадамдар, тыңғылықты істер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатымен жүйеленіп, төрт «Т», яғни сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік бағыттары бойынша жүргізілді.
Арқа төсіндегі елордада өткен Астана Саммитін теледидардан көріп, төрткүл дүниеде өзіндік орны бар мемлекет және үкімет басшыларының жаһандану дәуіріндегі адамзаттық мәселелерді бір үстелдің басында отырып қозғағанына куә болдық. Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің тағы бір мәртебелі ісі болды.
Қазақстан Көшбасшысының сөзінде біздің еліміздің еуроатлантикалық және еуразиялық қоғамдастықтың бірегей де бөлінбейтін қауіпсіздігін сақтау жолында табанды жұмыс жүргізіліп жатқаны, бейбіт және толерантты өмір сүру жайы, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің құрылтайы дәстүрге айнала бастағаны туралы байламдары бұл біздің Отанымыздың бейбітшіл саясат ұстанудағы айқын бағыт-бағдарын дәйектеді. Сол секілді баянды тірлікке бақытсыздық әкелетін ядролық қарудан бас тарту, экология, оның ішінде Арал мен Семейдің жағдайын жақсарту, діндердің береке-бірлігін сақтау, дағдарысты бірлікте жеңу, ЕҚЫҰ-ның рөлін арттыру туралы толғамды пікірлері сен тұр, мен атайын деген мемлекет басшыларымен иықтасып отырып, ой білдіруге жеткенімізді көрсетіп қана қоймады, ел Елбасы абыройын арттырып, біздің де мерейімізді өсірді. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының: «Еуразия жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың үнқатысуы басталды», деген сөзі әрбір азаматтың жүрегін тербемей тұра алмаса керек. Бұл жүздеген этностың басын біріктірген қазақ халқының іргелі мемлекет құра алғанын көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, бұл саммит қазақ тарихына алтын әріппен жазылары анық.
Өтеміс МЫРЗАҒАЛИЕВ, Тасқала ауданының әкімі.
Батыс Қазақстан облысы.