07 Желтоқсан, 2010

Мүгедектер үйлі болды

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласы әкім­ді­гінің ғимаратында ел­ор­да әкімі Иманғали Тас­ма­ғам­бетовтың қатысуымен қа­­ланың бірқатар мүмкін­дігі шектеулі тұрғындарына пә­тер кілттерін табыс ету рә­сімі өтті. Бұл оқиғаның ерекшелігі – елордалық мүге­дектер пәтерлерге мемлекеттік бағдарлама шең­берінде емес, 17 құрылыс ком­пания­сының қайырымдылық бастамасы нәтижесінде ие болып отыр. Акцияға Астананың құрылыс рыногында жұмыс жасап жүрген компаниялар қатысты. Нәтиже­сінде, бүгін қолдау мен қорғауға мұқтаж 24 отбасы жаңа пәтер иелері атанып, зор қуанышқа кенелді. Астана әкімдігінің ұсынысы бойынша кәсіпкерлер тұрғын үйге үміткер азаматтардың әлеу­меттік әлжуаз топтары арасынан, бірінші кезекте тұрмыстық жағ­дайы ауыр, алайда заң бойынша және кезек бойынша жақын бола­шақта пәтер берілмейтін жан­дар­ды іріктеп алған. Осылайша елорда кәсіпкерлері мақтауға тұрар­лық әлеуметтік жауапкершілік та­ны­тып отыр. Бұл мемлекетпен бір қатарда биз­нестің де ұстанып отыр­­­ған әлеу­меттік әділеттілік қадам­­дарының өлшемі іспеттес. Акция­ға қаты­сушылар бұл шара басқа кәсіп­керлерге үлгі болып, мұқтаж аза­мат­тарға көмек көр­сетудің нағыз игі дәстүріне айна­ла­ды деген сенімде. Қазіргі таңда мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте 18 805 азамат тұрса, со­ның ішінде 9 207-сі әлеуметтік жа­ғынан аз қамтамасыз етілген азаматтар болып табылады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.