07 Желтоқсан, 2010

Мемлекеттік наградалар өз иелерін табады

437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. «Қазақстан Респбуликасының мемлекеттік наградалар туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Президентіне мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсыныстарды Парламент, Үкімет, министрліктер, орталық және жергілікті ат­қарушы органдар, шығарма­шы­лық одақтар мен басқа да ұй­ым­дар енгізеді. Ал Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия ту­ралы ережеге сәйкес, комиссия бұл ұсыныстарды қарап, лайықты азаматтарды марапаттау үшін Ел­ба­сының қарауына ұсынады. Отырыс кезінде сөз алған Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев: «Ко­миссияның бұл отырысы әлем­дік деңгейдегі тарихи оқиға – Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының жаңа мыңжыл­дықтағы Саммитінен кейін өтуінің нышандық мәні бар. Осы жоғары форумның он бір жыл үзілістен кейін Елбасымыздың ұсынысы бойынша Астана қаласында өтуі –халықаралық қоғамдастықтың бү­гінгі күні Қазақстанның әлемдегі салмақты рөлін, Президент Нұр­сұлтан Назарбаевты аса көрнекті әлемдік көшбасшы ретінде та­нуы­ның айқын айғағы болып табы­лады. Тарих ЕҚЫҰ Астана Сам­митінің шын мәніндегі маңызын әлі де лайықты бағалай жатар, алай­да, бүгін оның қорытын­ды­лары мен Саммит барысында қа­былданған «Жалпыға ортақ қауіп­сіздік» атты Астана Декларациясы Ванкуверден Владивостокқа дейінгі орасан кеңістіктегі қауіп­сіз­дік пен ынтымақтастықты нығай­туға үлкен серпін береді деп сеніммен айтуға болады. Барлық ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің осы­нау теңдессіз табысы Тұңғыш Пре­зидентіміз, тәуелсіз Қазақ­стан­ның негізін құраушы – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың есімімен, біздің елордамыз Астанамен тікелей байланысты. Мұны шы­ны­мен де, өзінің тәуел­сіздігінің 20 жыл­дығын атап өтетін жылға олим­пиадалық табыспен қадам басып отырған Қазақстанның жұл­дызды сәті деуге болады», – деді. Отырыс барысында белгілі бол­ғанындай, комиссия биылғы жылы келіп түскен құжаттарды қарай келе, Мемлекет басшы­сы­ның қарауына ғылым, білім, мә­дениет, денсаулық сақтау, аграр­лық сектор салаларының өкіл­дері, соғыс және еңбек ардагерлері, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасынан нақты үміткерлерді ұсын­ды. Тағы бір атап өтерлігі, биылғы наградаға ұсынылғандар арасында ЕҚЫҰ-ның Астана Сам­митін дайындауға және өт­кізуге өз дәрежесінде лайықты үлес қосқан отандастар мен шетелдік қайрат­керлер де бар көрінеді. Наградтау туралы шешімді Елбасы Тәуелсіздік күні мереке­сінің қарсаңында қабылдайды және ол Мемлекет басшысы Жарлығымен ресімделеді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.