Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Үкімет мүшелері отырыста Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (БЭК) келісім-шарт-құқықтық базасын қалыптастыратын келісімдердің жобаларын талқылап, бекітті.
2010 жылдың 1 қаңтарынан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан Кеден одағы біртұтас экономикалық кеңістік құруға ықпал жасады. 170 миллион халқы бар орасан зор рынок құрылды. Бірыңғай кедендік кеңістікте кедендік кедергілер алынып тасталды. Бұл үш елдің кәсіпкерлері мен бизнес субъектілеріне орасан зор мүмкіндіктер ашты. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Кеден одағы аясында тауар айналымы 30 пайызға өскен. Қазақстанның 9 айдағы Ресейге өнім экспорттау көлемі 48 пайызға артқан.
Міне, енді, кеден кеңістігі шеңберінде Бірыңғай экономикалық кеңістік құру кезеңі де келіп жетті. Бұл мәселе 10 желтоқсан күні Мәскеуде өтетін ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісінде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері басшыларының қатысуымен талқыланатын болады. Үкімет отырысында да Мәскеудегі басқосуда талқыланатын құжаттар кешені тағы да пысықталып өтті. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың айтуынша, БЭК-тің келісім-шарттық-құқықтық базасын құру мақсатында Кеден одағы мемлекеттері басшыларының тапсырмасымен 17 келісім дайындалған. Бұл келісімдер негізінен 4 топқа бөлінген. Оның біріншісі, ортақ экономикалық саясат жүргізуді қамтамасыз етуге арналған келісімдер. Екінші топқа капитал және қызмет түрлерінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған келісімдер топталған. Үшінші топ еңбек күшінің еркін қозғалысын реттеуге арналған. Төртінші топ табиғи монополиялық қызмет түрлеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, БЭК шеңберіндегі мемлекеттерде өнеркәсіптік субсидия бөлу жөнінде бірыңғай ереже жұмыс істейтін болады. Бұл ереже БСҰ талаптарына сәйкес жүргізілмек. Келісімнің негізгі мақсаты өнеркәсіптік субсидиялар бөлуге тосқауыл қою емес, керісінше, оның нақты бағдарларын анықтау болып табылады. Қазақстан Республикасы үшін «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберіндегі экспортқа бағытталған өндірісті қолдау үшін бес жыл мерзімге өтпелі кезең белгіленді. Сонымен бірге Жанар Айтжанованың мәлімдеуінше, біздің еліміз еркін экономикалық аймақтардағы өнеркәсіп кешендері бойынша Кеден одағында 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезең белгіледі. Өнеркәсіп кәсіпорындарына субсидия берудің ортақ ережесін белгілеу БЭК-ке мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік және экономикалық саясатының дамуына игі ықпал жасайтын болады.
Үкімет отырысында сөйлеген Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Қазақстан 2015 жылы Ресей мен Беларусь мемлекеттеріне жыл сайын 3 миллиард кВт/сағат электр қуатын экспорттауға мүмкіндік алатындығын айтты. Еске сала кетейік, үстіміздегі жылы елімізде электр энергиясын тұтыну және өндіру көлемі тиісінше 83-84 миллиард кВт/сағ. болады деп күтілуде. Мұнай және газ вице-министрі Ләззат Қиыновтың айтуынша, БЭК шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаудың біріздендірілген тарифі қолданылатын болады. Мұнай және мұнай өнімдерінің бірыңғай нормалары мен стандарттары белгіленіп, үш елге ортақ ақпараттық жүйе құрылады. Сонымен бірге, үш мемлекет аумағында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаудың экспорттық және ішкі рыноктағы тарифтері белгіленеді.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері БЭК шеңберінде келісілген валюталық саясат жүргізетіндігін мәлімдеді. Бұл келісім валюта курсы саясатын үйлестіру, валюта қозғалысын реттеу және оған бақылау жасау, үш мемлекеттің валюталық бақылау жасаушы органдарын тұрақты түрде ақпарат алмасу, қажет болған жағдайда, яғни төлем баланстарының немесе басқа да экономикалық қауіпсіздік жағдайларында уақытша валюталық шектеу құралдарын қолдану мүмкіндіктерін қарастырады.
Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылап, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы Кеден одағы құрамындағы елдердің экономикалық дамуына және интеграциялануына барынша кең мүмкіндік ашатындығын атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.