10 Желтоқсан, 2010

Үржардағы үлгілі істер

422 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Үржар – халқының саны, же­рінің көлемі жөнінен еліміздің шығыс өңіріндегі іргелі аудан­дар­дың бірі ғана емес, бірегейі болып табылады. Осыдан он үш жыл бұрын көршілес Мақаншы ауданы Үржармен біріктірілген-ді. Қайсыбір жердегі секілді емес, мұнда бұл оңтайландыру саясаты ешқандай ың-шыңсыз жү­­зеге асырылды. Өйткені, атал­ған екі аудан бұған дейін де бірер мәрте ірге ажырасып та, бірігіп те келген болатын. Сол се­беп­тен де іргелес елдің бір-біріне бөтендігі жоқ-ты. Міне, сол іргелі ауданның тізгіні осыдан үш жыл бұрын тәжі­рибелі де іскер басшы Бауыржан Жанақовқа сеніп тапсырылған еді. Бауыржан Торғайбекұлы талай жылдар шаруашылық бас­шы­сы болып, өмір көріп, ысыл­ған азамат. Соның септігі өткен жылдың қаһарлы да өте қолай­сыз қысында айқын байқалды дейді мұндағылар. Жүз жасаған қарттар мен кейуаналардың өзі бұған дейін табиғаттың бұл өңір­де соншалықты бұзылып, мінез танытқанын көрмепті. Айта бер­сең сол қысталаң шақтың әлегі ұзақ сонар әңгіме. Әйтеуір, бәрі іскер басшылықтың, қажымас қай­рат пен өзара ынтымақтың арқа­сында артта қалып, өткен шаққа айналыпты. Сөйтіп жаз шығысымен берекелі өңір еңсесін тіктеп үлгеріпті. Оны үстіміздегі жылдың он айы­ның қорытындысынан айқын аң­ға­­руға болады. Айталық, ауданда ұн, өсімдік майын өндіру көлемі біршама артқан. Осы мерзім ішінде ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 108,2 пайыз болып артығымен орындал­ған. Соның ішінде ет, сүт, жұ­мырт­қа және жүн өндіруде айтар­лық­тай ілгерілеушілік байқалады. Мұның сыртында мал басының барлық түрі бойынша  өсімге қол жеткізілген. Ауданға инвестиция тарту өт­кен жылдың осы мерзімімен са­лыс­тырғанда екі есеге артқан. Ша­ғын кәсіпкерлікті дамытуда да ілгерілеушілік байқалады. Жаңадан ашылған жұмыс орындары нәти­же­сінде жұмыссыздық былтырғы­мен салыстырғанда жүз адамға қысқарған. Аудан бюджеті осы он ай ішінде 124,2 пайыз болып артығымен орындалған. Біз де жалаң көрсеткіштерді қойын дәптерімізге түртіп алумен шектелмей, ауыл, аудан жаңалық­тарын көзбен көру мақсатымен кө­шеге, ауылдарға шыққанбыз. Бір қызығы жаңалық дегеніңіз аудан­дық әкімдік ғимаратының дәп іргесінен басталып, одан әрі жалғаса берген. Яғни, осы арада құрылысы былтырғы жылы қолға алынған «Батырлар аллеясы» бүгінде жеріне жеткізіліп дайын тұрғанын көрдік. Онда осы өңірден шыққан 2 Кеңес Одағының Батыры мен 18 Социалистік Еңбек Ерінің қоладан жасалған мүсіндері қойылыпты. Ал «Болашақ» деп аталатын сая­бақ осы жерден алыс емес. Көлемі жеті гектар жерге 600 шырша,       1 мың түп ақ қайың отырғызы­лып­­ты. Ашық аспан астындағы сахна, би алаңы, әткеншектер мен алтыбақан, бәр-бәрі талғаммен жасалған. Бізді ертіп жүрген аудан әкімінің орынбасары Қабдысадық Байсынов болсын, басқасы болсын осының бәрі аудан әкімінің жеке бастамасымен жүзеге асырыл­ғанын мақтанышпен мәлімдеп жатты. Ал ондай жақсы бастама тек осылармен шектелмейтініне соңы­нан қаныға түстік. Айталық, биыл­ғы жылы Алакөл жағасында «Үр­жа­райым» деп аталатын балалар­дың демалыс үйі пайдалануға беріліпті. Мектеп оқушыларына лай­ық­тап салынған 3 демалыс үйі мен асхана бүгінгі күннің талабына әбден лайық. Оған қажетті қаржы аудандық бюджеттен бөлініпті. Оқушылардың осындай демалыс үйін арнайы келіп көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқа аудандарға да сондай демалыс үйлерін салуға тапсырма берген. Бұдан кейін біз бұрынғы «Спут­­ник» кинотеатрының ғимаратына келдік. Қайта жөндеуден өткізіліп жатқан бұл ғимарат енді аудандық спорт мектебі ретінде қайта жаб­дықталып жатқан көрінеді. Бұл да алысты көздеген мақсатты тірлік деп білеміз. Өйткені, салалық министр жуырда ғана спорты дамы­ған аудан ретінде Үржарды басқа­ларға үлгі еткен. Мұнда спорттың қай түрі болсын жақсы дамыған. Осы жақтан шыққан айтулы спорт­шылар туралы әңгіме өз алдына бір тақырып. Басқаны айтпағанда, соңғы Азия ойындарындағы Үр­жар­дан шыққан саңлақтардың жетістіктері кісі сүйсінтеді. Ал со­ның алдында ғана қазақ күресінен Астанада өткен үшінші әлем біріншілігінде үш бірдей үржарлық жас түлек алтыннан алқа тағынған болатын. Келесі кезекте әңгімеге аудан­дық «Уақыт тынысы» газетінің қызметкері, әріптесіміз Берікхан  Тайжігіт араласып өзінің көріп, біл­генін бізге жеткізгенше асық­қан. Үржардың өз ішінде автобус қатынасының тоқтап қалғанына ұзақ жыл болып еді. Қазірде бұл мәселе де өз шешімін тапты дейді ол. Оның бұл қуанышының себебі жоқ емес. Өйткені, тек аудан орта­лығында жиырма мыңға жуық халық тұрады. Ал ұзыннан ұзаққа созылып жатқан үлкен ауылдың бір шетінен екінші шетіне барып жету бұған дейін қиынға түсіп келген-ді. Әріптесіміз одан әріде тағы бір жаңалықты айта кетуді ұмытпаған. Яғни, мұнда ұзақ жыл­дар бойы қаңырап бос қалған әуе­жайға да жан бітіпті. Қазірде бұл арадан Семей, Өскемен, Алматы бағытына ұшақтар ұша бастапты. Алакөлді туристік аймаққа айнал­ды­рамыз десек, бұл да игілікті шаруа. Осы сапарда Үржарда әлеу­меттік саладағы басқа да жақсы жаңалықтарды көптеп естідік және солардың бірқатарын өзіміз де барып көзбен көрдік. Айталық, мұнда балалар бақшасының мәсе­лесі біртіндеп шешіліп жатқан көрінеді. Қаратұма мен Науалыда жаңа мектеп ғимараттары салы­нып жатса, ал Благодарный ауы­лын­дағы жаңа мектеп құрылысы бітіп, дайын тұр. Жақсыны көр­мек­ке деп Барқытбел баурайын­дағы жаңа мектепті арнайы барып көріп шықтық. Мұндай мектеп қалада да сирек десек, әсіреқызыл сөз үшін айтқанымыз емес. Сон­соң осы ауылдағы бітіп тұрған көпір құрылысына да жергілікті тұр­ғындардың алғысы шексіз. Ір­гедегі көпірдің пайдалануға бері­луінің арқасында бұрынғы айналма жол 60 шақырымға қыс­­­­­қа­­рыпты. Үржар, Мақаншы өңіріндегі тағы бір жаңалық – Мақаншы­да­ғы жаңадан ашылып жатқан балалар­дың шығармашылық үйі. Бауыр­жан Торғайбекұлы бұрын осындай үйді Зайсан ауданында ашуға мұ­рындық болып келген екен. Енді сол игі іс мұнда да өз жалғасын тауыпты. Ал осындай жақсы жаңа­­лықтардың ел тәуел­сіздігі мерекесі қарсаңында жүзе­ге асыры­лып жатқаны да көңіл қуантады. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы.