ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ ТАМАША ТАБЫСЫ – ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ
Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын, Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда
_________
Әлем назарын өзіне аударған саммит қарсаңында еліміздің барлық мешіттеріндегі соңғы жұма намазында осынау айтулы оқиғаның сәтті өтіп, еліміздің абыройы мен беделінің одан да өсе түсуін тілеп дұға жасалды. Алла тағала көптен күткен саммиттің ойдағыдай өтуін нәсіп етіп, ел мерейін асырды. Бұл үшін Алла тағалаға сансыз мадағымыз бен шүкірлігіміз болсын! Саммит күндері бүкіл дүние Астанаға құлақ түріп, көз тікті. Ал, содан бері келелі басқосуда айтылған пікірлер мен білдірілген ұсыныстар ой елегінен өткізіліп, оған жоғары баға берілуде. Халықаралық беделді ұйымның бірі ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы өз тарихымызда алтын әріппен жазылатын болады. Мұнда әлемдік маңызы зор көптеген ұсыныстар айтылып, талқыға түсті. Соның бірегейі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аузымен: «... Біз конфессияаралық төзімділікті жеке өлшемге бөліп шығаруды ұсынамыз. Бүгінде адал да ашық конфессияаралық үнқатысу қажет. Оны ұйымдастыру үшін ЕҚЫҰ Қазақстанның бастамасы бойынша өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алаңын пайдалана алар еді... «Жаңа онжылдықтағы төзімділікке» құжатын бірлесе әзірлеуді ұсынғым келеді», – деп айтылды.
Бұл – расында да аса маңызды ұсыныс. Еліміздегі қалыптасқан дінаралық түсіністік пен сыйластық осынау беделді халықаралық ұйым мен өзгелер үшін де үлгі болары хақ.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бұрынғы кеңестік республикалар аясында ғана емес, сондай-ақ әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына да қосылғанына куәміз. Дана халқымыз: «Бірлік бар жерде, тірлік бар», дейді. Бұған біздегі ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, конфессияаралық қатынастарды тиісінше жолға қоюдың әсер-ықпалы зор болды. Осынау күрделі міндеттерді шешуде көп ұлт пен ұлысты, бірнеше дінді ел халқының бірлігі мен ынтымағын одан әрі дамытуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көп күш-жігер жұмсады.
Әлемнің бірқатар аймақтарында өзара түсініспеушілік пен кешірімділіктің жетіспеуі, сондай-ақ діндерінің де әркелкілігінен қақтығыстар орын алуынан бейбіт жандардың қаны төгіліп, сәбилер жетім, аналар жесір қалуда. Бұған еліміздің тәуелсіздік алғалы өзара бірлік пен ынтымақта өмір сүріп жатқаны үлгі. Сондықтан да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен үш рет түрлі тілді, дінді, ұлтты, нәсілді дін жетекшілерінің Астанада бір үстел басында ынтымақ пен бірлік жайлы өткізген құрылтайы бүкіл адамзат үшін зор жетістік. Әлем мұны тарихи үлкен оқиға ретінде орынды бағалады. Мұнан Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш саясаты айқын көрінді. Қасиетті Құранда: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, оның қаһары, тегінде, тым қатал» («Маида» сүресі, 2-аят), деп Алланың тура жолымен жүруге, иман мен ізгілікке шақырып, жамандық атаулыдан сақтандырады.
Қазақстан халқының 70 пайызын құрайтын 27 ұлт пен ұлыстан тұратын мұсылмандар ел бірлігі мен ынтымағына тиісінше үлес қосып, мақсаты мен мүддесі ортақ өзге отандастарына жан-жақты үлгі. Осыған орай мешіт діндарлары мен жамағатына артылар жауапкершілік жүгі ауыр да абыройлы. Ұлттар мен ұлыстараралық ынтымақ пен бірлікті арттыруда қалыптасқан конфессияаралық өзара түсіністік пен сыйластықтың игі ықпалы өлшеусіз.
Асыл дініміз шариғатты өмірлік ұстанымына айналдырған мұсылмандар кімдер дегенге қасиетті Құранда: «Мүміндер анығында бiр-бiрiмен (дiн) ынтымақтағы жандар. Ағайын арасын түзетіңдер. Алланың рахымы түссiн десеңдер, одан қорқыңдар… Бiрiңдi бiрiң кiнәламаңдар, бiрiңдi бiрiң мазақтап (лақап атпен шақырмаңдар)… Бұдан тәлiм алмағандар – залымдар» («Хужурат» сүресi, 10-11-аяттар), деп сипаттама берілген. Олай болса, еліміздегі мемлекеттік мәртебеге лайық басты дін ислам – адамның дүниетанымына, мінез-құлық ерекшелігіне, жан-дүниесіне, құндылығына өнегелілік ықпал етуге қабілетті рухани күш.
Сондықтан Н.Ә. Назарбаев басты құндылық деп тек этносаралық келісімді сақтап, бекіту ғана емес, сонымен қатар, барлық діни төзімділікті, конфессияаралық үнқатысу мен келісімді нығайту деп санайды. Қазақстанда рухани келісім еуразиялық құрлықтың екі аса ірі этностары – түркі тілдестер мен славяндардың сенім-нанымы болып табылатын екі әлемдік ірі дін – ислам мен православиелік христиан арасында басым болуынан отандастарымыздың ынтымақ, бірлігі қалыптасып, даму үстінде. Келісім жаһандану жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының базасында және жақсылықты, ізгілікті, сенімді, ашықтықты, алыс-жақындарыңды құрметтеуді, лайықты мінез-құлықты және игі істерге адамдардың ұмтылысын мұрат ететін дініміздің маңызды қағидалары мен ғибраттары негізінде жүзеге асады. Құрлықтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің факторы ретінде конфессияаралық үнқатысудың ізгі негіздері де осыған саяды.
Қазақстанның көп конфессиялылығын ел бірлігін сақтап, нығайту үшін пайдаланудың жолы тарихи және қазіргі тәжірибе көрсеткеніндей, егер әртүрлі конфессиялардың өзара үнқатысуы қалыптасса ғана мүмкін болмақ.
Қазіргі жағдайда діндердің, мәдениет пен өркениеттердің үнқатысу кеңістігін қалыптастыру – шиеленісті әлемнің әлеуметтік және мәдени реттелуінің маңызды нысандарының бірі.
Үнқатысу ынтымақ пен бірлесе өмір сүрудің нысаны ретінде зорлық-зомбылыққа, үстемшілдікке, басымдыққа, монополияға қатысты нақты балам. Көп қырлы, әр алуан пікірдегі адамзат қауымдастығын қалыптастыруға деген объективті тарихи ағым әлемді орталықсыздандырылған және келісім орныққанын қаламайтын күштердің тарапынан қарсылыққа кездесуде. Олар ұстанымы мен саяси еркін басқа халықтарға және елдерге таңғысы келеді. Бұл, шын мәнінде, азын-аулақ келісімді жалған еркіндік пен демократияны ішкі келісім мен демократиялық бостандықтардың болмашы қолдауын көрсететін тарихи жағынан ескірген тәжірибе. Шын мәніндегі келісімге қол жеткізу жолдарын, мүмкіндіктерін жариялай білетін діндердің, мәдениеттер мен өркениеттердің үнқатысуы икемсіз саясатқа тегеурінді тосқауыл бола алады. Бұл туралы Н.Ә.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезінде: «Біртұтас діни кеңістік құруға болмайды. Қазіргі айырмашылықтарды ақырына дейін еңсеруге болмайды, оның үстіне олар ұлы діндердің негізіне қатысты болып отыр. Алайда, тұрақты үнқатысудың құндылығы мынада – орын алып отырған келіспеушіліктерге қарамастан, бәзбір «алтын ортаны» іздеудің мәні мен процесінің өзі сақталады», деп атап көрсеткен-ді.
Діндердің халықтар мен халықтарды, мемлекеттер мен мемлекеттерді өзара жақындатуда да, керісінше алыстатып, дүрдараз етуде де маңызды екені талас туғызбайды. Кім-кімге де белгілі, адамзат тарихындағы қаншама дау-жанжалдар мен соғыстарға діни қате түсініктің және өркениеттің әркелкілігі себепші. Бүгінгі күні де әлемнің әр жерінде бірі өшіп, бірі тұтанып жатқан үлкенді-кішілі қақтығыстар мен қантөгістер астарынан да жұрт осы діни ала-құлалықтың әсерін сезінетіні жасырын емес. Жер шары – ортақ мекен. Оны сақтау адамзат алдында тұрған аса күрделі мәселе. Осы мақсатты алға қойған қаншама ресми институттар оның шешімін таба алмай бас қатыруда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Астанада 2003 жылғы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде: «Халықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие. Ол таза теориялық аядан аса маңызды практикалық міндеттер қатарына шықты. Нақ сондықтан да көптеген аса көрнекті саяси және діни қайраткерлердің күш-жігерімен, шынтуайтында, байырғы заманнан қазіргі күнге дейін тоқталмаған діндердің, мәдениеттердің, өркениеттердің үнқатысуын жалғастыру ерекше қажет. Бізге оқиғалар мен құбылыстарды әлемдік, сондай-ақ өңірлік, мемлекетішілік өлшемдер тұрғысынан терең сыни талдау қажет», – деген еді. Бүгінгі алмағайып та қым-қуыт дүниеде бейбітшілік пен ынтымақ күшейіп, дамуы үшін діндераралық үнқатысу мен төзімділіктің мән-маңызы жоғары. Әлемдік тарихта бұрын-соңды бір үстелдің басында көптеген дін басшыларының бас қосып, үн қатысуы, өздерін толғандырған ойларын ортаға салуы, бір-бірін сабырлықпен тыңдап, түсінісуіне біздегідей мүмкіндік тумапты. Астана басқосуы осындай ерекшелігімен де құнды.
Қазақстан – болашағы зор мемлекет. Орталық Азия елдерінің жетекшісі. Түптің түбінде күш-қуаты мұнан да күшейіп, халықаралық абырой-беделі арта түссе, әлемнің мықты мемлекеттерімен иық теңестіріп, онымен санасар державаға айналу мүмкіндігі мол. Бұған еліміздің бас-аяғы он тоғыз жылғы аяқ алысы мен халықаралық ауқымдағы батыл да ізгі қадамдары, күні кеше ғана бүкіл дүниені өзіне қаратқан саммитті ойдағыдай өткізуі айқын дәлел.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.