10 Желтоқсан, 2010

Дінаралық түсіністік – аса маңызды мәселе

608 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ ТАМАША ТАБЫСЫ – ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын,  Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда _________ Әлем назарын өзіне аударған саммит қарсаңында еліміздің барлық мешіттеріндегі соңғы жұма намазында осынау ай­тулы оқиғаның сәтті өтіп, еліміздің абы­ройы мен беделінің одан да өсе тү­суін тілеп дұға жасалды. Алла тағала көптен күткен саммиттің ойдағыдай өтуін нәсіп етіп, ел мерейін асырды. Бұл үшін Алла тағалаға сансыз мадағымыз бен шүкірлігіміз болсын! Саммит күн­дері бүкіл дүние Астанаға құлақ түріп, көз тікті. Ал, содан бері келелі бас­қосуда айтылған пікірлер мен білдірілген ұсыныстар ой елегінен өткізіліп, оған жоғары баға берілуде. Халық­ара­лық беделді ұйымның бірі ЕҚЫҰ-ға Қа­зақстанның төрағалығы өз тарихымыз­да алтын әріппен жазылатын болады. Мұнда әлемдік маңызы зор көптеген ұсы­ныстар айтылып, талқыға түсті. Со­ның бірегейі Қазақстан Президенті Нұр­­­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ау­зы­­мен: «... Біз конфессияаралық тө­зім­ділікті жеке өлшемге бөліп шы­ғаруды ұсынамыз. Бүгінде адал да ашық кон­фес­сияаралық үнқатысу қажет. Оны ұйым­дастыру үшін ЕҚЫҰ Қазақ­стан­ның бастамасы бойынша өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алаңын пайдалана алар еді... «Жаңа онжылдықтағы төзім­ді­лікке» құжатын бірлесе әзірлеуді ұсын­ғым келеді», – деп айтылды. Бұл – расында да аса маңызды ұсы­ныс. Еліміздегі қалыптасқан дінара­лық түсіністік пен сыйластық осынау беделді халықаралық ұйым мен өзгелер үшін де үлгі болары хақ. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бұрын­ғы кеңестік республикалар аясында ға­на емес, сондай-ақ әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер қа­та­ры­на да қосылғанына куәміз. Дана хал­қымыз: «Бірлік бар жерде, тірлік бар», дейді. Бұған біздегі ішкі саяси тұрақ­тылық пен ұлтаралық, конфессияара­лық қатынастарды тиісінше жолға қою­дың әсер-ықпалы зор болды. Осынау күрделі міндеттерді шешуде көп ұлт пен ұлысты, бірнеше дінді ел халқының бірлігі мен ынтымағын одан әрі дамытуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көп күш-жігер жұмсады. Әлемнің бірқатар аймақтарында өзара түсініспеушілік пен кешірімді­лік­тің жетіспеуі, сондай-ақ діндерінің де әркел­кілігінен қақтығыстар орын алуы­нан бейбіт жандардың қаны төгіліп, сәбилер жетім, аналар жесір қалуда. Бұ­ған еліміздің тәуелсіздік алғалы өзара бір­лік пен ынты­мақта өмір сүріп жат­қаны үлгі. Сон­дық­тан да Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың бас­та­масымен үш рет түрлі тілді, дінді, ұлтты, нәсілді дін жетекшілерінің Астанада бір үстел басында ынтымақ пен бірлік жайлы өткізген құрылтайы бүкіл адамзат үшін зор жетістік. Әлем мұны тарихи үлкен оқиға ретінде орынды баға­лады. Мұнан Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш саясаты айқын көрінді. Қасиетті Құранда: «Ізгі істерге, тақуа­лық­­қа көмекте­сің­дер. Күнә жа­сау­ға, жаулыққа жәр­­демші бол­­маң­дар. Құдайдан қор­қың­дар, оның қа­һары, тегінде, тым қа­тал» («Маи­да» сүресі, 2-аят), деп Алла­ның тура жолы­мен жү­руге, иман мен ізгілікке шақы­рып, жамандық атаулыдан сақ­тан­дырады. Қазақстан халқының 70 пайызын құрайтын 27 ұлт пен ұлыстан тұратын мұсылмандар ел бірлігі мен ынты­ма­ғына тиісінше үлес қосып, мақсаты мен мүддесі ортақ өзге отандастарына жан-жақты үлгі. Осыған орай мешіт діндар­лары мен жамағатына артылар жауапкершілік жүгі ауыр да абыройлы. Ұлт­тар мен ұлыстараралық ынтымақ пен бірлікті арттыруда қалыптасқан конфес­сияаралық өзара түсіністік пен сыйлас­тықтың игі ықпалы өлшеусіз. Асыл дініміз шариғатты өмірлік ұстанымына айналдырған мұсылмандар кімдер дегенге қасиетті Құранда: «Мү­міндер анығында бiр-бiрiмен (дiн) ын­тымақтағы жандар. Ағайын арасын түзетіңдер. Алланың рахымы түссiн десеңдер, одан қорқыңдар… Бiрiңдi бi­рiң кiнәламаңдар, бiрiңдi бiрiң ма­зақ­тап (лақап атпен шақырмаң­дар)… Бұдан тәлiм алмағандар – залымдар» («Ху­журат» сүресi, 10-11-аяттар), деп сипаттама берілген. Олай болса, еліміздегі мемлекеттік мәртебеге лайық басты дін ислам – адамның дүниетанымына, мі­нез-құлық ерекшелігіне, жан-дүние­сіне, құндылығына өнегелілік ықпал ету­ге қабілетті рухани күш. Сондықтан Н.Ә. Назарбаев басты құндылық деп тек этносаралық келісімді сақтап, бекіту ғана емес, сонымен қа­тар, барлық діни төзімділікті, кон­фес­сияаралық үнқатысу мен келісімді ны­ғайту деп санайды. Қазақ­станда рухани келісім еуразиялық құрлықтың екі аса ірі этностары – түркі тілдестер мен славян­дардың сенім-нанымы болып та­былатын екі әлемдік ірі дін – ислам мен православиелік христиан арасында ба­сым болуынан отандастарымыздың ын­ты­мақ, бірлігі қалыптасып, даму үс­тін­де. Келісім жа­һан­да­ну жағдайында Қа­зақ­станның әлеуметтік-эко­номикалық жә­не сая­­си дамуының база­сында және жақ­сы­лықты, ізгілікті, сенім­ді, ашық­тық­ты, алыс-жақын­дарыңды құр­мет­­теуді, лайықты мі­нез-құ­лық­­ты және игі істерге адам­дар­дың ұм­ты­­лы­сын мұ­рат ететін дініміздің ма­ңызды қа­ғи­далары мен ғиб­раттары негізінде жү­зе­ге асады. Құр­лық­тағы қауіпсіз­дік пен тұрақтылықты қамта­масыз ету­дің фак­торы ретінде конфес­сия­ара­­лық үнқаты­судың ізгі негіздері де осы­ған саяды. Қазақстанның көп конфессиялы­лығын ел бірлігін сақтап, нығайту үшін пайдаланудың жолы тарихи және қазіргі тәжірибе көрсеткеніндей, егер әртүрлі конфессиялардың өзара үнқаты­суы қалыптасса ғана мүмкін болмақ. Қазіргі жағдайда діндердің, мәде­ниет пен өркениеттердің үнқатысу ке­ңіс­тігін қалыптастыру – шиеленісті әлем­нің әлеуметтік және мәдени ретте­луінің маңызды нысандарының бірі. Үнқатысу ынтымақ пен бірлесе өмір сүрудің нысаны ретінде зорлық-зомбы­лыққа, үстемшілдікке, басымдыққа, мо­но­полияға қатысты нақты балам. Көп қыр­лы, әр алуан пікірдегі адамзат қауым­дастығын қалыптастыруға деген объективті тарихи ағым әлемді орта­лық­сыздандырылған және келісім ор­ныққанын қаламайтын күштердің тара­пынан қарсылыққа кездесуде. Олар ұс­танымы мен саяси еркін басқа халық­тарға және елдерге таңғысы келеді. Бұл, шын мәнінде, азын-аулақ келісімді жалған еркіндік пен демократияны ішкі келісім мен демократиялық бостан­дық­тардың болмашы қолдауын көр­сететін тарихи жағынан ескірген тәжірибе. Шын мәніндегі келісімге қол жеткізу жолдарын, мүмкіндіктерін жариялай білетін діндердің, мәдениеттер мен өр­кениеттердің үнқатысуы икемсіз сая­сатқа тегеурінді тосқауыл бола алады. Бұл туралы Н.Ә.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның бірінші съезінде: «Біртұтас діни кеңістік құруға болмайды. Қазіргі айыр­ма­шылықтарды ақырына дейін еңсеру­ге болмайды, оның үстіне олар ұлы діндердің негізіне қатысты бо­лып отыр. Алайда, тұрақты үн­қа­тысудың құнды­лығы мынада – орын алып отырған келіспеушіліктерге қарамастан, бәзбір «ал­тын ор­таны» іздеудің мәні мен про­цесінің өзі сақ­талады», деп атап көрсеткен-ді. Діндердің халықтар мен халық­тарды, мемлекеттер мен мемлекеттерді өзара жақындатуда да, керісінше алыс­татып, дүрдараз етуде де маңызды екені талас туғызбайды. Кім-кімге де белгілі, адамзат тарихындағы қаншама дау-жанжалдар мен соғыстарға діни қате түсініктің және өркениеттің әркел­кілігі себепші. Бүгінгі күні де әлемнің әр жерінде бірі өшіп, бірі тұтанып жатқан үл­кенді-кішілі қақтығыстар мен қан­төгіс­тер астарынан да жұрт осы діни ала-құлалықтың әсерін сезінетіні жа­сырын емес. Жер шары – ортақ мекен. Оны сақтау адамзат алдында тұрған аса күр­делі мәселе. Осы мақсат­ты алға қойған қаншама ресми институттар оның шешімін таба алмай бас қа­ты­руда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Аста­нада 2003 жылғы қыр­күйекте өткен Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбас­шылары съезінің ашы­луында сөйлеген сөзінде: «Халық­тардың, діндердің, мем­­лекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы тура­лы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие. Ол таза тео­риялық аядан аса маңызды прак­тика­лық міндеттер қатарына шық­ты. Нақ сон­дық­тан да көптеген аса көр­некті саяси және діни қайрат­керлердің күш-жігері­мен, шын­туай­тында, ба­йыр­ғы заманнан қазіргі күнге дейін тоқтал­маған діндер­дің, мә­де­ниет­тер­дің, өр­кениет­тердің үн­қаты­суын жал­ғас­тыру ерекше қажет. Бізге оқиғалар мен құбылыс­тарды әлем­дік, сондай-ақ өңірлік, мемлекетішілік өл­шемдер тұрғысынан те­рең сыни талдау қа­жет», – деген еді. Бүгінгі алма­ғайып та  қым-қуыт дүние­де бейбітшілік пен ынтымақ күшейіп, дамуы үшін дін­дер­аралық үнқатысу мен төзім­діліктің мән-маңызы жоғары. Әлемдік тарихта бұ­рын-соңды бір үс­тел­дің басында көп­теген дін басшы­лары­ның бас қо­сып, үн қатысуы, өз­дерін толған­дырған ойла­рын ортаға салуы, бір-бірін сабырлық­пен тыңдап, түсінісуіне біздегідей мүм­кіндік тумап­ты. Астана бас­қо­суы осын­дай ерекшелігімен де құнды. Қазақстан – болашағы зор мемлекет. Орталық Азия елдерінің жетекшісі. Түп­тің түбінде күш-қуаты мұнан да күше­йіп, халықаралық абырой-беделі арта түссе, әлемнің мықты мемлекеттерімен иық теңестіріп, онымен санасар держа­ва­ға айналу мүмкіндігі мол. Бұ­ған елі­міз­дің бас-аяғы он тоғыз жылғы аяқ алы­сы мен халықаралық ауқым­дағы ба­тыл да ізгі қадамдары, күні кеше ғана бүкіл дүниені өзіне қаратқан саммитті ой­дағыдай өткізуі айқын дәлел. Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.