Редакциямызға Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Семей мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенттерінен хат келді. Жастар өз хаттарында былай деп жазады:
Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің даналық басшылығыңызбен ХХІ ғасырда Қазақ елі әлем танитын мемлекетке айналды. Оған тағы бір тарихи дәлел – асқақ Астана қаласында 2010 жылдың 1-2 желтоқсаны күндері өткен ЕҚЫҰ Cаммиті.
Біздер, Семей қаласының студент жастары осы алқалы жиынды теледидардан кірпік қақпай зор ынтамен көріп-тыңдадық. Шындығын айту керек, Сіздің жер-жаһаннан келген әлемнің алпауыт елдерінің басшыларын қабылдауыңыз, ЕҚЫҰ Cаммитін басқару мәдениетіңіз біздің жүрегімізге нұр құйып, көңілімізді шабыттандырды. Біздер, жастар Сіздің әлемдік аренадағы даналық саясатыңызды мақтан тұтамыз, Сізге қарап бой түзейміз.
Еуроатлантика және Еуразия аумағын бөлмей, төрткүл дүниені тұтас бірлікте қарайтын терең танымды идеяңызды қолдаймыз. ЕҚЫҰ Cаммитінде Астана Декларациясының қабылдануын барша қазақстандықтардың жетістігі деп түсінеміз. Адамзат Сізге сеніммен қарайды. Алдағы жылы Ислам Конференциясы Ұйымын басқаруға шақыруы осының айқын дәлелі.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақ елінің, қазақ халқының, жалпы қазақстандықтардың абыройын асқақтатқан тарихи ерлігіңізбен шын жүректен шыққан құттықтауымызды қабыл алғайсыз. Біз, жастар, әрқашан Сізбен біргеміз!