Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Сергей Мироновпен кездесті.
Кездесу барысында кешенді мемлекетаралық қатынастардың бәрі, оның ішінде парламентаралық деңгейдегі үнқатысулар бойынша пікір алмасылды. Парламентаралық байланыстарды дамыту, тұтастай стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар тұрғысынан алғанда бұл сапардың маңызы жоғары. Өйткені, Ресей тарапымен ынтымақтастықты нығайту еліміздің сыртқы саясатында негізгі басымдық болып табылады.
Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан бастамаларын тұрақты қолдағаны үшін Ресей жағына ризашылығын білдірді. ЕҚЫҰ-ға біздің төрағалығымыз ТМД-дан ұжымдық үміткер ретінде ұсынылуымыздың арқасында болды және бұл тәсіл өзін ақтады. Сенат Төрағасы, сондай-ақ еліміздің алдағы жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететінін де хабарлай кетті. Онда өркениетаралық үнқатысуды нығайтуда конфессияаралық және дінаралық толеранттылықты ілгерілету мәселелері ерекше маңызға ие тақырып ретінде көтерілетін болады. ТМД, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және Кеден одағы аясында өзара іс-қимыл мәселелері де әңгіме өзегіне айналды.
Қ.Тоқаев заң шығару органдарының ықпалдастық үдерістерін дамытудағы ерекше рөліне тоқтала келіп, былай деді: «Интеграция – жеңімпаздары мен жеңілгендері жоқ күрделі үдеріс, ол кезең-кезеңнен тұратын, халықтардың мүдделері мен армандарын ескере отырып, уағдаластыққа қол жеткізетін қарбалас жұмыстар».
* * *
Сапар аясында кеше Сенатта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламенттік топтың 4-ші отырысы болып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сергей Миронов қатысқан шараны Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов жүргізіп отырды. Ресейлік мейман Қазақстан тарапын ЕҚЫҰ-ға төрағалықты және Астана Саммитін жоғары деңгейде өткізгендігімен құттықтады. Бұл дипломатия жетістігінің шыңы дей келіп, С.Миронов осы ретте онда барша Қазақстан халқы мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше жеке үлесі бар екендігін жеткізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.