11 Желтоқсан, 2010

Саясат саңлақтары Астана Саммиті туралы

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бамир ТОПИ, Албания Президенті: – Құрметті Президент мырза, сіздер ұйымдастырып отырған Саммиттің өте ерекше маңызды екендігіне тоқталып, ЕҚЫҰ төрағалығын  Қазақстанның табысты атқарғанын атап өткім келеді. Алдымен Саммит өткізуде консенсусқа жетудің өзі Қазақстан дипломатиясының кемелдігі арқасында жүзеге асты. Мұнда трансатлантикалық кеңіс­тікте қол жеткен сенім мен ЕҚЫҰ жаңғыруының мүмкіндіктері және жаңа басымдықтар мен міндеттердің біздің ортақ қауіпсіздігімізді нығайту мәселесінің көтерілгендігі аса маңызды деп санаймын. Серж САРГСЯН, Армения Президенті: – Бұл – өте маңызды оқиға. Өйткені, бұл–XXI ғасырда посткеңестік кеңістігінде өткізіліп отырған осындай жоғары деңгейдегі алғашқы кездесу. Мен Қазақстанды және Президент Нұр­сұлтан Назарбаевты жеке белсенді төрағалықпен және Сам­миттің өте тамаша ұйымдастырылуымен құттықтағым келеді. Бертоне ТАРЧИЗИО, Қасиетті тақтың Мемлекеттік хатшысы: – Құрметті Президент, Сізге осы Саммитке шақырғаныңыз үшін  үлкен алғысымызды білдіреміз. Алдымен Сізге аса мәрте­белі Бенедикттің  мерейлі Астанадағы  кездесудің тамаша жеміс әкел­сін деген сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіз. Сіздің төр­ағалы­ғыңызбен адамгершіліктің биік мұраттары, толе­рант­тылық пен ықпалдастық қанатын жаяды және нығаяды деп сенеміз. Осылайша ұлы идеалдар әділетсіздікке қарсы тұрады,  арадағы өзара таным ислам мен христиан әлемі арасында ықпалдастыққа алып келеді деп ойлаймыз. Моше ЯАЛОН, Израиль Вице-премьері: – Астанаға бұл алғашқы келуім. Мен осы елдің дамуынан қатты әсер алдым. Қазақстан қазіргі күні Ванкувер мен Владивосток арасындағы кеңістікте қауіпсіздік мәселесінде басты ойыншы  болып отыр деп ойлаймын. Жалпы, Қазақстан ЕҚЫҰ ұстанымына жаңа түсінік енгізді. Ол қауіпсіздіктің еуроатлантикалық және еуразиялық деп кең аумақты қамту үдерісін қалыптастыруға ұмтылыстан айқын көрінеді. Жалпы, Қазақстан жыл бойына үлгі аларлық тиімді жұмыс жүргізді. Бұл барлық күтілген межеден де артық.