11 Желтоқсан, 2010

Ең қайырымды мамандық

786 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Көкейкесті

Еліміздегі медициналық жоғары білім мен ғылымының көшбасшысы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне 80 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда  60 мыңнан астам  дәрігерді, соның ішінде 2,5 мың шетелдік маман  жасақтап, Қазақстанның  денсаулық сақтау ісіне елеулі үлес қосып отырған іргелі  жоғары оқу орнында әлемнің 12 елінің 30 ұлтынан құралған 10 мыңға жуық студент 8 факультетте білім алуда.  Білім ордасында 7 ғылыми-зерттеу институтының клиникалық базасы, 1500-ге жуық профессорлық-оқытушылық құрам  жұмыс істейді.  Оның ішінде 4  ҰҒА академигі, 138 профессор, 172 медицина ғылымдарының док­торы мен 253 доцент,    475 ғылым кандидаты, профессор атағына ие 108 оқытушы заман талабына сай жаңа буын мамандарды оқыту, даярлау және тәрбиелеу ісіне өз еңбектерімен атсалысуда. Міне, осы дүрбелең тойдың қарбалас  шағында университет ректоры, медицина ғылымдары­ның докторы, профессор Айқан АҚАНОВҚА жолығып, әңгімелескен едік. – Айқан Ақанұлы, өткенді еске алмай, бүгінгінің бағасын беру қиын. Ал бүгінгінің бағасы айтылмай, бола­шақ­ты болжауға тағы болмайды. Ендеше, әңгімемізді алдымен өткеннен бастасақ, 80 жасқа толып отырған Қазақстан ме­ди­цинасының қара шаңырағының та­рихын парақтап көрсеңіз... – 1930 жылы 2 желтоқсанда Ресей КФСР-сы Халық кеңестік комис­са­риа­ты­ның қаулысымен Қазақстанда алғаш рет Қазақ мемлекеттік медицина институты ашылып, оның директорлығына Петер­бург әскери-медициналық академиясының түлегі, көрнекті партия және мемлекет қайраткері, дарынды ұйымдастырушы, білікті ғалым-дәрігер, профессор Санжар Асфендияров тағайындалды. Міне, осы уа­қыт аралығында университет айтулы нә­­ти­желерге қол жеткізіп, үлкен асулардан асып келеді. 1936 жылы ең алғашқы 66 түлек бітіріп, оның 12-сі үздік диплом алады. Соғыстың алғашқы күндерінде 84 оқытушы, өз еркімен майданға аттанған 262 студенттің арасында Кеңес Одағы­ның батырлары М.Мәметова мен В.Ива­ни­лов бар еді. Білім ордасынан 80 жылда түлеп ұшқан 60 мыңдай түлектің арасынан қос батыры­мызбен қоса, 6 Социалистік Еңбек Ері, бір КСРО халық дәрігері (Зағипа Мә­диева), 15 ҰҒА академигі, 48 Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген дәрігері, 72 Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, 27 Қа­зақстанның мем­лекеттік, бір КСРО Мем­ле­к­еттік сый­лы­ғының лауреаттары, бір Ха­лық Қаһар­маны, бірнеше депутат шық­ты. Тәуел­сіздік алғаннан кейінгі жылдары Денсау­лық сақтау министрі болған В.Девятко, М.Омарова да түлектеріміз. Бү­гін­де ма­ман­дарымыз 15 шет мемлекетте жұмыс істейді. Денсаулық сақтау сала­сын дамы­туда институтқа КСРО Жоғары Ке­ңесінің мақтау қағазы берілсе, 1981 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапат­талды. 2001 жылы Ұлттық университет мәртебесі берілді. – Медициналық оқу орнының басқа жоо-дан айырмашылығы, мұнда білім мен практика тығыз байланыста қатар жүріп, бірге дамып отырады. Ендеше, жаңа формациядағы дәрігерлер дайын­дауда оқу орны қаншалықты мате­риалдық базамен қамтамасыз етілген? – Өте күрделі сауал. Бұл мәселені біз ғана емес, ТМД елдерінің өздері де шеше алмай келеді. Неге дейсіз ғой? Егер та­рихқа көз жүгіртсеңіз, жалпы біздің меди­ци­наның негізі ХІІ ғасырда Еуропада қа­ла­нып, өзінің қалыптасқан формасы бол­ды. Мысалы, әр оқу орнының өз алдына кли­никасы, ғылыми-зерттеу институты бо­лып, онда студенттерді де оқытады, ғы­лыммен де айналысады, науқастарды да ем­дейді. Яғни, студенттер науқастың төсе­гінің қасында тұрып, теорияны практикамен іс жүзіне асырады. Отан соғысы қар­саңында Орталық партия комитеті қалып­тасып келе жатқан сол оқытудың үш фор­масын бұзған. Ондағысы, немістермен соғысқанда бізге мыңдаған медицина қызметінің офицерлері, әскери медиктер қажет. Уақыт болса тапшы, сондықтан оларды төрт жылда оқытып, тез арада маман етіп дайындау керек деп шешеді. Ол үшін әзірге оның ғылымын алып Ұлттық ғылым академиясына берейік, ертең еліміз жеңгеннен кейін қайтадан білімге қоса­мыз дейді. Сөйтіп, Одақ бойынша 186 медицина институтын ашып, мыңдаған дәрі­гер дайындаған. Бұл шешім соғыс кезінде пайдаға асып, 75 пайыз әскери офицерді сапқа тұрғызған. Бірақ, соғыс біткен соң ғылымды қайта қоспай, бұл мәселе бүгін­ге дейін шешімін таппауда. Ал Батыс Еуропаның медициналық жоо-лар сол үш қағидатты орындап, ілгері дамып, университеттік клиникаларда ең дамыған, ең жаңарған технологияларды қолдануда. Ал біздің базаларымыз әр клиникада ша­шы­рап жүргені. Студенттеріміз клиникалық кафедраларға барғанда қонақ секілді, бө­лімше меңгерушісінің, бас дәрігердің қа­ба­ғына қарайды. Емдеу мекемелеріне көп студент кіргізбейді. Бөлме, аудиторияны жертөледен, болмаса шатырдан береді. Көр­діңіз бе, студенттер амалдың жоқты­ғы­нан осындай жағдайда оқып, білім алуда. Әрине, емдеу орындарының басшы­лары көпшілігінде біздің оқу орнын бітірген түлектер болғандықтан, оларға барып түсіндіріп, намысқа салып, қолдан келгенді жасаймыз. Бірақ, оларды да түсінуге болады. Қазіргі заманда науқастарға орын тапшы, жағдайлары мәз болмай жатқанда, топырлап біздің студенттер келеді. Мәсе­лен, сіз пәтер жалдап тұрсаңыз, қо­жайы­н­ның: «Есікті қатты жаптың, жа­рықты көп жақтың» деп айтатыны сияқты, бізде де сондай әңгіме. Ендеше, өзімізде жеке клиника болмай, оның толық жауапкершілігін, барлық үдерісті қолымызға алмай ешқандай іс бітпейді. Қазіргі негізгі басты проблема осы. Сондықтан да, бұл мәсе­лені қайта-қайта көтеріп, айтып жүр­генім содан. Егер біз әлемдік деңгейдегі басқа медициналық оқу орындарының қа­тарына қосыламыз десек, қаланың сырты­нан бой көтеретін емхана, аурухананы университет клиникасы етіп салу керек. Болмаса №7 аурухана сияқты үлкен емдеу мекемесін бізге берсе, сол жерде жатақ­хана, оқитын ғимаратымыз тұрса, өзіміз емдеп, оқытып, барлық жауапкершілікті өзімізге алған болар едік. Сонда университеттік клиника бәрінен де озық емдеу орны болар еді. Бұл әңгіме әлі шешімін таппай келеді. Мысалы, «Назарбаев уни­вер­ситеті­нің» медицина факультетіне Ас­та­на­дағы үлкен медицина холдингін база етіп беріп отыр. Әрине, мұндай оқу орнында сапа да жоғары болмақ. Міне, осы мәселені съезде көтергелі отырмыз. Жалғыз біз емес, қал­ған медициналық оқу орындары да осы мәселеде қиналып жүр. – Қазақтың тері және венеро­ло­гиялық институтын сіздерге басыбай­лы берді емес пе? – Жоқ, әлі бере қоймады. Бұл мәселені осын­да қызметке келгеннен бері көтеру­демін. Ғимарат өте апатты жағдайда деп түсіндіреді. Егер сол мекеме клиникалық базамыз болғанда, бір жағынан ондағы мамандар студенттерге дәріс бергені әрі науқастарды емдегені үшін жалақыларын алар еді. Біз де өз проблемамызды шешкен болар едік. Әңгіме осында. Ал біз бол­сақ, бүгінде қала бойынша 65 клиникалық базада шашылып жүрміз. Студенттеріміз қаланың бір шеті сонау Қалқаманнан әуе­жай маңындағы №4 ауруханаға мынадай кептелісте қалай жетпек?! Бұл жағдайды Астанада өткен дөңгелек үстелде көтер­дім. Депутат Досқалов қолдап, көмекте­суге уәде бергенмен, мәселе тағы да қар­жыға тіреліп тұр. Меніңше, «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша бізге бір клиника салынса, бұл мәселе шешімін табар еді. Оған 300 төсектік жобаны дайындап та қойдық. Ақсайдан жер де бөлініп берілген, құжаттары да дайын. Бірақ, былтыр да, биыл да жос­парға кірмей қалды. Ендігі бар үмітіміз 2012 жылы шешілер деп отырмыз. – Сіздерде қаланың ортасында біраз оқу ғимараттарыңыз бар емес пе? – Рас, қазіргі таңда қалада 76 мың шар­­шы метрге орналасқан 15 ғимараты­мыз бар. Әрине, ол жеткіліксіз. Өйткені, университет Кеңес Одағы кезінен келе жатқан типтік оқу орны. Соңғы 30 жылда бірде-бір жаңа ғимарат салынбаған. Сол типтік оқу орнында 3-3,5 мың студент оқудың ор­нына, бүгінде 10 мыңға жуық студент екі-үш ауысымда білім алуда. Ол ғи­марат­тардың жанында бір шаршы метр артық жер жоқ. Егер болып жатса, 9-10 қабатты ғимарат салып, кішкене жеңіл­детер едік. Бұл енді стратегиялық жоспар. Ал күнделікті ағымдағы жұмысқа тоқтал­сақ, осында келгелі 2,5 жылда олардың 60 пайызына күрделі, 30 пайызына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл қалғандарын ақырындап қолға алмақпыз. Келесі жылы амандық болса, түгел бітіріп, айнадай етіп қоюға мүмкіндік бар. Бірақ, бұл бәрібір аз. – Медициналық жоо-ларда оқу мерзімі ұзарды емес пе, осы жағын тара­тып айтып көрсеңіз... – Бұрынғы бағдарлама бойынша меди­циналық оқу орнында 6 жыл және бір жыл интернатурада оқып, дәрігерлік дип­лом алса, қазір бес жыл және екі жыл интернатура, одан кейін де екі-үш жыл, яғни 9-10 жыл оқып, жан-жақты игеріп шы­ғады. Мұндай оқу жүйесін енгізіп отыр­ған біздер емес. Мәселен, бірқатар шетелде 6-7 жылдық білімі бар маманды олар білімі жетіспейді деп санайды. Өйткені, ше­тел­діктер оқыған жылға емес, өткен пәнге қарайды. Ал біздің оқу бағдарла­мамыз оған жетпей отыр. Бұл жалғыз Қазақстанда емес, дүние жүзі бойынша осындай үрдіс. Егер біз Еуропаның білім кеңістігіне кіретін болсақ, Болон үдері­сінде бар осы тәртіппен оқуға тура келеді. – Айқан Ақанұлы, сіз басшылық қызметке келгелі де екі жарым жылдай уақыт өтіпті. Әлбетте, жаңа басшы өз жаңалығын ала келетін еді... – Екі жарым жыл көп те, аз да уақыт емес, дегенмен өз тарапымнан бірталай жұмыс атқарғандаймын. Жұмысқа кіріскен күннен бастап «университетте екілік бағаға оқыған студент болмау керек» деген бағыт ұстап, бір жылдың ішінде «екіге» оқыған мыңға жуық студентті оқудан шығардық. Біздің сол қарқынымызды бай­қаған студенттер дереу тартыла бастады. Екін­ші жылы студенттерге: «Үшке оқыған хирургтің пышағына түскіңіз келеді ме?», «Жалғыз балаңызды «үшке» оқыған пе­диатрға апарасыз ба?» деген сауал қой­ғанда: «Жоқ, бермейміз, апармаймыз» деген жауап алдық. Ендеше, «үшке оқыған дәрігер болмауы керек» деген мақсат қойдым. Сөйтіп, «үштік» бағаға оқитын студентті келесі курсқа жібермеу керек деген жүйені қолдандық. Бүгінде студенттің білім деңгейі балдық рейтингпен өлше­неді. Мысалы, сіз 1-курсты бұрынғы жү­йе­мен есептегенде кілең үштік бағаға бі­тір­сеңіз, 2-курсқа өтпейсіз. Бірақ ақша­ңыз­ды төлеп, қайтадан оқи аласыз. Яғни, кілең «үштікке» оқысаңыз, жоғары курсқа көшпей, отыра бересіз. Ал 4-5 курста орта балыңыз 4 болуы шарт. Болмаса, әрі қарай курсқа көшпейсіз. Интернатураға оқуға орта балл 4,3. Бірақ, басқа меди­ци­налық жоо-ға барып, оқи аласыз. Өйт­кені, оларда мұндай талап жоқ. Қазір бұрын­ғыдай емес студенттеріміз тартылды, сабақтан қал­мауға тырысады, 24 сағат мұрындарынан шаншылып оқу үстінде. – Қош, бұл шынында да, бүгінгі студенттің білім деңгейін көтеруде таптырмас жүйе екен. Ал студенттердің оқуына қаншалықты жағдай жасап отырсыздар? – Әрине, қолдан келгенше жағдай­ларын жасауға тырысудамыз. Тек, қолдан келмейтіні – жатақхана мәселесі. Кезінде оқу орнына қарасты 10-12 жатақхананың қазір бесеуі қалған. Ал бес жатақхана 1990 жылдары сатылып, қолды болған. Қазір бар-жоғы 2900 орындық 7 жатақ­хана бар. Оқу орнындағы 10 мың сту­денттің 7 мыңы жатақханаға мұқтаж болса, соның 40 пайызын ғана қамтып отыр­мыз. Қалғандарын ойласақ, жүрек ауыра­ды. Студенттеріміз бір пәтерден бір пәтер­ге көшіп жүргені. Ал жаңа жатақхана са­луға мүмкіншілік жоқ. Білім және ғылым министрлігі күрделі жөндеуге қолдарынан келгенше көмектесті, басқасын өзіміз тауып, 4 жатақхананы күрделі, екеуін ағым­дағы жөндеуден өткіздік. Қалған біреуі келесі жылы жасалмақ. Бұрынғыдай бір бөлмеде 8-10 адам екі сатылы төсекте емес, ең көбі 4-5 студенттен тұрады. Таза, тәртіп бар. Осы екі жылдың ішінде жиыр­ма шақты студенттік ұйым құрылды. Олардың бәрі сайланды. Компьютерлік сыныптар, тест орталығы, университеттік және республикалық ғылыми-медици­налық кітапхана, республикалық оқу-ғы­лы­ми, білім беру-клиникалық, рухани-өне­гелік тәрбие, үздіксіз білім беру орта­лықтары, ғылыми білім беру зертханасы, симуляциялық орталық, сонымен бірге, спортзал, спорт алаңдары, 2 денсаулық орны, республикалық медицина тарихы мен 2 анатомиялық мұражай бар. Универ­ситетте Х.Досмұхамедов атындағы қоғам­дық денсаулық сақтау мектебі, «Дәлел­демелік медицина» орталығы, Б.Атшабар атындағы іргелі және қолданбалы медицина институты ашылды. 4 диссертациялық кеңес қызмет етеді. Ғылыми-тәжірибелік «ҚазҰМУ хабаршысы» журналы және «Ши­па­гер» газеті мерзімді түрде шығары­лып отырады. Сондай-ақ, Б.Момышұлы атын­дағы әскери-патриоттық тәрбие орта­лығы, қос батырымыз М.Мәметова мен В.Иванилов, С.Қарынбаев, Т.Никонова, Р.Сәтбаева, М.Брякин, академик И.Қара­құлов және А.Полосухин сияқты көр­нек­ті ғалымдарға атаулы аудиториялар бар. Бұрынғы ұстаздардың атын ардақтап, «Даңқ» залын ұйымдастырдық. Жақында 28 қаладан 60 жоо-ның студенттерінің басын қосып, өзін-өзі басқару бойынша біздің тәжірибемізді, өз тәжірибелерін ор­таға салған үлкен форум өтті. Универ­ситет аумағына тәртіп енгізіп, күзет қойып, «Нан мен тұз» Өмір аллеясын жасап, ескерткіш орнаттық. Әлі алда ат­қарылатын шаруалар баршылық. Әрине, өмір болған соң ұсақ-түйек кемшіліктеріміз кездеседі. – Дәрігер мамандығына ақылы оқуға әртүрлі көзқарастар барын білесіз. Оған не айтар едіңіз? – Шынында, бұл жайт сырт көзге өрес­кел көрінері рас. Бірақ, ішкі жағдайды байқасаңыз, оны дұрыс деп санайсыз. Мә­се­лен, стоматологтарды алыңыз. Мем­лекет оларды тегін оқытып, қолдарына дәрігерлік диплом береді, ал олар болса кабинеттерін ашып, жеке басына жұмыс жасайды. Бүгінде еліміздегі стоматолог­тардың 10 пайызы ғана мемлекетке жұ­мыс істейді. Фармация да солай. Бірақ, ол мамандықтар да керек. – Оқу орнына биыл қанша грант берілді? – Бір мың грант. – Сонда сіздерде оқитын 10 мыңға жуық студенттің бір мыңына ғана грант берілгені ме? – Жоқ. Бізде 7 мың студент грантпен оқи­ды. Бұрынғы кезде ондай шектеулік бол­май, грант көп бөлінген. Ақылы бө­лімге жылына 20-25 пайыздан артық қа­былдамаймыз, тіпті емдеу факультетіне 5-6 пайыз студент аламыз. Неге десеңіз, оқуға түсе алмай қалған, бірақ балы жо­ғары балалар «грантқа оқи алмаған­дардың орнына ауысамыз» деген оймен келеді. Айтқандай-ақ солай болады. Былтыр 300 баланы ақылы бөлімнен грантқа ауыстыр­дық. Әсіресе, ауылдан келген балы жо­ғары талапкерлер оқуға түскенмен, 1- курс­та-ақ оқи алмай шығып кетеді. Мен мұны дұрыс деп есептеймін. – Шетелде дәрігерлік мамандыққа оқуға көзқарас басқаша, әрі оқуға түсу қиямет-қайым. Неге бізде болашақ медиктерді қабілетіне, мамандыққа икемдігіне қарай кішкене кезінен музыкаға, көркем суретке оқытқандай жүйе енгізбеске? Сонда өзіңіз айтқандай, оқи алмай шығып кеткен 300 бала сияқты дәрігерлік мамандыққа кездейсоқ келетіндер болмас еді. – Айтқаныңыз дұрыс. Мұны шетелде кәсіби таңдау дейді. Бұл өз алдына мә­селе. Бізде қазір қалай, Қызылордада оты­рып, құжаттарын Астанаға жібереді де, 1 қыркүйекте аспаннан жауған қар секілді естімеген, көрмеген балалар «біз сіздердің университетке оқуға түстік» деп келеді. Мысалы, Сингапурдың тәжіри­бесінде уни­­­верситетке түсуі үшін 5-6 ай мерзім керек. Бірінші рет құжаттарын тапсырып, одан бір таңдалады, екіншіден, талапкер әңгі­ме­лесуден өтеді, үшіншіден, тест тап­сы­рады, төртіншіден, ойлау қабілет-қары­мын білу мақсатында белгілі бір тақы­рыпқа әңгіме жаздырып барып, конкурсқа түсіреді. Онда бір орынға 20-30 адамнан келеді. Сөйтіп, оқуға іріктеп, мықтыларын таңдап, біз сияқты мыңдап емес, 150-200 студент қабылдайды. Биыл мыңнан аса студентті қабылдай алмаймын деп, квота алдым. Соған өзіміз уһ деп демалып қалдық. Неге десеңіз, былтыр грантпен бірінші курсқа 2300 бала оқуға түсті. Көрдіңіз бе?! – Елімізде бүгінгі күнге ең қат мамандар дәрігерлер емес пе? Оны неге көпсініп отырсыз? – Маман жетпесе, оның шешімі бас­қашалау шығар. Жарайды, біз сонша ба­ланы оқытайық, бірақ біздің базамызды үлкейтіп, оқуға мүмкіндік туғызсын. Бір студенттің үстіне бірі отыр, одан қандай сапа болсын. Мысалы, жыл сайын Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкенттегі медици­налық жоо 300-400, көп болса 500, Ас­танаға былтыр 600-700 грант бөлінді. Со­дан қалғанының бәрін Алматыға әкеліп топырлатты. 5 мың гранттың 40 пайызы бір университетке келді де, қалғандары жағ­дайына қарап, бөліп алды. Олардың жатақханалары да біздікіндей емес, бар­шылық. Біз биыл осындай шектеу қо­йып едік, Астанаға 1000, Қарағандыға 1000 бала түсіп еді, енді олар қиналып отыр. Егер оларға үш жыл қатарынан осыншама грант бөлінсе, жағдайы қиындайды. Бұл жалпы проблема. – Жыл сайын 5 мың грант бөлінеді екен, неге елімізде дәрігерлер жетпей жатыр деп ойлайсыз? – Оның екі факторы бар. Жоғарыда айт­қандай, егер оқу орнын мың адам тә­мам­даса, олардың 300-500-дейі ақылы бө­лім­ді бітірген соң мемлекеттік жүйеге бар­ғылары келмейді. Оның сыртында «ана­ның ағасы», «мынаның көкесі» бар. Ал қалғаны ауылға барғанмен тұратын баспанасы жоқ, жалақысы мәз емес, содан кетіп тынады. Енді ғана әкімдердің беті бері қарап, оларға тұрғын үй беріп жатыр ғой. – Грантпен оқыған студентті ауылға баруға міндеттеуге болады ғой. – Біріншіден, ондай заң жоқ, бұрынғы Кеңес Одағы кезінде болды. Біз оқы­тамыз, ауылға барыңдар деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгеміз. Қазір 8 облыста клиникалық базамызды аштық, сол жерге практика кезінде жібереміз. Кейбіріне сол облыс ұнап қалса, қыздар тұрмыс құрады. Қалғандары жағдай жоқ деп, қайтып келіп жатады. Сондықтан жас маманға көтерме ақша төлеп, баспана беріп, жалақысын көтерсе неге бармасқа. Егер 1-1,5 ставкаға алған 30-40 мың теңгесі ішім-жемінен артылмаса, жас маман ол жерде қайтіп тұрақтайды. Бұл жүйелі түрде шешілетін күрделі мәселе. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.