(Ислам Конференциясы Ұйымы және Қазақстан)
Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалығы және ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізудегі таңғажайып жетістіктері арқылы әлем мойындаған бір нәтиже еліміздің ұлтаралық қатынастар саласындағы мол тәжірибесін дүние жүзінде барынша қолдануға болатындығының және қолдану қажеттігінің әлеуметтік, экономикалық және рухани пайдалылығы болса керек. Мемлекетіміздің ЕҚЫҰ сынды айрықша беделді ұйымға төраға болып сайлануының әуелгі себептерінің бірі де осы деп ойлаймыз. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстан 2011 жылы ИКҰ-ға басшылық жасайтын болады. ИКҰ: кеше және бүгін Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттері бастамасымен құрылған. Ашылған жылдары «Ислам конференциясы форумы», «Бүкіләлемдік Ислам конференциясы» секілді аттармен де белгілі болды. Бүгінгі таңда бұл ұйымға Африка, Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Орталық Азия елдерімен қатар, Латын Америкасындағы бірқатар елдер де мүше. Осылайша олардың саны 57-ге жетіп отыр. Дүние жүзіндегі 1,5 миллиард адам ИКҰ-мен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Ресей, Босния мен Герцеговина және Таиланд ұйымға бақылаушы мемлекеттер санатында. Ұйымға мүше елдер жер шарының бестен бір бөлігін алып жатыр. Бұл мемлекеттердің ішкі өнімі 2009 жылдың өзінде 7,5 триллион АҚШ долларын құраған. Олардың табиғи ресурстары да өте бай. Тау-кен байлығын өндіруде де ұйымға мүше елдер дүние жүзінде үлкен беделге ие. ИКҰ бүгінгі күні халықаралық аренада белсенді рөл атқарып, дүниежүзілік геосаяси жағдайға оң әсерін тигізуде. Ол діни емес, үкіметаралық ұйым. Мақсатына келер болсақ, ИКҰ-ның саяси саладағы жұмысында негізгі мәселе Палестина мен Израиль арасындағы текетірес пен палестиналықтардың жағдайы. Барлық мұсылман елдері 1969 жылдан бері өтіп келе жатқан мәжілістерінде Израильдің Палестина мен Ливанның басып алған жерлерін және Сирияның Голан қырқаларын азат етуін талап етіп келеді. Ұйым жерге және этносаралық мәселелерге байланысты туындап отыратын шиеленісті жағдайларды да қарастырады. Сонымен бірге халықаралық лаңкестік, өңіраралық немесе жергілікті жанжал, қақтығыстарды, БАҚ жұмыстарын қарастырып отырады. Соңғы кездері Еуропа елдерінде етек жайған исламофобия мен этнофобия мәселелеріне назар аударып, олармен қалай жұмыс істеу керектігін талқылайды және әрекет етеді. Мәселен, Франциядағы хижаб, Швейцариядағы мұнаралар құрылысы және Дания газеттеріндегі хазрет Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы келемеж суреттерге байланысты тиісті қарарлар немесе үндеулер қабылданды. Еуропалық парламент мүшелерімен тұрақты кездесулер өткізіліп, осы сұрақтар бойынша пікір алмасады. Хатшылықта исламофобия және адам құқығымен арнайы айналысатын комитеттер жұмыс істейді. Әлеуметтік-экономикалық салада барлық жұмыстар 2005 жылы желтоқсанда өткен III саммитте қабылданған ИКҰ-ның 2006-2016 жылдарға арналған жоспары аясында жүреді. Соның шеңберінде ИКҰ-ға мүше елдердің ынтымақтастығы дамуда. БҰҰ-ның мәліметі бойынша дүние жүзіндегі 50 артта қалған елдің 22-сі осы ИКҰ-ға кіреді. Сондықтан Сауд Арабиясы, Малайзия, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері секілді мемлекеттер нашар дамыған бауырлас елдердің экономикасын көтеруге қол ұшын беруде. Әсіресе, сауатсыздықты жою мен кедейшілікті азайтуға үлкен мән берілуде. ИКҰ-ның орталығы – Сауд Арабиясының Жидда қаласы. Оны Бас хатшы басқарады. Ол ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің конференциясында 5 жылдық мерзімге сайланады. Ұйымның қазіргі Бас хатшысы Екмеледдин Ихсаноғлы 2005 жылдың бірінші қаңтарында сайланған. Ұйымның 2008 жылы өткен XI саммитінде Е.Ихсаноғлының осы лауазымды мандаты тағы бір кезеңге ұзартылды. Бас хатшы 2007 жылы Қазақстанға келіп, Елбасы Н.Назарбаевпен кездесіп, «Орталық Азиядағы Ислам өркениеті» тақырыбында өткен халықаралық конференцияға қатысты. Ұйым ислам елдерінің өзара саяси-экономикалық, мәдени-рухани және білім саласында әріптестік қарым-қатынас орнату үшін де құрылған. ИКҰ төмендегідей құрылымдық бөлімдерден тұрады: 1. Ислам саммиті; 2. Сыртқы істер министрлері кеңесі; 3. Тұрақты комитеттер; 4. Атқарушы комитеттер; 5. Халықаралық ислам соты; 6. Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссия; 7. Тұрақты өкілдер комитеті; 8. Бас хатшылық; 9. Субсидиарлық (қаржылай көмек көрсетуші) органдар; 10. Арнайы мамандандырылған институттар; 11. Аффилиирлік (біріккен) институттар. Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына мүшелікке 1995 жылы қабылданды. Еліміз жаһанның 2 миллиард мұсылмандары ішінен бірінші болып ЕҚЫҰ-ға, түркі жұртынан да әуелгі болып ИКҰ-ға төраға болды. Бұл үлкен жетістік. Қалай мақтансақ та орынды мақтаныш, үлкен абырой, зор бедел. Бұл әлем және халқымыз тарихында да алтын әріптермен жазылатын, ешқашан өшпейтін, ұмытылмайтын оқиға. Жақсының шарапаты дегендей, бұл сөз жоқ Елбасының ерен еңбегінің, дүние жүзі мемлекеттері алдындағы абыройының арқасында болған, қазақ қазақ болғалы мерейін асқақтатқан, тасытқан үлкен оқиға екені даусыз. Әлем жұрты мұны шынында да осылай деп бағалап отыр. Ислам әлемімен белсенді ықпалдастық – Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінге дейін Теһранда (1997 ж. желтоқсанда), Дохада (Катар 2000 ж. қарашада), Путраджайяда (Малайзия 2003 ж. қазанда), т.б. мемлекеттерде ИКҰ-ның бірқатар саммиттері мен ірі жиналыстары өтті. Қазақстан делегациялары олардың барлығына қатысты. Қазақстан – Батыс пен Шығыстың ынтымақ көпірі Еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін ИКҰ-ға мүше елдер ризашылықпен қабылдады. Өйткені Қазақстанның халқы негізінен мұсылман екенін бүгінде көп жұрт біледі. Әрі бұл ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасында тығыз байланыс орнатудың мүмкіндігі. Сондай-ақ Қазақстан осы абыройлы орынға ие болуы, бір жағынан, әлем мемлекеттері алдында беделін арттырса, екінші жағынан, Батыс дүниесі мен Ислам әлемін байланыстыратын, ымыраластыратын алтын көпірге айналмақ. Бұл, әрине, оңай келе салған мәртебе емес. Бұл халқын, Отанын, мемлекетін Мұса пайғамбар (ғ.с.) сияқты жарқын болашаққа бастап бара жатқан Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Еліміздің жарқын келешегі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Президентіміздің бұған сіңірген еңбегі орасан. Қазақстанның ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ға төрағалығы арқылы татулық пен өзара ниеттестікті бүкіл жер бетінде орнатуға мүмкіндік туып отыр. ЕҚЫҰ-ның құрылуының негізгі мақсатының өзі де осы болса керек. Сондықтан Қазақстанның осы беделді ұйымдарға төрағалық етуі мемлекетімізге ғана емес, жалпы жаһанға да игі әсерін тигізері хақ. Бірақ Қазақстан үшін аталған ұйым және мұсылман елдерімен арадағы қарым-қатынастың қай деңгейде болу қажеттігін анықтап алу – маңызды іс. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына және Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететін жылдары Қазақстан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы байланысты тереңдетуге атсалысады. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөздеріне назар салайық: «2010 жылы біздің ел Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді. Ал 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымы министрлерінің конференциясына төрағалық жасайтын боламыз. Қазақстан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы сындарлы іс-әрекет тақырыбын жылжытуға әрі осы және басқа да халықаралық ұйымдар аясында нақты шешімдер қабылдауға қол жеткізуге ықыласты». Демек, Қазақстан көптеген ірі мемлекеттер бас қосатын ұйымға төрағалық еткенде, алдымен бабаларымыздан келе жатқан ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға және екінші жағынан, дүние жүзінде озық рухани және материалдық мәдениет пен өркениетті үйренуімізге мүмкіндік бермек. Ал өркениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды дамытудың елімізге берері мол. Бұл жерде басын ашып кететін мәселе – жаңа мәдениет деп кейбір елдерден біздің руханиятымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тозығы жетіп қаңсыған дәстүрлерді қабылдап алудан сақтанғанымыз дұрыс. Одан да жаңа заман технологиясы мен рухани мәдениетті ұштастыра дамытудың жолдарын қарастырғанымыз жөн. Өйткені, тек материалдық және экономикалық жетістіктер елді ұшпаққа шығармайтынын бүгін дүние жүзінен көріп отырмыз. Елбасымыз Н.Назарбаев «Еуропаға жол» бағдарламасын құрумен бірге мұсылман мемлекеттерінің басын қосатын ұйымға төраға болуды ұсынғанда, осы мәселе ойда болған деп ойлаймын. Бұл жайлы Мемлекет басшысы: «ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаудың қарсаңында біз «Еуропаға жол» атты арнайы бағдарлама қабылдадық. Онда ЕҚЫҰ-дағы әріптестеріміздің демократиялық даму тәжірибесін, аталмыш ұйымның базалық талаптарын ескере отырып, еуропалық елдердің экономикалық, саяси және мәдени қатынастарындағы кең ауқымды іс-әрекет бағытындағы нақты міндеттер анықталған. Сонымен бір мезгілде, мұсылман халқының саны басым Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде ислам әлеміндегі мемлекеттер трансформациясының негізгі жолдарын анықтаушы Ислам Конференциясы Ұйымы бағдарламасының 10 жылдығын жақтайды. Жаһандық өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы үнқатысуды жөнге келтіру мәселелері бойынша біздің белсенді ұстанымымыз ең алдымен көп ұлтты, көп мәдениетті Қазақстанның ішкі қажеттіліктеріне негізделген», – деді. Демек, Еуропадан да, Ислам әлемінен де Қазақстанның алары бар. Жаңа инновациялық технологияларды еуропалық мемлекеттермен тізе қоса отырып дамытсақ, елдің рухани байлығын Ислам елдерімен біріге отырып өрістетуге жағдай туары сөзсіз. Олай болса, мәселенің тереңіне үңілсек, бұл екі бірдей беделді ұйымға төрағалық етудің Қазақстанға келтірер пайдасы мол. Иә, Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелдік ірі мемлекеттер мен беделді ұйымдардың қолдауына мұқтаж болды. Ал бүгінде республикамыздың тәжірибесіне Батыс пен Шығыс қызыға қарайды. Ол қазір әлемдік аренада төрт аяғын тең басқан салмақты мемлекетке айналды. Құдайға шүкір, енді өзге мемлекеттерге қол ұшын беруге жарайтын жағдайға жеттік. Бірнеше жыл бұрын жұртымыз Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға атсалысып, бүгін алыс та жақын елдер мүше болуға ынтыға ниет білдіріп отырған осы беделді ұйымның тізгінін ұстап келеді. Сөйтіп, небары 15-20 жылдың ішінде Қазақстан әлем жұртшылығының көз алдында өсіп, өркендеп сала берді. Республикамыздағы саяси тыныштықтың арқасында небір алпауыт мемлекеттер елімізге сенім артып, инвестиция құйды. Экономикамыз өсу үстінде. Білім беру, мәдениет салалары да гүлденуде. Бұған таңданып таңдай қақпайтын ел жоқ қазір. Көршілес мемлекеттерде небір зұлмат оқиғалар орын алып жатқанда, Қазақстандағы тыныш өмірдің салтанат құруы жұртымызға мақтаныш, өзге елдерге үлгі-өнеге деп білеміз. Демек, Қазақстан ИКҰ-ға төрағалық ету арқылы ұйымға мүше мемлекеттерге әлемдік дамудың бірқатар жолдарын ұсынып, ғаламда тыныш өмір қалыптастырудың үлгісін көрсете алады. Ғаламдық қауiпсiздiктi нығайту мәселесiнде халықаралық ынтымақтастыққа жетер нәрсе жоқ. Ал Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттерді, олар арқылы бүкіл әлемді саяси тұрақтылық пен тыныштықты орнатуға, оның қадірін білуге шақыратын болады. Бұл мәселеде мемлекетіміздің жетістіктері баршылық. Ислам Конференциясы Ұйымын басқарғанда Қазақстан Батыс пен Ислам әлемі арасындағы үнқатысуды нығайтуға атсалыспақ ниетте екендігі де сөзсіз. Бүгінге дейін де ол сан алуан діндерді ұстанатын халықтар арасындағы үнқатысуды нығайтуға маңызды үлес қосуда. Ал Астанамыз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жеке беделі мен абыройының арқасында осындай үнқатысу пен өзара ынтымақтастық орнатудың ордасына айналды. Ендігі жерде Қазақстан дінаралық келісім жөніндегі тәжірибесіне сүйене отырып, көптеген әлемдік түйткілдерді шешуге ықпал ететін болады. Ұлтаралық ынтымақтастықты нығайта білген еліміз енді Батыс пен Шығысқа өнеге болады. Этносаралық татулықты сақтаудағы Н.Ә.Назарбаев саясаты өркениеттердің жақындасуына да септігін тигізері анық. Демек, Қазақстан Батыс пен Шығысты жалғастырып жататын ынтымақ-бірлік көпіріне айналмақ. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2003, 2006, 2009 жылдары қатарынан үш бірдей құрылтайын өткізді. Ол бүгінде жаһандық үнқатысуға жол ашатын ірі басқосуға айналды. Оның мақсаты да жер бетін мекендеген түрлі халықтардың бейбіт үнқатысуын орнықтыру. Мұны әлемдік кең ауқымдағы аса ірі оқиға деп бағалауымыз керек. Оның бейбітсүйгіштік бағыты мен татуластырғыш әлеуетіне әлем жұртшылығы ризашылықпен үлкен мән беріп отыр. Ислам әлемімен қарым-қатынас көкжиегі Бұл үлкен де келелі мәселе. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бұл бағытта салиқалы саясат жүргізіп келеді. Дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттермен таразы басын тең ұстау үшін осылай жасау керек те. Бірақ Қазақстан сан ғасырдан ислам дінін ұстанатын мемлекет болғандықтан, тарихи, рухани тамырларымыздан қол үзіп қалмау үшін, мұсылман елдерімен қарым-қатынасымызды өрістете берудің маңызы зор. Өйткені, рухымызды өр етіп, мәдениетімізді зор етудің түп тамыры осы ата дінімізде жатқандығы анық. Тағы бір мәселе, қарқынды бәсеке дәуірінде мұсылман елдері де әлем деген үлкен сарайдағы өз кетігін табуға барынша әрекет жасауда. Ал Қазақстан бүгіндері әлемдегі ең мол инвестиция құйылып жатқан мемлекет. Ел экономикасын дамыта беру үшін ірі инвесторларды көптеп тарту керектігі сөзсіз. Олай болса, ИКҰ арқылы да Қазақстанға көп инвестиция келмек. Қазақстанның мұсылман елдерімен ақша айналымы шамамен 8 млрд. долларды құрайды, оның 3 миллиарды – Орталық Азия елдерімен. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Біз қазір мұсылман елдеріне 2 млн. тонна ұн тасымалдаймыз, Сауд Арабиясы, Мысыр мен Тунис республикамыздан бидай алады. Мамандардың пікірінше, мұнай саласында да елеулі ауыс-түйістер бар. Қысқасы, ИКҰ-ның Қазақстан экономикасының артуына септігі мол. Бұл тұрғыдан алсақ та, мұсылман елдердің мәдениетін, тілін, экономикасын зерттеу артықтық етпейді. Қазақстан – зайырлы ел. Алайда тұрғындарының 75 пайызы мұсылман мемлекет. Сол себепті ата дініміз – Исламның қыр-сырын танып-білуде, оның құндылықтарын елімізге сіңдіруде де бұл ұйымның берері көп. ИКҰ бүгінге дейін жаһанда болып жатқан көптеген геосаяси үдерістерге байланысты сандаған іс-шаралардың атқарылуына мұрындық болып келді. Солардың маңызды деген бірнешеуіне тоқтала кетейік. 1. ИКҰ саммиттерінің бірінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, оның Қауіпсіздік Кеңесі құрамын кеңейту жайлы мәселе көтерілді. БҰҰ-ның халықаралық құқықтар мен ұстанымдарға қайшы келетін ұсыныстары мұсылман елдерінде қабыл етілмейтіні айтылды. Бұл мәселе жайлы қабылданған қаулылардың бірінде: «БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі барлық істерін толық ашық түрде жүргізуі және өзінің әрбір заңсыз шешімдері мен мұсылман қауымдастығына қатысты мәселелерді шешудегі бірнеше рет қайталанған сәтсіздіктері үшін жауапты болуы тиіс», – делінді. Әрбір қаулы қабылдағанда ИКҰ-ның өзінен кейінгі ең ірі ұйым екендігін және оның құрамында жер шары тұрғындарының бестен бірі шоғырланғанын ескеруі керектігі де осы қаулыда атап көрсетілді. 2. ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы, олардың іс-әрекеттерін және халықаралық форумдар мен мұсылман емес елдер арасында бірдей позиция ұстанулары жайлы кеңестерді үйлестіру туралы да қаулы қабылданды. Оны жүзеге асыру формулалары мен тетіктері жасалды. 3. ИКҰ тұрақты комитетінің ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық және сауда-саттық қызметтестігі жайлы шешімін жүзеге асыру бағытында көптеген іс-шаралар өткізді. Мысалы, 2008 жылы 29 маусым және 2 шілде аралығында Сирия Араб Республикасында ИКҰ туризм министрлерінің VI кеңесі өтті. Ал Түркия Стандарттау институты 2009 жылы 28-30 сәуірде Анкара қаласында ИКҰ-ның Стандарттау жайлы cарапшылар тобының ислами азық-түлік стандарттарын («халал») даярлау жөніндегі 1-ші кеңесін бастап берді. Ал екінші кеңес 2009 жылы 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Ыстамбұл қаласында өтті. Египет Араб Республикасы 2009 жылы 11-16 қазанда Ислам елдерінің XII Сауда жәрмеңкесін өткізуге мұрындық болды. 2009 жылы 5-9 қарашада Ыстамбұл қаласында XXV Экономикалық cаммит өтті. 4. ИКҰ осы ұйымға мүше жұрттарға және өзге де мемлекеттер мен мұсылман қауымдастықтарына экономикалық көмек беру мәселесін де көтеріп, жүзеге асырды. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері ұйымға мүше бірқатар мемлекеттерге 135,52 млн. АҚШ доллары көлемінде жәрдем ұсынды. Ал Египет Араб Республикасы араб және Африка мемлекеттеріне дәрі-дәрмек, азық-түлік, медициналық техникалар түрінде жалпы сомасы 15,2 млн. Египет фунты көлемінде көмек қолын созды. Түркия да мұқтаж мемлекеттерге шамамен 650 млн. АҚШ доллары көлемінде жәрдем көрсетті. Сондай-ақ Әзірбайжан Республикасына, Джамму және Кашмир қалаларына ИКҰ тарапынан елеулі көмек көрсетілгенін де атап кетуге болады. 5. ИКҰ-ның ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі министрлері ұйымға мүше мемлекеттер мен тиісті институттарды «ИКҰ-ның Һижри 1441 жылға дейінгі болашағы» мен ИКҰ-ның он жылдық бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді атқару үшін COMSTECH-пен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және өндірістік мекемелер мен жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қатынасты нығайту және сауда-технологиялық жәрмеңкелерін ұйымдастыру жолымен тұтынушыларға технологиялық жаңалықтарды жариялау мақсатында ИКҰ-ға мүше мемлекеттерге технологиялық парктер құруды ұсынды. Автомобиль, ұшақтар бойынша мега-жобалар үшін холдингтік компанияларды тіркеуге және ұйымға мүше мемлекеттерді ол компанияларға қатысуға шақырды. 6. ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары оқу орындарының қатысуымен ғылыми пікірсайыстар ұйымдастыруға, білім және ғылым министрлерінің кеңесін өткізуге де мұрындық болып келеді. 7. Қоршаған ортаны қорғау бағытында да ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қатысуымен Марокко, Тунис мемлекеттерінде бірқатар шаруалар атқарылды. Қазақстанның ИКҰ-ға мүше мемлекеттермен осы және өзге де салалар бойынша тығыз ынтықтастықпен жұмыс жүргізуге мүмкіндігі бар. Қазақстан Ұйымға мүше бола жүріп әлемдегі көптеген түйткілді мәселелерді шешуге белсенді атсалысты. Мәселен, Ауғанстан, Чешенстан секілді мемлекеттердегі ушыққан оқиғаларды саябырлатуға Қазақстан көп күш жұмсады. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның бұл ұйымға мүше болуын толық қолдайтынын әлденеше рет мәлімдеді. 2003 жылы Малайзияда өткен Саммитте оның ИКҰ-ға мүше елдерге жолдауы оқылды. Онда Қазақстан басшысы осы ұйым алдына көптеген міндеттерді атқаруды ұсынған болатын. Әсіресе, рухани, мәдени құндылықтарды дамытып, ислам дәстүрлерін қолдауда осы ұйымның рөлі ерекше. Сондай-ақ Елбасы ұйымға мүше мемлекеттердің назарын ислами оқу-ағарту саласына, теңдік, әділдік, сабыр сияқты ислами жоғары құндылықтарды дұрыс түсіндіру керектігіне аударды. Келер жылы осы беделді ұйымға Қазақстан төрағалық ету арқылы осындай ойлар мен ұсыныстардың жүзеге асуына мүмкіндік алмақ. ИКҰ-ның еліміз өміріндегі орны мен рөлі 1995 жылдан бері ҚР СІМ ИКҰ шеңберінде қарастырылатын халықаралық мәселелерге араласып, еліміздің мүддесіне сай ұстаным мен бастамаларымызды ілгерілетуде белгілі бір жұмыс атқаруда. Атап айтар болсақ, ИКҰ-ның соңғы саммиттері мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарында қабылданған қарарларда Азия Кеңесі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі секілді Елбасының бастамалары, сонымен бірге, мұсылман әлемі мен Батыс, 2010 жылды «Мәдениеттердің жақындасу жылы», 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялау туралы ұсыныстар Ұйымға мүше елдер тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар, Арал жағдайы мен Семей ядролық полигоны мәселесі ИКҰ саммиттері мен сыртқы істер министрлері кеңестерінде қабылданған қарарлардан орын алып отыр. Елімізде іске асырылып отырған әлеуметтік-экономикалық жобаларға ИКҰ-ның арнайы органдары мен институттарының қаржылық мүмкіншіліктерін тартып, оларды еліміз мүддесіне пайдалану жұмыстары атқарылуда. Осының шеңберінде, ғарышты игеру саласында Қазақстанның ИКҰ елдерімен ынтымақтастығы даму үстінде. Мысалы, 2009 жылы желтоқсанда Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев бастаған делегация Сауд Арабиясында болды. Сапар барысында екі елдің өкілдері жер серігі технологияларын жасау жөніндегі мега жобасына қатысу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Елімізде стратегиялық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік көлік дәлізін салуға ИКҰ-ның арнайы органы болып табылатын Ислам даму банкінің (ИДБ) қаржылық мүмкіншіліктері мен сарапшыларының әлеуеті кеңінен пайдаланылуда. Айта кетерлік жәйт, бүгінгі күнге дейін ИДБ елімізге жалпы сомасы шамамен 497 млн. АҚШ долларын құрайтын қаражат бөліп отыр. Ол Қазақстан аумағында көптеген жобаларды іске асыруға көмек болуда, Мысалы Сызғанов атындағы институтқа 10 млн., Гүлшат-Қарағанды тас жолына 10 млн., Осакаровка-Вишневка автомобиль жолына 20 млн., кіші және орта бизнесті қолдауға 15 млн. доллар қаржы жұмсалды. Қазіргі кезеңде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осы төрағалық жұмысты абыроймен атқару керек деген тапсырмасына сәйкес Сыртқы істер министрлігі тиісті жұмыстар атқаруда. Алдымен төрағалық бір жыл ішіндегі ғана емес, сонымен қатар 2010-2012 жылдар арасында өтетін барлық іс-шаралар жоспарын министрліктер мен мекемелермен бірлесе түзуі Үкімет өкімімен бекітілмек. Мысалы, Қазақстан 2011 жылы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының VII отырысын өткізуді көздеп отыр. Өткізу деңгейі бойынша швейцариялық Давоста өтетін әлемдік саммитке теңдес бұл кездесу еліміздің Азия құрлығындағы елеулі экономикалық орталықтарымен тікелей қарым-қатынастар орнатуға, Қазақстанның экономикалық әлеуетін барынша дамытуға және сауда саласындағы ынтымақтастықты жаңа сатыға көтеруге мүмкіншілік тудыратыны анық. Бағдарламаға сәйкес 2011 жылы қыркүйекте өтілуі жоспарланған ИКҰ денсаулық сақтау министрлерінің III конференциясы, Су мәселесі жайлы конференциясы және Азия-Тынық мұхит шеңберіндегі қоршаған ортаны қорғау министрлерінің VI отырысында «Ислам мемлекеттеріндегі жасыл технологияның дамуы» атты конференциясын атап өтуге болады. Бұлардан басқа да түрлі конференциялар мен семинарлар өткізу жоспарланған. Ислам Конференциясы Ұйымына Орталық Азияның бірқатар мемлекеттері мүше. Олардың халқы ежелден мұсылмандықты ұстанып, оның асыл құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Демек, бұл кең байтақ даланы алып жатқан Орталық Азия мемлекеттерінің Ислам әлеміне ұсынатын және бөлісетін ортақ игіліктері де мол. Ислам мәдениетінің даму тарихында олардың рөлі үлкен болғандығы анық. Мұсылман әлемі ерекше қастерлейтін Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, әл-Хорезми, аз-Замахшари, Хафиз ад-дин әл-Кердери, әл-Бухари, әт-Тирмизи, М.Х. Дулати, Қ. Жалайыри сияқты атақты ғұламалардың көпшілігі Орталық Азия мен Қазақстан топырағынан шыққаны белгілі. Ендігі міндет сол ғұламалар шыққан елдер перзенттерінің бойына патриоттық сезімді сіңіріп өсіру. 2010 жылы Ұйымға Тәжікстанның төрағалық жасауынан осы бағытта көп істер күткеніміз рас. Сондықтан бұл ел басшылығы кезінде көтерген өзекті мәселелер жайлы да аз-кем тоқтала кетелік. Соңғы жылдары БҰҰ немесе өзге де осы секілді биік халықаралық мінберлерден ИКҰ батыстық кейбір желөкпелердің Исламға жауып жатқан жалаларына тойтарыс берерлік күшті уәж айтпады деген сөздерді естіп қаламыз. Керісінше, бұл ретте Исламның лаңкестік пен лаңкестерге зәредей де қатысы жоқтығын айтып, үзбей ата дінімізді қорғап келе жатқан Н.Ә. Назарбаев екенін халық біліп, бағалап отыр. Қазақстан ИКҰ-ға төраға болатын 2011 жылы түрлі мәжілісте бүгінгі әлемдегі Ислам мемлекеттерінің рөлі, ИКҰ-ға мүше елдердің экономикалық тұрғыдан бірігуі, лаңкестік, экстремизм, есірткі саудасы, т.б. қасіретті мәселелерге қарсы күш біріктірудің маңызды екені үнемі есте болуы керек. Бұл жәйттер бір жылда шешіле қоятын да оңай түйіндер емес.Тілегіміз осы мәселелер де Ұйым мәжілісінің күн тәртібінен түспесе. Душанбе мәжілісінде Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев та бірқатар ойларын ортаға салды. Оның пікірінше, соңғы он жыл Ислам әлемі үшін сындарға толы өте ауыр болды. Ислам жаһанда болып жатқан небір үлкен ғаламдық мәселелерді ақтауға тырысқан жат ағымдардың нысанына айналды. «Осының нәтижелерін қазір ашық көріп отырмыз. Ирак, Ауғанстан, Судандағы қанды қақтығыстар, мемлекеттердің ішкі келіспеушіліктері, Исламға қарсы ой-пікірлердің өсуі және Батыстағы мұсылмандардың құқықтарына нұқсан келтірушілік, т.б. мұның айқын дәлелдері», – деді министріміз. Ал осылардың барлығына тойтарыс берудің бірден-бір жолы ынтымақтастық, өзара түсінушілік пен ниеттестік қағидаларына негізделген жаңа қауіпсіздік парадигмаларын құру екені сөзсіз. Жалпы ізгі ниетпен құрылған бұл Ұйымның ислам мемлекеттерінің басын қосып, бір мақсатқа жұмылдыра алуының өзі үлкен жетістік. Ал Қазақстанның оған төрағалық етуі, біріншіден, мұсылман әлемінің біздің елімізге деген сыйластығы мен құрметін, оның жетістері мен табыстарын мойындайтындығын танытса, екіншіден, Қазақстанның да ислам елдерімен өсе түскен байланыстары мен қарым-қатынасын көрсетеді. Алла тағала игі бастамамызды қайырлы еткей! Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Саясат • Бүгін, 11:50
Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26