14 Желтоқсан, 2010

Саясат саңлақтары Астана Саммиті туралы

407 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Хиллари КЛИНТОН, АҚШ Мемлекеттік хатшысы: – Тұңғыш рет ЕҚЫҰ Сам­митінің Орталық Азиядағы елде өтіп отырғандығы Ұйымның және Хельсинки қағидат­тары­ның бір ғана топта немесе жекелеген елдерде ғана емес, бүкіл әлемде дерлік қолданылатындығын көрсетеді. Мен сіздердің тамаша астаналарыңызда мей­ман­достықпен қарсы алғандарыңызға және жиын­ды ұйымдастырғандарыңызға алғыс айтқым келеді. Бұл саммит үлкен маңызға ие. Ол 11 жылғы үзілістен кейін өтіп отыр. Ұйым аймағына кіретін әрбір елде орын алған тұрақсыздық ЕҚЫҰ-ға мүшелердің барлығына да әсерін тигізеді. Мен Қазақстанның Қырғызстандағы жағдайларға қа­тыс­ты тиімді қимылдарына ризашылығымды білдіремін. Ал біздің Астанадағы негізгі мақса­ты­мыз – Хельсинки рухына қолдау көрсетіп, оның жаңа ғасырдағы тынысын ашу. Қазақстан тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде толайым табыстарға, оның ішінде эконо­ми­калық жетістіктерге қол жеткізді. Ол – өзінің алдына мақсат қойып, соны орындай алатын ел. Ник КЛЕГГ, Ұлыбритания Вице-премьері: – Өте маңызды кездесу өтті. Мен Президент Назарбаевты сам­миттің өте жақсы ұйым­дас­ты­рылуымен құттықтадым. Бұл – жаңа ғасырдағы алғашқы саммит және маңызды оқиға. Соны­мен бірге, біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды даму үстінде екенін айтқым келеді. Үкімет адам құқықтарының сақталуына ықпал етіп, осы салада реформалар жүргізді. Біз осы жұ­мыстардың бұдан былай да жылдам  жүргізілуіне үміттенеміз және осы реформалардың тұрақ­ты­лық­ты сақтауға, бизнесті дамытуға оң жағдайлар жасайтынына сенеміз. Мануэль ЧАВЕС ГОНСАЛЕС, Испания Үкіметі төрағасының орынбасары: – Мен Президент Назар­баев­ты ЕҚЫҰ төрағалығының та­быс­ты өткізілуімен құттықта­дым. Бұл Қа­зақстанның әлемдік ауқымдағы беделін арттырды, оның позия­ция­ларын нығайтты. Және Испа­ния­ның Қазақстанды Ұйым жұ­мы­сында әу бастан-ақ қолдағанын айтқым келеді. Астана ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге бастама көтер­ген­де де дәл солай болды. Есесіне Қазақстан сенім үде­сінен шыға білді. Тамаша Саммит ұйымдастырды. Энтони БОРГ, Мальта Республикасы Премьер-министрінің орынбасары: – ЕҚЫҰ Саммиті 11 жыл бойына өткізілмей келді. Содан бері қаншама өзгерістер жүрді. Еуро­падағы  және бүкіл әлемдегі қауіп­сіздік мәселесі қазіргі заман­ғы көпұлтты әлемде аса маңызды мәнге ие. Саммитте қауіпсіздікке қатысты келіссөздер жүріп, нақты қадамдар жасалды. Енді осы қадамдарды дамытып, ілгерілету жағына мән берілуі тиіс деп ойлаймын. Ол сонда ғана өзінің нақты жемісін бермек. Сергей ЛАВРОВ, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі: – Қазақстан төрағалығының даусыз жемісі деп 11 жыл бойы  өткізілмеген Ұйым Саммитін ұйымдастыруын атауға тиіспіз. Көпке мәлім, Ресей Президенті Дмитрий Медведев саммит өт­кізу жайындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын алғашқы болып қолдады. Және осы жолғы саммиттің тұңғыш рет географиялық Еуропадан тыс аймақта өткізілуі Ұйымға мүше еуропалықтар мен азиялықтардың арасындағы үзілмейтін байланыстың белгісіндей. Қырғызстандағы жағдай тұсында төраға ел – Қазақстан жасаған істер ерекше мән беруді қажет етеді. Соның нәтижесінде осы елде жағдайды тұрақтандыруға, саяси және құқықтық реттеу жолдарын іздестіруге мүмкіндік туды. Аудронюс АЖУБАЛИС, Литва Сыртқы істер министрі. Қазақстанның өз төр­аға­лығы тұсында атқарған барлық істерін жоғары бағалаймын. Бұл күнделікті тынымсыз ат­қа­рылған жұмыс болды. Өйт­кені, ұзаққа созылған жан­жалдарды реттеу бір күннің жұмысы емес, алайда, Қазақстанның ешкімге дабыраламай-ақ мәсе­лені алға жылжытуда атқарған еңбегі Ұйым ая­сындағы елдерге көрініп тұрды. ЕҚЫҰ осындай проблемалардың шешілуіне мүдделі.