1-2 желтоқсан күндері Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жаңа мыңжылдықтағы тұңғыш Саммиті өтті. Барша қазақстандықтар біздің жас елордамызда Президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен беделді халықаралық Ұйымға мүше елдердің көшбасшылары қауіпсіздіктің көкейкесті мәселелерін, ЕҚЫҰ-ның бүгінгісі мен болашағын талқылап жатқанын орынды мақтаныш сезімімен қарап отырды.
Халықаралық қатынастар тарихы үшін таңбалы деуге тұрарлықтай осы форумның 1 желтоқсанда ашылғанының, сөйтіп бұл күннің біздің тарихымыздағы ерекшелігін еселей түскенінің терең бейнелік мәні бар. Өйткені, дәл осы күні – 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлауда Қазақстанның көпұлтты жұртшылығы өзінің тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаған, сөйтіп дәуірлер алмасар тұста өзінің бүгінгі және болашақ тағдырын сеніп тапсырған.
Арада дәл он тоғыз жыл өткенде Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып ЕҚЫҰ Саммитін Ұйымның Іс басындағы төрағасы есебінде өткізді.
Тәуелсіздіктің осынау 19 жылының ішінде Қазақстан, өзінің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың аса көрнекті көшбасшылығының арқасында, кешегі Кеңес одағының кенжелеп қалған қиыр өңірінен экономикалық жағынан қуатты, демократия тұрғысынан серпінді дамып келе жатқан мемлекетке, сыйлы өңірлік державаға және халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне айналды.
Қазақстанның демократиялық, саяси тұрақты және экономикалық даму үстіндегі мемлекет құрудағы бұрын-соңды болмаған табыстары, елдің бүкіл әлемде өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің маңызды факторы ретінде қаралатын сарабдал да жауапты сыртқы саясаты біздің ЕҚЫҰ-ның «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі» кеңістігіне саяси жетекшілік жасауға өтінім етудегі негізгі түйіні болды.
Дегенмен, ЕҚЫҰ-ның алдымен Қазақстан төрағалығы, одан кейін осы Ұйымның жаңа мыңжылдықтағы алғашқы Саммитін өткізу жөніндегі шешімдеріне ең басты дәлел-тұжырым Президент Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы саясаткер ретіндегі даусыз беделі мен Елбасымыздың бейбітшілікті, қауіпсіздік пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі көп жылғы қажымас-талмас қызметі еді.
Осылайша, биылғы жылдың қаңтарында Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы тізгінін беделді өңірлік держава, таратпау мен өркениетаралық үнқатысудың жаһандық үдерістерінің танылған көшбасшысы, кеңестен кейінгі кеңістіктегі өзінің жаңа тарихында ешқандай қақтығыс пен сілкініс болып көрмеген барынша тұрақты мемлекет ретінде қолға алды.
Өзінің жауапты миссиясына Қазақстан бай қорымен, мүмкіндіктерін, мақсаттарын және оларға жетудің жолдарын айқын екшеп барып кірісті.
Бұл Мемлекет басшысының биылғы 14 қаңтардағы бағдарламалық бейнежолдауында нақты көрінді, онда төрағалықтың басымдықтары, бағдарламасы және бүкіл әлем үшін күрделі осынау кезеңдегі елдің халықаралық миссиясы жөніндегі пайымымыз баян етілді. Президент Н.Ә.Назарбаевтың осы заманғы қыр көрсетулер мен қатерлерге талдау жасау бойынша ауқымды, ЕҚЫҰ іс-қимылдарының жоспары бойынша стратегиялық бұл сөзі қазақстандық төрағалықтың Ұйымның өз ішіндегі «қарым-қатынас экологиясын» сауықтырып, қалпына келтіруге, ЕҚЫҰ қызметінде белгілі бір дағдарысқа алып келген қасаң қалыптар мен сенімсіздікті қиратуға деген ұмтылысын айқын аңғартты.
Қазақстан төрағалығының жоғары өлшемге ұмтылатындығын Қазақстан Президентінің Ұйым көшбасшысы қызметінде біз орныққан іс-тәжірибемен шектеліп қалмақ емеспіз деген мәлімдемесі баса көрсетті, өйткені бүгінгі әлемде ЕҚЫҰ-ның көкейге қонымдылығы оның дәстүрлі тақырыптар бойынша жұмыс істеуінен ғана емес, жаңа қыр көрсетулерге жедел үн қосып, әрекет ете алуынан да танылады.
Өзінің төрағалығы барысында Қазақстан ЕҚЫҰ қоғамдастығы халықтарының жоғары сенімінен шығу, артқан үміттерін ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін де жасады, бұл орайда еліміз Президент Н.Назарбаев жария еткен сенім, дәстүр, ашықтық және кеңдік атты төрт тұғырды басшылыққа алды.
Жаңа геосаяси жағдайда, халықаралық өмірдің аса күрделі нақтылықтарын ескере отырып, Қазақстан өзінің миссиясын лайықты орындады және іс-қимылдың белгіленген бағдарламасын Ұйым қызметінің барлық үш өлшемі бойынша да толық жүзеге асырды.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның түбірлі қағидаттары мен құндылықтарын қатаң басшылыққа алды, Ұйымға мүше елдердің пікірі мен мүдделерін дәйім ескерді. Осының арқасында бізге ЕҚЫҰ кеңістігінде сенім мен мөлдірлікті едәуір арттыруға мүмкіндік туды, мұның өзі Ұйымның дамуындағы түйінді бағыттар бойынша барлық үш «себеттің» теңгерімшілдігі негізінде табысты үнқатысу мен пәтуаға қол жеткізудің басты алғышартына айналды.
Еліміздің төрағалығы мүше мемлекеттердің барлығының «Корфу үдерісі» бойынша сындарлы өзара іс-қимылын қамтамасыз етті, ал бұл Ұйым қызметіне тың тыныс қосуға және оның қауіпсіздік мәселелері бойынша түйінді үнқатысу алаңы ретіндегі маңызын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Біз қару-жараққа бақылау жасау режімі мен сенім шараларын жандандыру, нығайту жөніндегі ортақ күш-жігерге жаңа серпін қостық, трансұлттық қыр көрсетулер мен Ұйымнан тыс жерлерден, ең алдымен, Ауғанстан аумағынан төндіріліп жатқан қатерлерге қарсы тұрудың көп жақты ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруды қамтамасыз еттік.
ЕҚЫҰ-ның мүше елдері мен әріптестері Төраға елдің экономикалық-экологиялық өлшем бойынша басымдықтарын – еуразиялық құрлықтық транзит пен көлік дәліздерін алға жылжытуды, Ұйым мандаты аясында экологиялық мәселелерді шешуді лайықты бағалады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ның екінші себетін тиімді толтыру үшін Еуразиялық кең ауқымды ықпалдастық қажеттігі жөніндегі бастамасы үлкен қызығушылықпен қабыл алынды.
Гуманитарлық өлшем бойынша біз азаматтық қоғаммен сындарлы өзара іс-әрекет орнатуға барынша септестік және үкіметтік емес ұйымдардың Ұйым қызметіне, ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында және оның шеңберінде ұйымдастырылған көптеген іс-шараларға қатысуын қамтамасыз еттік.
Жылдың ұзына бойында Қазақстан Президентінің Ұйымның Іс басындағы төрағасының жұмысына тұрақты және тікелей басшылық жасағанын және ЕҚЫҰ кеңістігіндегі барлық көкейкесті мәселелерді өз назарында ұстап отырғанын айрықша атап айтқым келеді.
Мұның өзі Қырғызстандағы саяси дағдарысты реттеу барысында айқын көрінді. АҚШ, Ресей және Қазақстан президенттері Б.Обама, Д.Медведев пен Н.Назарбаевтың үйлесімді күш-жігерінің арқасында Қырғызстанның азамат соғысының құрдымына құлап кетуін тоқтатудың сәті түсті.
Көрші елдегі бұл оқиғалар ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Мемлекет Басшысының қақтығысты шешуге нақты тартылғанын көрсетіп қана қойған жоқ, ең алдымен қауіпсіздік, жасампаздық пен ынтымақтастық мәселелерін өз елінде де, жаһандық ауқымда да бүкіл қызметінің түпкі мәні, өмірінің мағынасы деп қарастыратын Қазақстан көшбасшысы қызметінің жемістілігі мен тиімділігін көрсетті.
* * *
«Қашанда қиын жолды таңдаңыздар – ол жолда бәсекелестеріңіз бола қоймайды» – Шарль де Голль осылай деген еді. Нұрсұлтан Назарбаев Астанада биылғы жылдың соңында Ұйымның 11 жылдан бері шақырылмаған Саммитін өткізуді ұсынғанда дәл осындай қиын таңдау жасаған болатын.
Соңғы 11 жылдың ішінде саммиттердің өткізілмей келгенінің өзі ЕҚЫҰ-ның ішінде де, оның сыртында да Ұйымның өткір жүйелік дағдарысының даусыз нышаны ретінде қаралып, мұның өзі Ұйымның беделіне нұқсан келтіргенін атап айтқым бар. Бұл істі одан әрі кешеуілдете беру салыстырмалы түрде алғанда қолайлы деуге боларлықтай геосаяси жағдайларды қолдан шығарып алуға, ЕҚЫҰ-ны бірте-бірте біздің ортақ тарихымыздың «музей экспонатына» айналдыруға апарып соқтыратындай барша жұрт үшін жағымсыз сценарийдің өрбіп кетуіне апаруы мүмкін еді.
Н.Назарбаев бастамаларын табанды және белсенді алға жылжытудың арқасында халықаралық қоғамдастықта біздің халықтарымыздың алдына көлденең тартылған осы заманғы қыр көрсетулер мен қатерлерге сайма-сай жауаптар әзірлеудің өте қажеттілігін түсіну анағұрлым орныға түсті. Осының нәтижесінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер 1-2 желтоқсанда Астанада Ұйым Саммитін өткізу жөнінде бірауыздан шешім қабылдады.
Бұл Саммит жөніндегі маңызды шешімнің іс жүзінде басқа тарихи датамен – 1975 жылғы 1 тамызда Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылуының 35 жылдығымен дөп келуінде символдық терең мән бар.
ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұл Саммитінен кейінгі 11 жылдың ішінде әлемде шын мәнінде тектоникалық ығыспалар орын алды. ЕҚЫҰ қызметіндегі барлық үш өлшем бойынша сақталып отырған және жаңадан пайда болған қатерлердің ауқымдылығы оларды Ұйымға мүше елдер көшбасшыларының нақ өздері қарастыруын талап етті.
Жоғары деңгейдегі бұл кездесуді ЕҚЫҰ-ның біртұтас және бөлінбес қауіпсіздікті нығайту, бұрыннан бар қақтығыстарды реттеу мен жаңа қақтығыстардың алдын алу, трансұлттық қатерлермен, экономикалық және экологиялық проблемалармен күресу, Ұйым жауапкершілігі аймағында адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыру үшін пайдалану өте қажет еді.
Астанадағы жоғары деңгейлі кездесу Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының тәж-тағына және, бұл асыра айтқандық емес, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ең ірі халықаралық оқиғалардың біріне айналды, ол бүкіл әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қоғамдастығының назарын Қазақстан елордасына және оның Көшбасшысына аудару арқылы іс жүзінде әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді.
ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының Саммиті алғаш рет Еуразия жүрегінде, Еуропаның географиялық шекарасынан мың шақырымнан да астам алыс жерде өткізілді, мұның өзі, Мемлекетіміздің басшысы атап көрсеткеніндей, «еуропалық қауіпсіздіктің өзгерген парадигмасын бейнелейді».
Біздің Президентіміздің саяси ерік-жігерінің арқасында ғана нақты мүмкін болған Саммит Қазақстан мен оның жалпыұлттық көшбасшысы халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға, Шығыс пен Батыс арасындағы қарама-қайшылықтарды еңсеруге, Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздіктің біртұтас қоғамдастығын құруға қосқан маңызды үлесінің халықаралық қоғамдастық тарапынан объективті мойындалуының жарқын айғағына айналды.
Осындайда неміс философы Гегельдің тарихтағы ұлы тұлғалар немесе «бүкіләлемдік ауқымда әрекет ететін индивидтер» туралы айтқанын қалайша еске алмассың. Олар дәуірлік маңызы бар өзгерістерді енгізген, «ненің қажеттігін және ненің деруақтылы екендігін» нақты тарихи сәтте түсінетін адамдар. Гегельдің тұжырымдамасы бойынша, өздерінің сенімдеріне сай іс-әрекет ете отырып, ұлы адамдар іс жүзінде «әлемдік рух ерік-жігерінің» алға жылжытушылары ретінде көрінеді. Бүгінгі пайымда мұндай адамдар тарихты жасаушылар аталады. Бұл анықтама Нұрсұлтан Назарбаевқа толықтай тиесілі, өйткені ол, өзі қадасын қағып, перзентіндей мәпелеп баққан тәуелсіз Қазақстанның тағдырын айтпаған күнде де, осы заманғы әлемдік саясаттың көптеген таңбалы оқиғаларына тікелей қатысты.
Біздің Президентіміздің бай саяси және өмір тәжірибесі, жарқын харизмасы, стратегиялық тұрғыдан алыстан ойлауы, сирек кездесетін ішкі қуаты мен қағидатшылдығы, шыңдалған дипломатиялық шеберлігі ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының басты активін құрады.
Аса ауқымды еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті нығайту мен ынтымақтастықты дамыту үшін Нұрсұлтан Назарбаевтай осынша іс атқарған және атқарып жатқан басқа мемлекет қайраткерін бүгінгі әлемде атау қиын болар.
Астанаға келген мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, ЕҚЫҰ-ға әріптес мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдері мен 40-тан астам халықаралық ұйымдардың БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун бастаған жетекшілері Саммитке қатысу арқылы осы заманғы әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген құндылық бағыт-бағдарлары мен көзқарастарының ортақтығын, бүгінгі күннің қыр көрсетулері мен қатерлеріне сайма-сай жауаптар табуға шынайы ұмтылысын растады.
Саммитте сөз сөйлеген мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының мойындауы бойынша, дәстүрлі қазақы қонақжайлылық, Қазақстан көшбасшысының ерекше қайрат-жігері мен мақсаткерлігі Форумға қатысушылардың бәріне сындарлы да мүдделі пікір алмасуға, Ұйымды жаңғырту мен жаңартудың жолдарын іздеуге жағымды үндестілік жасаған.
Төрт мұхиттың аумағында – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейінгі және Солтүстік Мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі аралықта біртұтас қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру жөніндегі Мемлекетіміз басшысы ұсынған «асаидея» өзінің ауқымдылығымен, мақсатшылдығымен ЕҚЫҰ қоғамдастығының көшбасшыларын біріктіріп, олардың алдағы қызметіне жоғары меже белгіледі.
Біздің көз алдымызда ЕҚЫҰ-ның жаңа дәуірін бастауға – Еуро-Атлантика мен Еуразия кеңістігінде біртұтас және бөлінбес қауіпсіздіктің шынайы қоғамдастығын қалыптастыруға ұжымдық күш-жігердің бірлесуінің өрнек-нақыштары өріліп жатты.
Қауіпсіздік қоғамдастығына қадам бастыратын Астана декларациясын қабылдау арқылы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Ұйымның іргелі құжаттарында көрініс тапқан түбірлі мөлшер-қалыптардан, қағидаттар мен құндылықтардан айнымайтынын қайтадан қуаттады, осы арқылы ЕҚЫҰ-ның қат-қажеттілігі мен өмірге бейімділігін дәлелдеді.
Оған қоса, Астана декларациясы Ұйым алдында тұрған жаңа қыр көрсетулер мен қатерлерді нақпа-нақ белгіледі, ЕҚЫҰ жауапкершілігінің дәстүрлі аймағы едәуір өзгеріске түскені, бүгінде ол ауқымды Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық кеңістікті қамтитыны жөніндегі ортақ түсіністікті шегендеді.
Осылайша, бізге Ұйым тарихындағы күрделі кезеңді қорытындылаудың, «Хельсинки рухын» жаңа тарихи жағдайда жаңғыртудың, оны «Астана рухымен» байытудың сәті түсті.
Сонымен бірге, жоғары деңгейдегі кездесу біртұтас және бөлінбес қауіпсіздіктің шынайы Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық қоғамдастығына апарар жол тақтайдай тегіс болмайтынын да көрсетіп берді. Бұл орайда біз ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығының Астана декларациясының игілікті мақсаттарына қол жеткізу жолында алдағы кезде де сындарлы ынтымақтастық жасайтынына риясыз сенгіміз келеді.
ЕҚЫҰ-ның сонау 2002 жылдан бері алғаш рет қабылданып отырған алғашқы саяси декларациясы Президент Назарбаевтың саяси ерік-жігер танытуға және «өздерін сайлаған халықтардың игілігі мен өркендеуі жолында ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайту үшін жұмыс істеу» жөніндегі тікелей міндеттерін орындауға шақыруына үн қосқан Ұйымға мүше барлық елдер көшбасшыларының ортақ табысына айналды.
Соның өзінде де әділеттілік Астана серпілісін қамтамасыз етуде аса көрнекті рөл нақ біздің Мемлекет басшымызға тиесілі екенін атап айтуды талап етеді. Н.Назарбаевтың қайран қаларлықтай қайрат-қуаты, жарқын білімдарлығы, жеке басының сирек кездесетін сүйкімі, оның бұлжымас саяси ерік-жігері мен дипломатиялық шеберлігі Астана форумының табысына қол жеткізуде шешуші рөл атқарды. Қазақстан көшбасшысының саяси салмағы мен халықаралық биік беделі консенсусқа қол жеткізудің және қорытынды саяси құжаттың қабылдануының кепіліне айналды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі» бүкіл кеңістіктегі азаматтар Астанадағы жоғары деңгейлі кездесудің барлық бүге-шігесіне дейін қадағалауға, шиеленіске толы, алайда ашық та бүкпесіз үнқатысудың әрбір сәтін сезінуге мүмкіндік алды. Астана уақыты бойынша 3 желтоқсанның түні басталғанда, ал еуропалық уақыт бойынша 2 желтоқсанның кешінде Президент Н.Назарбаев соңғы сегіз жылдың ішінде алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясын қабылдау жөніндегі Саммиттің тарихи шешімін жария етті.
Біз өз еліміздің Тұңғыш Президентіміз, жаңа Қазақстанның сәулетшісі мен салушысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрнекті көшбасшылығымен қол жеткізген, бұрын-соңды болмаған халықаралық табысын заңды мақтан ете аламыз.
Бұл шын мәнінде Қазақстанның жұлдызы жанған шақ, Н.Назарбаевтың лайықты жеке триумфы, қазақ халқының ұлылығының, біздің қоғамымыздың бірлігі мен топтасқандығының бүкіл әлемге жарқын паш етілуі.
* * *
Саммиттің Қазақстан үшін маңызы өте үлкен және өшпестей, іс жүзінде ол Н.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу, зымырандық-ядролық арсеналдан бас тартып, ядролық қарусыз болашақты таңдау, біздің еліміздің мемлекеттік шекараларының халықаралық-құқықтық мәртебесін реттеп, қазақ халқының тарихында тұңғыш рет өз мемлекетінің елордасын салу сияқты тарихи жетістіктерімен бір қатарда тұрады.
Бұл біздің еліміздің өмірінде Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңнің басы болатын тарихи оқиға деудің артықтығы жоқ.
Н.Назарбаевтың атап айтқанындай, біз өз Тәуелсіздігіміздің сыртқы саяси негіздерін бекемдедік. Бүгінде Қазақстан жаңа әлемдік құрылымның қалыптасу үдерісінің толыққанды субъектісі және қатысушысы, еуразиялық қауіпсіздіктің маңызды байланыстырушы буыны ретінде берік орнығып отыр.
Біз Қазақстанның салмақты халықаралық беделі бар екенін, тамаша интеллектуалды және кадрлық әлеуетке ие екенін, елдің басында өңірде ғана емес, бүкіл жаһандағы қауіпсіздікті нығайту мен ынтымақтастықты дамытуға барған сайын өсе түсіп келе жатқан үлес қосып отырған әлемге танымал көшбасшы тұрғанын айқын көрсеттік.
Біздің елордамыз Астана бүгінгі заманның ең бір көкейкесті мәселелері бойынша үнқатысудың маңызды орталығы ретіндегі мәртебесін берік тиянақтады, сөйтіп ЕҚЫҰ саммиттерін өткізген Хельсинки, Париж, Лиссабон, Будапешт, Ыстамбұл сияқты қалалармен бір қатарға көтерілді.
Бүгінде Астана Саммиті тарих меншігіне көшті. Ол тарихқа Қазақстан Республикасы, оның елордасы Астана және біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәңгілікке алтын әріптермен жазылған.
Мен өз атымнан және Қазақстанның бүкіл дипломатиялық сала қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына бізге Қазақстан мен әлемнің игілігі үшін жасалған тарихи іс-әрекеттеріне қатысты болудың айрықша артықшылығын бергені үшін шынайы алғысымды айтқым келеді.
Кезінде Ромен Роллан: «Нағыз ұлылар – жүрегі барша жұрт үшін соғатындар», деген еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, бүкіл әлем аса көрнекті жасампаз көшбасшы деп тап басып таныған Нұрсұлтан Назарбаев дәл осындай тұлға.
Қанат САУДАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы.