Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау қайраткерлері, өндірістік саланың, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері бар. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін дайындауға және өткізуге лайықты үлес қосқан отандастарымыз бен шетелдік қайраткерлер де мемлекеттік наградаларға ие болды.
Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-гуманитарлық дамуындағы аса үздiк жетістіктерi, мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі үшiн Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Еркеғали Рахмадиевке берiлдi.
«Отан» орденімен академик Салық Зиманов пен жазушы Әзілхан Нұршайықов марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» орденіне Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім меңгерушісі К.М.Байпақов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Т.И.Есполов, «Орталық қалалық клиникалық аурухана» МКК директоры Е.Б.Тәжиев ие болды.
Белгілі ғалымдар, мәдениет, білім қайраткерлері, өндірісшілердің бір тобының еңбегі «Парасат» орденімен атап өтілді. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ бас директоры С.Қ.Ақшолақов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Ш.К.Беркімбаева, Қостанай облысының Әулиекөл ауданы «Агрофирма «Диевская» ЖШС бас директоры О.В.Даниленко, «Қазақ әуендері» АҚ «Қазақконцерт» концерттік бірлестігі» филиалының директоры А.Қоразбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры М.Мырзахметұлы, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының актрисасы Н.Мышбаева, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Н.М.Оразалин, «Алматы қаласының балалар мен жасөспірімдерге арналған №19 спорттық мектебі» РМҚК қазіргі бессайыстан жаттықтырушысы Л.Г.Шумилова бар.
I дәрежелі «Достық» орденімен наградталғандар арасында белгілі ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиев, академик Төрегелді Шарманов бар. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Қ.Қожамьяров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі Ахметжан Қадыров, Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Валерия Крымская марапатталды.
«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ алюминий электролизі цехының операторы Ұ.С.Әубәкіров, Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің мұғалімі Н.Зәуірбекова, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры О.Исахов, «А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесі» РМҚК оқытушысы Л.М.Ли, «Қазақстан камератасы» классикалық музыка ансамблінің директоры Г.Қ.Мырзабекова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры А.Мұхамедиұлы, Ақмола облысының Қорғалжын ауданы «Алтынай» ШҚ механизаторы А.А.Руш, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» РҚБ президенті Р.Б.Сәрсембаева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері О.Ысмағұлов «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет, өндіріс пен әлеуметтік саланың 72 көрнекті өкіліне беріліп, ал Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына 255 адам ие болды.
Мемлекеттік награда алғандардың тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.