Жуырда Семей мемлекеттік педагогика институтында аталған жоғары оқу орны мен «Нұр Отан» ХДП қалалық бөлімшесінің ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Менің Отаным – Қазақстан» деген тақырыппен патриоттық апталық өткізілді.
Оның алғашқы күні «Тәуелсіздік – тірегім!» деген атпен өткізілген дөңгелек үстел басындағы алқалы жиынмен ашылды. Онда бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған ел егемендігінің мән-маңызы туралы сындарлы сөз қозғалды. Оның соңы «Жасай бер, жаса, қазағым – елім!» атты патриоттық әндер байқауына ұласты. Ал келесі күні осы апталық аясында 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің жазықсыз құрбаны болған Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті еске алу мақсатындағы «Қайрат рухы» атты студент ақындардың үшінші республикалық жыр мүшәйрасы өткізілді. Оның алдында апталыққа қатысушылар осындағы қаһарман Қайрат ескерткішіне барып тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Жыр мүшәйрасына еліміздің жеті қаласынан 27 ақын қатысты. Соның ішінен желтоқсан көтерілісі мен тәуелсіздіктің мән-маңызын тереңнен қозғаған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Мирас Асан бас жүлдені иеленді. Ал бірінші орынды Семей мемлекеттік педагогика институтының студенті Арман Шеризатов жеңіп алды.
Апталықтың үшінші күні «Институт – менің мәртебем!» деген тақырыппен институтішілік ақындар айтысы өткізілді. Ал оның соңында «Азиада байрағы – Қазақстанда» атты жастар ұйымдары арасында спорттық жарыс және осындағы бастапқы әскери дайындық бөлімінде оқитын студенттер арасында «саптық ән» байқауы өткізілді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.