Тәуелсіздік сарайында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, фотосуретші Шүкір Шахайдың жеке көрмесі өтті. Тарих қойнауынан терең сыр шертетін көрмеге ел тарихындағы маңызды кездесулер мен ірі жиындарды қамтыған 127 фотосурет қойылған екен. Қала тұрғындары мен қонақтарына, жалпы жұртшылыққа есігін ашық деп жарияланған көрмеге қарай бет алып келе жатқан қалың көпшілікті оркестрдің әуезді әні қарсы алып жатты.
Көрме Мемлекеттік әнұранымызбен ашылды. Залдағы фотосуреттер алды адамға лық толды. Бұл егемен еліміздің айтулы жиындары мен келелі кездесулері, әсіресе, Тәуелсіздік күні мерекесі жалпақ жұртты бей-жай қалдырмайтынын дәлелдегендей.
Көрменің ашылу салтанатындағы құттықтау сөзде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов: «Бірде-бір көрмеден осынша жұрттың жиналғандығын көрген емеспін. Қалай болғанда да, мұндай шараға көңіл бөлу – бәріміздің бойымыздағы елдік қасиеттеріміздің жақсы қалыптасқандығын білдіреді. Шүкір Шахайдың жеке көрмесінде «Егемен Қазақстан» газетінің өкілі неліктен сөйлеп жатқандығын оның өмірбаянынан аңғарған боларсыздар. Шүкірдің фотосуретші ретінде ең тамаша қалыптасқан кезеңі еліміздің бас газеті –
«Егемен Қазақстанда» Шерағамыздың қарамағында, одан да кейінгі азаматтардың басшылығымен жүрген кезең, яғни 1991-1996 жылдар аралығы еді. Бүгінгі күн көп дүниенің қадірі кеткен заман. Қадірі кеткен өнердің бірі – фотография. Бүгінде кез келген адамның үйінде құрығанда екі фотоаппарат бар. Жасыратыны жоқ, қазір газеттерде де оқиғалық фотожурналистика белең алып бара жатыр. Осындай жағдайда Шүкір көркем фотографияның деңгейін көтеруде.
Айналайын, өнерің өркендей берсін. Фотокамераңның алдында тәуелсіздіктің тарихы жазылып жатыр. Шығармашылығың сәтті болсын!», – деп жүрекжарды лебізін білдірсе, жазушы Жолтай Әлмашев: «Президентіміз Н.Назарбаевтың Мемлекеттік рәміздерімізді қабылдағанда, көз жанарындағы ұшқынды қас-қағым сәтте ұстап қала алған Шүкір Шахайдың еңбегі – зер салып үңіле білген адам үшін ұтымды дүние. Әрине, мұндай сәттер жиі болып тұратыны сөзсіз. Десек те, сол бір көз жанарындағы оттың маздап жанып тұрғандағы уақытты ұстап қалу үлкен өнер болумен қатар, аса шеберлікті қажет етеді», – деп оң бағасын берді.
Фотосуретші Шүкір Шахай еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде фототілшіліктен бастаған. Одан кейін әр жылдары республикалық «Қазақстан пионері», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Түркістан» газеттерінде еңбек етті. 2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жеке фототілшісі қызметін атқарып жүр. Ол «Қазақстан», «Қасым Қайсенов», «Роза Рымбаева», «Түркістан», «Қазақтың киіз үйі», «Мақтаарал», «Жер жәннаты Жетісай», «Шежірелі Шардара», «Тәуелсіздік: қас-қағым сәт», «Астана: қас-қағым сәт» атты фотоальбомдардың авторы, сонымен қатар, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Фотокөрмеде жаңа дәуіріміздің әрбір кезеңі толыққанды көрініс тапқан. Бұл фотосуреттер тарих куәгерлері болумен қатар, құнды деректі құжат болып табылады. Көрме құрылымы қайта құру кезеңін, ҚР Президентінің ант беру сәтін, ҚР Мемлекеттік рәміздерінің қабылдану кезеңін, сондай-ақ, жас елорданың қалыптасып дамуының көріністерін суреттейді. Көрмеге қойылған әрбір фотосуреттің өзіндік ерекшелігі бар. Тарихи дәуірді кең қамтыған егемен еліміздің төрағалығымен өткен Астана Саммитіндегі айшықты көріністер ел игілігі үшін кейінгі ұрпаққа қалдырылған нағыз қажетті мұра екендігі даусыз. Көрменің бір бөлігі жуырда ғана Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитіне арналған екен. Егеменді еліміздің әрбір тарихи оқиғасы фотосуретшінің бай мазмұнды, кең тынысты суреттерінен көрініс береді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры асқақтап, дүниежүзілік беделі жоғары деңгейде тұрған заманның куәгерлері екенімізге фотосуреттерге қарап көз жеткізуге болады.
Сонымен қатар көрмедегі «Туған жердің топырағы» деп аталатын кадрда сәйгүлік аттың әдемі қызғалдақтың үстінде аунап жатқандығын суреттеген кадр жиналған көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Ал, фотосуретші Шүкір Шахайдың өзі Астана Саммитінің басталуына санаулы минуттар қалғанда сағатына қарап тұрған Елбасы Н.Назарбаевтың суретін ең сәтті шыққан кадр деп санайды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.