Тәуелсіздік тағдыры, Елбасы аманаты және Алаш ардақтылары – менің әр кез көкейімде жүрген, әрқашан жас өркеннің алдында айтып жүрген, реті келгенде қалам қуатымен жазып жүрген тақырыбымның бірі. Бұлай деп әңгіме бастауымның себебі жайында аз-кем шегініспен түсінік бергеннің артықтығы болмас. Мен үшін ең қымбат жәдігер – киелі тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің бітім-болмысын Президент немесе Елбасы арқылы көз алдыма елестетемін. Осы екі ұғымды егіз-қатар қабылдаймын, қат-қабат сүйемін. Мұның мәнісін түсінбегендер басқаша қабылдауы, тіпті жағымпаздық деп түсінуі бек мүмкін. Ендеше, бұлай деп ақ ниетпен ой толғаудың терең сыры жайында пікір сабақтасақ. Ал енді тәуелсіздік тарихының бір белесі алаш қайраткерлері тағдырымен тығыз байланысты болғандықтан, ерікті, еріксіз жоғарыдағы үш ұғымды қатар сабақтастырудың реті солай болып келеді.
Біздің буын күні кешегі бодандық қасіретінің қамытын киіп үлгерді. Сол дәуірдің бел баласы болып ержеткен, оқу тауысып, ғылым көкжиегіне ұмтылып, қызмет істеп үлгерген біздердің көз алдымызда алаш қайраткерлері ақталып, тарих аренасына қайта оралды. Өткенге топырақ шашуды мақсат етіп отырған жоқпыз, алайда замана қасіретінің бірі – қазақтың өткен тарихына күңгірт бояуды қалың жағып, жеккөрінішті етуде көшілгері болғанымыз рас. Басқа тарихты тәптіштеп түсіндірмей-ақ қояйын, бір ғана Махамбеттің Жәңгір ханға айтқан алдаспан жырлары арқылы әрісі Абылай, берісі Кенесары хандарға дейінгі тарихты тәрк етіп келдік. Бодан халықтың аға сұлтаны, болыс-биі, тіпті ауылнай-тілмашына дейінгілерді қаралап, қанаушы тап ретінде қарғыс айтумен болдық. Бергі тарих – кеңестік дәуір кезеңіндегі Қазақ елін билеушілердің қиянаты өткен тарих өктемдігінен әлдеқайда асып түсті, бір ғана Голощекиннің салған лаңы мәңгі есте қалды.
Қазақ халқы ғасырлар тоғысында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге Тәуелсіздік, азаттық деген ақ періштені қолына қондырды. Бұл біздің қаншама ғасырлар бойы күткен арманымыз еді. Сәл ғана шегініс. Өзіміздің ұлт көшбасшылары болған хандар мен билерді, батырлар мен баһадүрлерді, тіпті күні кеше ғана қазақ халқын азаттыққа бір табан жақын әкелген алаш қайраткерлерін «халық жауы» етіп жазғырып келген алдамшы идеологиядан не опа таптық. Ойды ой қозғаған сәтте Зере ананың (ұлы Абайдың әжесі) бір өлеңі еске түсе береді.
Жақсы да болса қарағым,
Жаман да болса қарағым.
Жақсы болғанмен бере ме,
Солтабай маған Барағын.
Барақ та аға сұлтан болған, қалың ел қадір тұтатын Құнанбайдың замандасы, ел жақсысы. Асыл әже айтқандай кім бізге жақсысын береді, халық пейіліне берген Елбасын қадірлеу, Елбасы салған сара жолмен жүру – қазақ халқының тәуелсіздік тағдырын баянды ететін қасиетті жол. 20-25 жылда бір ұрпақ өсіп жетіледі, желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын қандай бақытты, тәуелсіз елде, өз Көшбасшысы бар, жап-жас астанасы бар елде өсіп келеді.
Көзіқарақты оқырман қауымның есінде шығар, өткен жылдардың мұғдарында Президент Н.Ә.Назарбаев қазақ тілінде ақпарат тарататын журналистермен болған бір кездесуде қазақ халқының тәуелсіздік тарихы жолындағы күрестерде өшпес із қалдырған алаш қайраткерлері жайында ағынан жарылып ой бөлісті. Әр күні аудиторияға кіріп, жас шәкірттер алдында алаш ұранды әдебиеттің көрнекті өкілдері жайында айтып отыратын біздер тағылымды тәрбие беру үшін Елбасының сол бір сұхбаттағы пікірлерін темірқазық етіп басшылыққа алып, үнемі жадыда жаңғыртып отыруды ұмытпаймыз. Елбасы әрдайым Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін жанын пида етіп күрескен көптеген батыр бабаларымызды еске алып отырады, олардың қатарында әйгілі батыр, қолбасшы, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы, батырлар Сырым Датұлы, Махамбет пен Исатай, қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, шапырашты Наурызбай сияқты ардақты батырларымыздың есімдері құрметпен аталады. Бұл тұлғалардың барлығы да қазақ халқының ерлік тарихында аттары алтын әріппен жазылатын жандар. Әсіресе, Елбасының қадап айтқан мәселелері алаш ардақтыларына байланысты болды. «Алашорданың мүшелері алғашқы Ақпан революциясына ілесе шыққан күрескерлер еді. Олар патша құлаған соң еркіндік бола ма деп сенді. Алайда большевиктер саясаты бұл үмітті ақтамады», деді Елбасы. Иә, бір ғана алашорда үкіметі ғана емес, бүкіл қазақ халқының үміті ақталмады, жалған саясат, қара күшпен, қантөгіспен келген үкімет сендерге теңдік, бостандық әпердік деп сендірді, шын мәнінде алдады. «Бостандық» деп өлең жазбаған ақын кемде-кем еді.
1918 жылы Сібірдегі реакция дәуірінде жазылған өлеңде өзге ақындардағыдай «бұл бостандық бізге көктен келген жоқ» деп ұрандату сарыны жоқ, керісінше, «шірік жүрек сасықтар, арамдыққа асықтар, жетілді, жетті мұратқа» деп тарихи шындықтың бет-пердесін ашты, ғайыптан келген «бостандықтың» мәнін түсіндірді. Тағы да сол сұхбат әлеміне сүңгісек. Елбасы аса бір ізгілікпен: «алашордалықтар алған бетінен қайтпай, еркіндік ұранын айта берді. Ақыры сол үшін құрбан болды. Біз ол кісілердің ойлаған ойы, аңсаған арманы үшін де құрметтеуіміз керек. Әрекет ойдан басталады, сөзден басталады. Тәуелсіздік ойын оятқан сол асыл ағаларымыз. Сол мұратқа қол жеткізу бақыты біздің ұрпақтың маңдайына бұйырды», – дей отырып, баршамызды кешегі аяулы ағаларды құрметтеп, еске алып, тағзым етіп отыруды естен шығармауға шақырады.
Қазақ жұртының бұл тәуелсіздікке қолы жеткеніне небәрі 19-ақ жыл болды. Бостандық бізге тым қымбатқа түсті, сол жолда күрес жүргізген қаншама ардақтыларымыз, Елбасы атап көрсеткендей атақты Кенесары бабаларымыздан бастап, күні кешегі Қайрат Рысқұлбековке дейінгі мерт болғандарды санамалап айтып шығу тіпті мүмкін емес. Тәуелсіздік туын желбіретіп кетуге сол кездегі империя мүмкіншілік бермеді, сол себепті Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов бастаған көсемдер автономия алуға әрекет етті, сол жолда жеңіске жетті, бірақ олардың азаттық туралы айтқан сөздерін, жасаған әрекеттерін большевиктер кешіре алмады, бірін ерте, бірін кеш құрбандыққа шалды.
1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты ғажайып мемлекетті – алаштық арыстардың арманының жүзеге асуы деп түсінетін Президент алаш қайраткерлерінің есімін құрметтеп, оларға ескерткіштер қойып, зиялы кісілердің шығармаларын шығару, ғылыми-практикалық конференциялар, мәдени іс-шаралар өткізілуге тиісті деген ой айтты.
Алашордалықтар арман еткен тәуелсіздікке ХХ ғасырдың соңында ғана қол жеткіздік. Жас мемлекетіміздің іргесін берік ету, дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосу, жап-жас, енді ғана 10 жастан асып отырған астананы көркейту, әлемдік деңгейдегі сәулетті қала қатарына қосу әрекеттері, осындай ізгі идеяларды байыпты түрде жүзеге асыру Президентіміздің жүргізіп келе жатқан көреген саясатының тәтті жемістері. Осы тұрғыдан ой түйген Елбасы: «Біз өз мемлекетіміздің әлі жас екенін, буыны жаңа бекіп, бұғанасы жаңа қатып келе жатқан елге төнетін қатер де кездесуі мүмкін екенін естен екі елі шығармауға тиіспіз. Босаңсымауға тиіспіз», – деп қатты ескертеді.
Тәуелсіздік жолындағы күреске ғұмырларын арнаған алаштықтардың басынан қауіп-қатер бұлты бір күн де кеткен емес, оған тарих куә. Олардың жанкешті күресі арқылы қолымыз жеткен азаттықты да қандай қауіп-қатерден болса да қорғауға енді күні біз дайын болуымыз керек, Елбасы осыны ескертеді, ешқашан да «босаңсымауға тиіспіз», деп соған шақырады.
Қаншама ғасырлар бойы күткен, сол жолда қаншама зұлматтарды, қасірет пен қайғыны басынан кешірген, ең өкініштісі сол, тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтар қаншама. Демек, сол тәуелсіздік жолында күреске шыққан, саяси партия құрған, алаш ұранды әдебиетті дүниеге әкелген, ең бастысы, ұлттық ояну мен ұлы мұраттарға толы тәуелсіздікті ту етіп, халық көсемдері бола білген аяулы азаматтарды үнемі есте сақтап отыру, рухани дүниеміздің төрінде ұстау бүгінгі азаттық арманына қолы жеткен бақытты ұрпақтың басты парызы болуға тиісті. Тұңғыш Президентіміз, халықтың Көшбастаушысы Н.Ә.Назарбаев әрқашан осыны мегзеп, көрсетіп отырады. Осы жерде бір әттеген-айлар да кездесіп қалатыны жасырын емес. Бұл жайында сұхбат берген Нұрсұлтан Әбішұлы әдеттегідей әділеттің ақ жолынан ауытқымай шындықты айтады. Оның реті төмендегідей. Тәуелсіздікке қол жеткізген азғана жылдың ішінде (тарих өлшемімен алғанда қас-қағым сәт) әл-ауқатымыз артып, сән-салтанатымыз көбейді. Дәулеттілер саны артты. Қымбат мәшине мінген, көп қабатты үй салғандардың арасынан (әрине, бәрі деуден аулақпыз) біздің халық болып қол жеткізген тәуелсіздігімізді тәрк ететіндер де шыға бастады. Осы және басқа да жағдаяттарға ашынған Елбасы: «Байлыққа құныққандардың, байлықтан басы айналғандардың байлықты қойып, билікке ұмтылатынын, сол жолда ештеңеден тайынбайтынын, тіпті Отанына опасыздық жасауға да баратынын көріп отырмыз», деп одан әрі ондай адамдардың бәріне заң алдында зауал барын қатты ескертті.
Нұрсұлтан Әбішұлының осы алаштық ұландарға қатысты айтылған ғибратты пікірінің түйіні төмендегідей: «Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады. ...«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», дегенде Абай атамыздың да айтқаны осы еді».
Президент күні кешегі аласапыран дәуірде азаттықтың арманын ту етіп ел алдына шыққан, туған елін азаттықтың айдынына алып шықсақ деп арман еткен, сол жолда өздері құрбан болған аяулы азаматтардың асыл аманатын сақтауға шақырды, ұлы Абайдың өсиетін қағида етіп ұстанған халықтың бірлігі мен ынтымағы, татулығы мен ауызбірлігі мол болатынын ескертті. Азаттықты армандаған алаштықтарды ұмытпауға шақырған, сол арқылы кешегі тарихты, бүгінгі бірлікті ойлаған Елбасының аманатын бәріміз бір кісідей қағидатқа айналдыруымыз қажет, сонда ғана ұлттың ұлы мұраттары жүзеге асады. «Алтыбақан алауыздықтың» зардабын аз тартпаған халықпыз, ендігі мұрат, алар биік, Президент Назарбаев атап көрсеткендей: «Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысу», одан басқа жолмен жүруді енді ешқашан маңдайымызға жазбай-ақ қойсын.
Шүкіршілік етейік, көш түзеліп келе жатыр. Туған еліміздің туын асқақ көтеріп, әлемге танытып келе жатқан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өткен жылдардағы бір Жолдауында былай деп атап көрсеткен еді: «Енді 20-25 жылдан кейін мемлекеттік басқарушылардың жаңа ұрпағы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының қорытындысын шығарып, біздің әуел бастағы әлеуетімізді және өзгерістердің нәтижесін елеп-екшер болсақ: «Шынымен, солай болды ма екен», – деп таң-тамаша қалары анық...». Иә, уақыт жаңғырып, мемлекет басқаратын жаңа ұрпақ өмірге келеді, олар Елбасының даму стратегиясын одан әрі жүзеге асырады. Қазақ көшін әлемдік өркениеттің биік шыңына өз жолымен жетелейді.
Сонымен о бастағы айтпақ ойымызға тағы бір қайтып оралсақ. Тәуелсіздік тағдыры, Елбасы аманаты мен алаш ардақтыларын қастер тұтуды, мәңгілік мұрат етуді әркім өзінен бастауы керек, сөз жүзіндегі жеңіл жолмен емес, адал еңбегімен, пәк ниетімен, Отанға деген шексіз берілгендігімен. Аз ғана авар (Россия құрамындағы ел) халқының қайсар ұлы Расул Гамзатовтың: «Менің тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге даярмын», деп айтатын өсиетін ертеректе жиі естуші едік. Біздің де айтпағымыз, тәй-тәй басып дүниеге келген, ерте есейіп, еңсесін тіктеп ақ орда құрған, азаттық дауысы әлемнің әр түкпіріне жетіп жатқан менің тәуелсіздігіме ешкімнің қиянат жасауына жол бере алмаймын. Ал енді сол бір қасиетті Тәуелсіздікті ұядан ұшырып, қанатын қомдатып, қыран тұлғалы еткен тұңғыш Президентімді қалай жақсы көрсек те, қалай құлай сүйсек те, Елбасы салған сара жолға қалай бас тіксек те жарасады.
Қалың қазақ қауымы, ардақты алаш баласы, Тәуелсіздік туралы эпопеямыздың алтын әріппен жазылатын әр беті Елбасы аманаты екенін жадыда ұстайық, сонда ғана жаңылмаймыз, жақсы күндердің қуанышы көп болады...
Нариман НҰРПЕЙІСОВ,филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті.
Шымкент.