Алексей ВЛАСОВ, Л.М.Ломоносов атындағы ММУ-дің посткеңестік кеңістік үдерістерін талдау орталығының директоры:
– Бір жылдағы төрағалық барысында Ұйым алдында тұрған барлық кешенді мәселелерді шешу мүмкін еместігі түсінікті. Дегенмен, Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығында Ұйымды реформалаудың іргетасын қалауға қол жеткізді. Осыған сәйкес біз жақын болашақта Еуропадағы қауіпсіздік жүйесін дамытуымыз керек.
Астана Саммиті ұйымдастырушылық және техникалық қамтылуы жағынан аса жоғары деңгейде өтті. Бұл ЕҚЫҰ төрағалығын аяқтау барысындағы Қазақстанның саясаттағы үлкен жетістігі болып табылады. Он бір жыл ішінде алғаш рет Ұйымға қатысушы елдер басшыларының басын қосқан Астана Саммиті ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі ірі саяси тұлға екендігін көрсетіп берді.
* * *
Босцан ЛАСОВИЧ, Словения Республикасының өкілі:
– Мен Қазақстанда алғаш рет болып отырмын. Осынау тамаша елдің қонақжайлығы, әсіресе, Астананың көрінісі мені ерекше таңқалдырды. Бұл – қазіргі заманның озық үлгісін көрсететін қала. Мен осында келмес бұрын, Астананың осындай қала екендігін ойламаған едім. Қаланың өзгеше архитектурасы, бір-бірін қайталамайтын биік ғимараттары шынында да ғажап екен. Ұйымның Саммитін ойдағыдай өткізген және оны керемет ұйымдастыра білген Қазақстан басшылығына алғыс айтамын.
* * *
Чарльз ван ДЕР ЛЕУ, International Gerald Tribune тілшісі:
– Қазақстан Республикасы Саммитке жоғары деңгейде дайындалған. Кәсіби журналист ретінде айтарым, Саммит жұмысының ұйымдастырылуында мін жоқ. Мен халықаралық деңгейде өткен жиындардың көпшілігіне қатысып жүрмін, оларды ұйымдастыруда бірқатар кемшіліктер кездескенін де білемін. Ал Астана Саммитінде ондай қателіктер мен кемшіліктерге жол берілмеді.
* * *
Тонино ПИКУЛА, Хорватия делегациясының өкілі:
– Астанаға осымен үшінші мәрте келіп отырмын. Бұл қала осындай кең ауқымдағы іс-шаралар өткізу үшін ең лайықты орын екендігіне көзіміз жетті. Ал Астана Саммиті бұдан 35 жыл бұрын Хельсинкиде қабылданған міндеттемелердің орындалатындығын тағы бір дәлелдеп берді.
* * *
Мартин СИФ, АҚШ журналисі:
– Саммит Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де аса маңызды. Мұндай ірі халықаралық жиын 11 жылдан бері өтпеген еді. Ол енді әлемде қауіпсіздік жүйесін құру қажеттігі туындаған кезде өтіп отыр. Ал бельгиялық журналист, бұрынғы африкалық Оливия Рутазибва өз өмірінде ақ қарды алғаш рет Астанада көріп, шыңылтыр аязбен алғаш рет бетпе-бет келіпті. Оның айтуынша, мұнда шынайы достық аура қалыптасқан. Барлық жағынан қамтамасыз етілген ауқымды баспасөз орталығында ол өзін үйінде жүргендей еркін сезініпті.
* * *
Оливия РУТАЗИБВА, Бельгия журналисі:
– Терезе сыртында қыс, далада аппақ қар. Бірақ баспасөз орталығы өте ыстық. Бізді, сондай-ақ қазақстандықтардың қонақжайлығы тағы да жылытып отырды.