(Саммиттен соңғы ой)
Желтоқсан айының алғашқы екі күні бүкіл әлемнің назары Қазақстанға, оның бас қаласы – Астанаға ауды. Бұл жәй қызығушылық емес, бүкіл дүниеде болып жатқан барша қақтығыстар мен дүрбелеңдерге дәл осы күндері саяси баға беріліп, одан шығудың ең тиімді жолдары әңгімеге тиек болды.
Жалпы, Саммиттің өтуі Қазақстанның биылғы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен байланысты болды ма? Әлбетте, жоқ. 1975 жылдан бері ЕҚЫҰ-ға төраға болған талай-талай алпауыт мемлекеттерді білеміз. Алайда, соның көбісі-ақ Саммит өткізуге батылы жетіп, тиісті шешімге келе алған жоқ. Ал, Қазақстан тәуекел етті. Неліктен?
Негізінде мәртебелі ұйымның Саммитін өткізу үшін қандай негізгі алғышарттар керек? Ең алдымен, сол мемлекеттің өз ішінде тұрақтылық, тыныштық һәм өзгеге үлгі болар жақсы істер орын алуы қажет. Бұл Қазақ елінде бар ма? Бар. Сондай-ақ, Саммит өткізу үшін сол елдің халықаралық деңгейдегі беделі болуы да әбден қажет. Бұл жағдай қазақтың басында бар ма? Әрине, бар. Бүгінгі күні Қазақстанды әлем таниды. Оның Президенті Н.Ә.Назарбаев есімі әлемге мәшһүр. Сыналған, сыннан сүрінбей өткен сұңғыла саясаткер.
Тағы бір қажет нәрсе – Саммит өткізетін елдің ұйымдастырушылық қабілетінің мықты болуы әрі сынақтан өткендігі еді. Қазақстан өзінің 19 жылдық тәуелсіз тарихында мұндай ірі-ірі басқосулардың талайын ың-шыңсыз өткізе алды. Оған ел куә, заман куә, уақыт куә! Бұдан бөлек, Саммит өтетін елде қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ете алатын қауқар қажет болмақ. Мұндай жағдай біздің елде әбден бар. Ол дәлелденген. Сонымен бірге, Саммитке қатысушылардың жұмыс істеуіне мейлінше мол жағдай жасай алатын мүмкіндік сол елдің басты қаласында болғаны абзал. Астана – сондай қала. Астана – жас қала, бірақ өсіп келе жатқан қала. Мұндағы аз уақыт ішінде бой көтерген әсем ғимараттар мен көз тартар даңғылдар келген қонақтарды бей-жай қалдыра алмаса керек-ті.
Иә, біздің ойымыз алдамаған екен. Желтоқсанның алғашқы екі күнінде Астанада жылы жүректі жүздесулер болды. Астана аспанында әдемі әуен қалықтады. Қысқасы, Астана екі күн бойы әлемді өзіне еріксіз қаратты. Өзіне баурап алды.
* * *
ЕҚЫҰ-ға дүние жүзі бойынша осы кезде 56 мемлекет мүше болып отыр, сонымен бірге, 12 мемлекет ЕҚЫҰ-ның әріптестері болып саналады. Осы жерде айта кету керек, 1975 жылғы тамыз күні өткен Хельсинкидегі алғашқы Саммитке Еуропаның 33 мемлекетінің, АҚШ пен Канаданың басшылары қатысып, бірінші кезекте маңызы бар он қағидатты (былайша «Хельсинки декалогы» деп аталады) бекіткен-ді. Олар: 1) Егемендік теңдік, егемендікке тән құқықтық сыйлау; 2) Күш қолданбау немесе қауіп төндірмеу; 3) шекараның бұзылмауы; 4) мемлекеттің аумақтық тұтастығы; 5) Дауларды бейбіт жолмен шешу; 6) мемлекеттің ішкі ісіне араласпау; 7) Еркін ойлау, ар-ождан, діни сенім құқықтарын қоса алғанда, негізгі адам құқықтарын қорғау; 8) теңқұқылық пен халықтардың өз тағдырына ие болуы; 9) мемлекеттер арасындағы қатынас; 10) халықаралық құқық бойынша міндеттерді адал орындау.
Қазақ елінің ұстанған бағыты сол Хельсинкиде айтылған осы он қағидаттан еш алшақ кеткен емес. Тіпті бұл бағыт күні кешегі біздің Алаш арыстарының да арманы болған-ды. Алаш көсемдері не деп еді? Олар қазақ жұртын әлемге танытуды, әлем елдерімен бейбіт қатар өмір сүруді, ұлттарды алаламауды аңсаған жоқ па!
Осынша мемлекет өкілдерін өз шаңырағында қабылдап, үлкен жиын өткізуге Қазақ елі қалай тәуекел етті?
ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Саммит өткізу туралы шешімнің қабылдануын «Қазақстанның ірі жетістігі» деп бағалағаны белгілі. Бас хатшының айтуынша «Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ға жаңа күш-қуат, жұмысына соны қарқын берді». Солай ма? Әрине, солай. Өйткені, 1999 жылғы Саммиттен соң арада 11 жыл өтті. Осы аралықта әлемде көп шиеленістер мен қақтығыстар, түсініспеушіліктер мен ренжушіліктер орын алды. Міне, осы қордаланған жағдайлар Астанада барынша кеңінен тілге тиек етілді.
Мәселелердің аса маңыздылығы мен күрмеуі көп шиеленісті екенін Саммит талқылаған декларацияға тек түн ішінде ғана қол қоюға мүмкін болғанынан-ақ білуге болады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Астана Декларациясына» қол қойылғанын желтоқсанның 2-сі күні түн ішінде ғана жария етті. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев Саммит маңыздылығын былай деп түйіндеп айтты: «Біз мұндай жоғары деңгейдегі кездесудің нәтижесі жаңа «Астана лебінің» пайда болуына себепкер болады деп сенеміз. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда Хельсинки Қорытынды актісінің табиғи сабақтастығы әрі жалғасы болар еді...».
Атап айту керек, бұл жиынның еш ың-шыңсыз, өте ұйымдасқан жағдайда өтуіне республика Сыртқы істер министрлігі зор үлес қосты. Сонымен бірге, барлық тиісті мекемелер мен ұйымдар да өз жұмыстарын мүлтіксіз атқарды. Сондай-ақ, қорғаушы, құтқарушы, өрт сөндіруші, күзетші, таксист, т.б. сала қызметшілері де өз істеріне аса жауапкершілікпен қарағанын атап айту ләзім. Әсіресе, осы күндері Астана жұртшылығы мен тұрғындары бәріне де асқан түсіністікпен қарай білді.Олар бұл мәртебелі жиынның маңыздылығын терең ұғынды десе де болады. Олар қауіпсіздік шараларының өз деңгейінде орындалуына көмек қолын созды.
Міне, соның арқасында кезекті Саммит Астана қаласында өте жақсы өтті. Осылайша әлем елдеріне «Астана Декларациясы» жария етілді. Ол – тарихи құжат болып енді тарих қойнауына енетін болады.
* * *
Енді осы ЕҚЫҰ Саммитінің маңыздылығына аз-кем тоқталып өтелік. Бұл форум дүние жүзіндегі ең үлкен үнқатысу алаңдарының бірінен саналады. Айталық, 1999 жылы Ыстамбұлда өткен кезекті Саммитте мұндай жиын әр екі жыл сайын өткізіліп тұруы керек деп саяси шешім де қабылданып еді. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, бұл шешім орындалмады. Арада 11 жыл уақыт өтіп кетті. Саммит туралы еш сөз болмады.
Сонда себеп не? Ең алдымен, осы кезеңде ешбір ел ұсыныс жасаған жоқ. Екіншіден, қандай мәселені талқылау керектігін нақты айта алмады. Мәселенің жоқтығынан емес, сол қордаланған мәселелерге қай қырынан келу керектігін ажыратып айтқан ешкім болған жоқ. Мәселен, әр ел өз көзқарасымен келеді. Ол басқа алпауыт елдерге онша ұнамайды. Міне, содан барып аралық келіспеушілік туындайды да, мәселе созыла түседі.
Қазақстан қай жағынан ұтып отыр? Біздің ел кеңестік империя тараған соң қуаты жөнінен дүниедегі төртінші ядролық арсеналдың иесі болып қалды. Мұндайда кім қандай шешімге баруы мүмкін? Айту қиын. Ал Қазақ елінің Президенті Н. Назарбаев әлемді таңқалдырып, ядролық қарудан бас тартқанын жария етті. Бұған әлем елең ете қалды.
Тек бұл ғана емес, Қазақстан қай кезде де шиеленісті жағдайды ұрыс-керіспен емес, бейбіт жолмен шешу керектігін ұсынумен келеді. Дәл осы ұстанымды Ауғанстанға да қатысты айтып келді. Дәл осы ұстанымды Таулы Қарабақ мәселесінде де алға тартты. Дәл осы ұстанымды Қырғызстан жағдайында да ең тиімді жол ретінде ұсынды. Қысқасы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге қай жағынан алғанда да толық құқылы елге айналды.
Енді аманшылық болса, келер 2011 жылы біздің ел Ислам Конференциясы Ұйымына да басшылық ететін болады. Бұл деген не? Бұл – елімізді әлемге таныту; бұл – қазақ жұртының мәртебесін асқақтату; бұл – жас ұрпақтың алдынан даңғыл жол ашу; бұл – кешегі аталарымыз бен бабаларымыздың арманын жүзеге асыру.
Бабалар арманы дегеннен шығады, біздің қазақ – о бастан дипломат халық. Ол өз дәуірінде қандай қиындық болса да содан шығар тиімді жолды таңдай білген, дөп баса білген. Сонау сақ дәуіріндегі Анарыстан бастап, ақыл-ойдың кені Тоныкөк, Білге қаған, Қорқыт, Асан қайғы, Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари болып жалғасып келіп, Абай мен Шәкәрімге табан тіреген елде дипломатия болмады деп кім айтады? Ол-ол ма, ХХ ғасырдағы Алаш ардақтылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Шоқай, Х.Досмұхамбетов, М.Тынышбаев, т. б. секілді ел қамын жеген азаматтар да өз елінің болашағын осылайша көз алдына елестеткен болар.
Қазаққа керегі не? Ең алдымен – тыныштық! Содан кейін – рухани тәуелсіздік! Содан соң – экономикалық тепе-теңдік! Міне, осылар бар болса, біздің ел ешқашан жерге қарамайды.
* * *
ЕҚЫҰ-ның кезекті жетінші Саммиті сарапшылардың айтуынша, Қазақстанды жаңа қырынан танытты. Ең алдымен, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға жаңа еуразиялық өлшемді ұсынды. Сосынғы елеп айтарлығы, Қазақстан ұйымға басшылық еткен кезеңде әлемдегі барлық «ыстық нүктелерді» назардан тыс қалдырған жоқ. Одан да басып айтарлығы, Қазақстан 11 жыл бойы өтпей келе жатқан Саммитке жан бітірді, оны қайтадан «тірілтті». Тағы бір ескерте айтарлығы, Астана Саммиті Қазақ елін бүкіл әлемге паш етудің ең бір әдемі көрінісі бола алды.
Осынау үлкен форум күндерінде Астанада Саммит жұмысын насихаттау үшін арнаулы газет пен телеарна іске қосылғанын да айта кетуге тиіспіз. «Саммит ТВ» телеарнасы Caspionet арнасы арқылы әлемге хабар таратты. Оған қоса «Астана Таймс» атты ағылшын тіліндегі газет жарық көрді. Сонымен бірге, Саммит қарсаңында арнайы «ЕҚЫҰ журналы» да жарыққа шықты.
Жетінші Саммитті өткізу барысында қазақ жұртшылығы өзінің әдеби- мәдени өмірін насихаттап, әлем жұртшылығына көрсетуді де естен шығарған жоқ. Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында ел өнер шеберлерінің концерті болды. Оған барша қонақтар мен ел басшылары қатысып, тамашалады. Қысқасы, ЕҚЫҰ Саммиті қазақ ұлтының мәртебесін асқақтатып қана қойған жоқ, сонымен бірге, елімізге соны серпін ала келді.
Осылайша, Астана Саммиті жер жүзіндегі өзінің болашағына мейлінше алаңдайтын елдерге үн қатып, тағы да бейбітшілік пен тұрақтылық туралы пікір ұсынды. Саммит өтісімен, 3 желтоқсан күні Елбасымыз Н. Назарбаев барша қазақстандықтарға құттықтау жолдап, бұл форумды өткізу – бүкіл Қазақ елінің салтанаты, болашаққа деген нық сенімнің көрінісі болғанын жария етті. Сол құттықтау сөзінде: «Осынша ел басшыларының бір мезетте біздің елге қадам басуы – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға! Сондықтан бұл біз үшін мыңжылдықтың алғашқы саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын тарихи жағдай!..» деп атап өтті. Расында да, Астана Саммиті – ел мәртебесін асқақтатып, жұртшылық жүрегіне зор сенім ұялатқанын қайта-қайта айтуға тиіспіз.
* * *
Менің анам Бекзада Шаханқызы биылғы жылдың жаз айында дүниеден озды. Өзі көп те ауырған жоқ. Сексеннен асты, тоқсанға ілінбеді. Төсек тартып жатып қалған кезінде арнайы барып, басында отырып, кеңірек әңгіме- дүкен құрғаным бар. Сондай әңгіме үстінде анам айтты:
– Қарағым, мен әнеукүні түс көрдім. Түсімде біздің ауылға Нұрсұлтан балам келіпті. Маған жиналған жұрт: «Сіз оған ақ батаңызды беріңіз», деп өтініш жасады. Мен құп алып, Нұрсұлтанға бата бердім. Ол ақбоз аттың үстіне мініп отыр екен. Мен бата берген соң, шауып ала жөнелді. Бір кезде қарасам, әлгі ақбоз атқа қанат бітіпті. Ол аспанға қарай ұшты...
Мен сол шақта апамның әлгі түсіне аса мән бере қоймаған екенмін. Кейінірек қайта-қайта есіме алумен болдым. Әсіресе, ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтіп жатқан кезде...
Рас, Қазақ елінің мәртебесі асқақтады. Әлем Астанаға таңдана да, таңғала да қарады. Әлі де қарап тұр. Ендеше, туған елдің мәртебесі асқақтай берсін, бағымыз жана түссін деп тілейік!
Әлемді елең еткізген екі күннің шапағаты енді елімізді екі ғасыр бойы әлдилеп тұратын болсын!
Жолтай ЖҰМАТ, жазушы.