Марио НОБИЛО, Хорватия Республикасының өкілі:
– Астана – ғажайып қала. Әсіресе, осындай қыс кезінде шынында да тамаша көрінеді екен. Біздің сапарымыз жылдың осы мезгіліне дөп келгеніне қуанамыз. Бұл қала қайталанбас архитектуралық көрінісімен керемет сезімге бөледі. Мен Астана тұрғындарына бар жақсылықты тілеймін. Ал Қазақстан тарапынан ұйымдастырылған Саммит бүкіл әлем үшін ерекше маңызды жағдай екендігін атап өтпекпін.
* * *
Мохаммад Анвар АНВАРЗАЙ, БҰҰ-ның Ауғанстан СІМ халықаралық конференциясы департаментінің директоры:
– Мен осынау ұлы жиынға қатысушы ретінде Қазақстан Президентіне, Сыртқы істер министрлігіне шынайы алғысымды білдіремін. Олар бұрын-соңды кездеспеген қонақжайлық көрсетті. Мен Астанаға ғашық болып қалдым. Салынғанына он жыл болған бұл жаңа қала өзінің ерекше көрініс-келбетімен қайран қалдырды.
* * *
Аида ЭЙВАЗОВА, Қазақстан және Орталық Азия бойынша тілші:
– Өнер ұлттық университетінің ғимаратында орналасқан баспасөз орталығында журналистер үшін барлық жағдай жасалған, қандай да бір проблема кездеспеді. Мұнда БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне қажетті нанотехнологияның көптеген түрлері орнатылған. Әріптесіміз Мартин Сиф Қазақстанға Вашингтоннан алғаш рет келіпті. Оның айтуынша, ол қазақтың қазы-қартасынан дәм татып, қазақстандықтардың қонақжайлығын барынша сезінген.
* * *
САЙНМАРК, Мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жөніндегі арнайы өкіл (Финляндия):
– Қазақстанда өтіп отырған ЕҚЫҰ Саммитіне қатысқаным мен үшін үлкен мәртебе. Біз мұнда әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен қатар, басқа да көптеген проблемаларды сөйлеушілердің өз ауыздарынан естідік. Көптеген саясаткерлер атап көрсеткендей, араға он бір жыл салған Астана Саммиті аса жоғары деңгейде өтті. Онда талқыланған мәселелер әлемдік қоғамдастық үшін қажет. Еліме барғанда алған әсерімді, қазақ халқының шынайы қонақжайлығын айтып беретін боламын.