ҚЫРҒЫЗСТАН: КОАЛИЦИЯЛЫҚ ҮКІМЕТ ҚҰРЫЛДЫ
Жұрттың күткені жүзеге асты: ақыры Қырғызстанның үкіметі құрылды. Көп адамның көңілінде ұзағынан сүйіндірсін деген тілек жүр. Бұл ел экономикалық-әлеуметтік қиындықтан ғана емес, саяси дағдарыстан, билік дағдарысынан да әбден қажыған еді.
Парламентке кірген партиялар елдегі саяси күштердің, топтардың мүддесін қорғайды. Күні кеше қырқысқан күштердің басын қосу қиынның қиыны. Осы үкімет құру барысында ол айқын көрінді. Мүдделері жақындау деген үш партия: СДП, «Атамекен» және «Республика» партияларының коалиция құру жөніндегі алғашқы қадамдары сәтсіз аяқталды.
Көп адамның пікірінше, бұдан кейін үкімет құрудың мүмкіндігі жоқтай көрінген. Ал үкімет құрылмаса қайта сайлау өткізу керек. Ол дегеніңіз саяси күштердің, олардың соңынан ерген халықтың қайта қарсыласуы, бәлкім, қайта қырқысуы, қайтадан алашапқын арпалыс. Оған жеткізбеу керек. Соны жұрттың бәрінен де көп ойлаған Роза Отунбаева болар.
Үкімет құруды «Республика» партиясының серкесі Өмірбек Бабановқа ұсыну да біраз адам үшін тосын да негізсіздеу көрінген. Енді бұл ұсыныс бес партияның алдыңғыларына берілмей, мандаттары бойынша төртінші орындағысына берілуі де тактикалық тұрғыда көрегендік болды-ау дейсің. «Мықтылар» бір-біріне көне қоймайды, екіншісінің алдында кішірейгісі келмейді. Сонда араағайындыққа «кіші» жүрсе, келісімнің жолы ашылуы мүмкіндігін президент дөп басты деуіміз керек.
Жаңа үкіметті социал-демократиялық партияның серкесі Алмазбек Атамбаев басқарады. Ол бұл қызметте бұрын да, президент Қ.Бакиевтің кезінде де болған, онымен келісе алмай, босаған. Парламентте ең орны көп «Атажұрт» партиясының өкілі Ахматбек Келдібековке сол парламенттің спикерлігі тиді. Үкіметтік коалицияның бастамашысы Өмірбек Бабановтың вице-премьерлік қызметке қанағат еткенін де бағалаған жөн шығар. Бастамашы менмін, маған да ең жоғары қызмет тиюі керек десе, келісімнің ауылы алыс қонар еді.
Жалпы, коалицияға кірген партияларға қызмет жетерліктей. Үш вице-премьер, тағы да сол лауазым деңгейіндегі Ош пен Жалалабадты қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік дирекцияның жетекшісі, үкімет аппаратының жетекшісі, сондай-ақ 18 министр мен сол деңгейдегі мемлекеттік комитеттің басшысы қызметтерін бөлісер болса, партиялар қызметке қарық болатын сыңайлы.
Басқалар, сырт қалған партиялар үкіметтің мұндай құрылымына қалай қарайды дейсің. Сын айтатындар жетіп артылады. Бұрынғы уақытша үкіметте вице-премьер болған Әзімбек Бекназаров жаңа үкімет сапында бұрынғы екі президентпен істес болғандардың барлығын сынады, бүгінге дейінгі уақытша техникалық үкіметтен біраз адамды жаңа құрамға кіргізу де керек еді деген пікір айтты. Жаны бар сөз-ау дейсің. «Ар-намыс» партиясының көсемі Феликс Кулов оппозицияға кететінін мәлімдеді. Бірақ олар үкіметтің игілікті істерін қолдайтын, реті келген жерінде көмегін аямайтын оппозиция болмақ. Қырғызстан ата заңының атасы саналатын «Атамекен» партиясының көсемі Өмірбек Текебаевтың позициясы белгісіздеу. Коалицияға кірмегенмен, оны радикалды оппозицияға шығады деуге де болмайтындай.
БЕЛОРУССИЯ: ХАЛЫҚТЫҢ ТАҢДАУЫ – ЛУКАШЕНКО
Елде президент сайлауы өтті. Басқа жерлердегідей емес, сайлаушылардың дауысы түнімен саналып бітіп, таңертең қорытындысы жарияланды. Дауыс беруге сайлаушылардың 90,66 пайызы қатысқан, қазіргі президент Александр Лукашенконы дауыс бергендердің 79,67 пайызы қолдаған.
Бұдан халықтың белсенділігі де ерекше жоғары болғанын, өз басшыларына сенімдері де жоғары екенін аңғарасың. Әрине, бұл жерде келтірілген цифрлардың қаншалықты шындыққа келетініне назар аударған жөн-ау. Сірә, халықтың белсенділігіне көп күмән келтіріле қоймас. Ал дауыс беруде, оны санауда бұрмалаушылыққа жол берілді деу де көңілге қона бермейді. Сайлау оппозиция өкілдерінің, қоғамдық, шетелдік, халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен өтті.
Алдександр Лукашенко сайлау науқанын осы сайлау қарсаңында ғана емес, өзі президент болғалы бері жүргізіп келеді. Ісімен де, сөзімен де. Бұл – оның басқалардан үлкен артықшылығы. Бұл үшін оны жазғыра алмайсың. Кейде артық кетеді, кейде кем соғып жатады. Қалай болғанда да, халық оны сонысымен бағалайды. Рас, соңғы кезде ол өзінің сайлау науқанына біршама тұздық қосты – Ресейге тиісті, оның басшыларына тиісті. Тиіскенде, өз елінің егемендігін, халқының намысын алға тосты. Бұл сайлаушыларға үлкен әсер еткенін айтқан жөн.
Осы жерде Ресей басшылары мен бұл елдің ақпарат құралдары да Лукашенконың атына біраз ғайбат сөз айтып, оның аяғынан шалу орнына, оған мықтап қызмет көрсетті, насихат жұмысын жүргізді дер едік. Кейбір жетесіздер болмаса, басқалардың өз елінің басшы??? ????? ???сын сынап жатқанда, халықтың басым көпшілігі көңілімен оған ара түседі, өз басшысын қолдайды. Осылайша Лукашенко сайлау алдында өзін сынаушылар арқасында көптеген қолдаушылар тапты. 79,67 пайызда олардың қомақты үлесі бар.
Президент Лукашенконың қарсыластары туралы мұны айта алмайсың. Ең алдымен, оппозицияның басы бірікпей, әр партия өз жабыларын бәйгеге қосқанда-ақ жеңістің кімге бұйыратыны айқын болған. Жалпы, бұл елде қазіргі президентке бәсекелес болғандай тұлғалы қайраткер аңғарыла қоймайды. Әсіресе, осы сайлауда оған оппонент болғандардың арасында ондайлар жоқ. Айталық, науқанға алғашқылардың бірі болып айқайлап қосылған Владимир Никляевтің сырнаймен өлең айтып үгіт жүргізгенінен-ақ алысқа бармайтынын жұрт білген.
Сайлаушылардың оған 1,77 пайызы ғана дауыс берсе, оның одан артыққа үміт етуі де артық еді. Басқалардың да үлесін айтайық: ең көп дауыс жинаған А.Санников – 2,56, Я.Романчук – 1,97, Г.Костусев – 1,97, А.Михалевич – 1,2, В.Рымашевский – 1,1, Б.Терещенко – 1,08, Н.Статкевич – 1,04, Д.Усс – 0,48 пайыз. Олардың ешқайсысы да Лукашенконың шаңын көрмей қалған.
Оның есесіне олар сайлаудан кейін оның қорытындысы шықпай жатып, өз жақтастарын митингіге алып шықты. Не үшін? Сайлаудың бұрмаланғаны үшін бе, жоқ, Лукашенконың жеңгені, оған халықтың көп дауыс бергені үшін бе? Олар сайлау комиссиясы ғимаратының есік-терезесін қиратты, үкімет үйіне шабуыл жасап, оған тас лақтырды. Бұл әрекеттері үшін олар милициядан таяқ жеп, біраз адам, оның ішінде үміткерлер де бар, қамауға алынды. Кім айыпты? Оны ертеңдері анықтай жатар.
Лукашенко жеңіске жетті. Халықтың қалағаны – сол. Бұл үшін халықты айыптай алмайсың.
Мамадияр ЖАҚЫП.