Ресейдің Қостанайға көрші Челябі облысындағы қазақтардың «Бірлік» мәдени орталығы көптеген шаралардың ұйытқысы болып отырады. Қазақтың «құлақтан кіріп, бойды алар» әні атажұрттан жырақта тұрып жатқан қандастардың жүрегіне ұлттық рухтың ұшқынын тастауға және олардың дәстүр-салтты ұмытпауына да дәнекер. Сондықтан орталық өткізетін шаралардың ішінде «Жібек жолы» ән фестивалінің орны бөлек. «Бірлік» мәдени орталығы бұл фестивальді жетінші рет өткізді. Ән кешін биыл Челябі облысының Бреды ауданы орталығының көрермендері тамашалады.
Бреды ауданында төрт мыңдай қандастарымыз тұрады. Желтоқсанның аязды күніне қарамай, өнерлі қазақтар мұнда облыстың әр шалғайынан жиналыпты. Бір шеті Челябі, бір шеті Ноғайбақ сияқты бірнеше ауданның өнерпаздары бас қосты. Фестивальді ұйымдастырушылар онда орындалатын шығармаларды «Қазақтың халық әндері», «Эстрадалық әндер», «Музыкалық аспаптық шығармалар» және «Қазақ халқының биі» атты бірнеше аталымға бөлген. Тілдік орта жоқ, «арпа ішінде бір бидай» болып отырған қандастарымыз шама-шарқына қарай осы аталымдарды ұстануға тырысыпты. Әрине, орыс-орманның арасындағы өнерпаздардан ұлттық әуенді беруде биік талғамды талап етудің өзі әділ болмас еді.
– Қазақ әндерін біз теледидардан қазақстандық арналарды ұстау және магнитофонға жазып алған таспалар, караоке арқылы үйренеміз. Тіліміздің жеткенінше үйде айтып жаттығамыз,–дейді осы фестивальге қатысқан Бреды поселкесінің тұрғыны, мектеп оқушысы Жібек Әбілова.
Қандастарымыздың қазақ әніне деген аңсарын олардың мәдениет үйінің салқын залында осы шараның аяғына дейін кетпей отыруынан да байқағандаймыз. Сонымен қатар, қазақтардың әр ауданнан келіп, ұлттық тағамдар мен ұлттық бұйымдар көрмесінің ұйымдастырылуы да фестивальді қызықты ете түсті.
– «Жібек жолы» фестивалін шаманың жеткенінше жетінші жыл өткіздік. Челябі қазақтары, әсіресе, жастар жыл сайын осы шараға ынтызарлықпен қатысады. Себебі, қазақ әні жүрегіміздегі ұлттық сезімнің пернесі іспетті. Тілді нашар білсек те, қазақ әніне селсоқ қарай алмаймыз. Ән бізді түбірімізге тартып тұратын секілді,–деп толғанды Челябі қазақтарының «Бірлік» мәдени орталығының төрайымы Айгүл Камелькова.
Көкшетау филармониясының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова бас болған қазылар алқасы Бреды ауданындағы қазақтардың «Шаңырақ» мәдени орталығының мүшелері Мұқановтардың отбасылық ансамбліне бас жүлдені лайық деп тапты. Музыкалық білімі бар Мұрат апа-қарындасы Марина Сүлейменова және Жансұлу Сәденовамен қосылып, қазақ әндерін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар, басқа да жүлделі орындарды бредылық Кәмила Бисембаева, Қызыл ауданынан келген Әсел Дүйсенбаева бөлісті.
– Қазақ әндері мен билерін орындауға деген қазақ жастарының құштарлығы күшті. Бірақ бізде оларды кәсіби дайындайтын маман жоқ. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық киімдеріне де зәруміз. Жыл сайынғы өткізетін бұл шара «Бірлік» мәдени орталығы мүшелерінің энтузиазммен жүргізген жұмыстарының ғана нәтижесі, – дейді осы мәдени орталықтың жастар бөлімін басқаратын Қарлығаш Егембаева.
Фестивальдің өтуіне Бреды ауданындағы кәсіпкер-фермер Сәбит Мұхтарұлы және Агапов ауданындағы «Қарсақбаев» шаруа қожалығының директоры Айдархан Қарсақбаев демеушілік жасап, қолдау көрсетті. Сонымен қатар, Бреды ауданының әкімшілік басшысы Павел Аверьянов та шараның басынан аяғына дейін отырды. Ауданға жаңа келіп жатқан басшы алдағы уақытта мұндай шаралардың өтуіне өзі де қолдау көрсетіп отыратындығын айтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай-Бреды-Қостанай.