Дәл осы күні Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2010 жылдың қорытынды мәжілісі болды. Биылғы жылғы қарашаның 8-і мен 10 желтоқсан күндері аралығында өткізілген конкурстық ірікітеудің бірінші және екінші тураларының нәтижелері бойынша Республикалық комиссияның қарауына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін 519 үміткердің жеке істері ұсынылды.
Олардың ішіндегі 101 үміткер конкурстық іріктеуге шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен түсу арқылы қатысса, 418 үміткер жалпы конкурс негізінде өткен.
Өзге елдерде оқуға ниет білдіргендердің жалпы саны мынадай: бакалавриат – 186, магистратура – 228, клиникалық ординатура – 8, доктарантура – 1, ғылыми тағылымдамаларға – 96 үміткер.
Отырыс барысында белгілі болғаны, жастардың басым бөлігі өз құжаттарын АҚШ (174 адам), Ұлыбритания (122 адам), Ресей (49 адам), Канада (44 адам) секілді мемлекеттерде оқу үшін тапсырса, қалған үміткерлер Франция, Ирландия, Чехия, Нидерланды, Швеция, Швейцария, Малайзия, Германия, Австралия, Қытай, Норвегия секілді елдерді таңдапты.
«Болашақ» стипендиясынан үміткер жастардың көпшілігі «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер», «Мемлекеттік басқару», «Мұнай-газ ісі», «Құрылыс және сәулет», «Құқық», «Биотехнология», «Экономика», «Математика», «Білім беру саласындағы басқару» секілді мамандықтарды жан-жақты меңгеруге ниет білдірген көрінеді.
Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі 17 жыл ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы жас мемлекеттің дамуына қажетті салаларда мыңдаған маманды даярлауда өзінің қажеттілігі мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. «Алайда, Астанада барлық жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Назарбаев Университетінің» жұмыс істеуіне байланысты біз стипендиаттарды іріктеу мен оларды шетелге жіберу қағидаттарын қайта қарап шығуымыз қажет. Ол үшін аталған университетте білім алатын студенттердің мамандықтарын «Болашақ» бағдарламасынан шығаруымыз қажет. Ал жалпы алғанда болашақта Қазақстанда Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен білім берудің барлық жоғары талаптарына сай келетін университеттер бой көтеретін болады. Алайда, олардың арасында «Назарбаев Университетінің» шоқтығы биік болмақ. Бұл – біздің еліміздегі білім сапасының халықаралық стандартқа жауап беретінін айғақтайды», – деді ол.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының корытындысы бойынша 256 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау жөнінде шешім қабылданды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.