Ыстамбұл қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өтуде. Оған Қазақстан атынан еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысуда.
Саммитке қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Түркия Президенті Абдолла Гүл бұл ұйымға мүше мемлекеттердің жер көлемі 7 миллион шаршы шақырымды, адамдардың саны 400 миллионды құрайтындығын атап өтті. «Ұйымның әлеуеті орасан зор. Сонау 2005 жылы Астанада өткен сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ұйымның 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған болатын. Бұл маңызды қадам болды», деді Абдолла Гүл.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге көпжақты келісімдерді тиімді жүзеге асыру жөнінде ұсыныс білдірді. «Біздің ұйымға қатысушы мемлекеттердің мүддесі, экономикалық даму деңгейі, саяси көзқарасы әртүрлі. Сондықтан көпжақты келісімдерді жүзеге асырудың жаңа тәсілдерін қолдануымыз керек. Біздің ресурстарымызды толық пайдалану үшін бірлескен жобаларға назар аударуымыз қажет», деп атап көрсетті Кәрім Мәсімов.
Қазақстан Үкіметі басшысының айтуынша, ұйымға қатысушы елдердің мәдениеті, тарихы ұқсас. Мұның өзі өзара ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға жақсы мүмкіндік береді. «Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүшелікке өткеннен кейін оның күн тәртібіндегі мәселелерді жүзеге асыруға үлес қосуы үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Біздің басымдықтарымызды көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау салаларын құрайды», деген Кәрім Мәсімов ұйымға мүше елдерді осы саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
«Егемен-ақпарат».