Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен «Жігер» атты жастар фестивалі өмірге келген еді. Кезінде жыл сайын үзіліссіз өтіп тұрған сол жақсы бастама тәуелсіздік жылдары «Шабыт» деген атпен күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жер-жердегі таланттарды іздеп, таза бұлақтың көзін ашқан фестиваль арқылы Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сынды әншілер, Серік Байхонов, Хамитбек Мұсабаев сынды қаламгерлер қалың елге танылды. «Жігер» қаламына қанат бітірген талантты жастың бірі – сол кездегі жас қаламгер, бүгінгі белгілі жазушы Болат Шакимов десек, биыл Мәскеудің беделді баспаларының бірінен Болаттың «Что там, за далью?» атты көлемді кітабы көп тиражбен жарық көрген еді. Орыс тілінде жазатын Шакимовтің ең басты тақырыбы – тәуелсіздік жылдарындағы қазақтардың өмірі, олардың қиындықтарды еңсеру жолындағы ерен еңбегі, сол қарапайым ауыл адамдарының дүниетанымындағы өзгерістер мен жан дүниесіндегі иірімдер.
Жақында Ресей Жазушылар одағының мәжіліс залында Болат Шакимовтің жаңа кітабының тұсаукесеріне арналған шығармашылық кеш өтті. Кешті Ресей Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті қаламгер Валерий Ганичев кіріспе сөзбен ашты. Кеште сөз сөйлеген М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, ақын Людмила Шипахина, жазушы Сәбит Досанов, көркемсөз шеберлері Ямиль Мустафин, Валентин Осипов, Андрей Воронцов, т.б. Болат Шакимов шығармашылығына жоғары баға берді. Қазақстаннан арнайы барған өнер шеберлері кешті қазақтың халық әндерімен әрлеп, күймен кестеледі.
«Егемен-ақпарат».