БҰЛ – ХАЛЫҚ ТІЛЕГІ
Кеше еліміздің барлық аймақтарында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кең ауқымды есептік-сайлау шарасы басталды. Шара бірнеше кезеңді қамтиды. Ең алдымен, партиямыздың негізгі күші – бастауыш партия ұйымдарында ұйымдастырылды. Олардың жалпы саны еліміз бойынша 6 мыңнан асады, олар тікелей халықпен жұмыс жасайтындықтан, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымға баса назар аударып отыр. Есептік-сайлау жиындары барлық бастауыш партия ұйымдарында өтеді. Күн тәртібіндегі мәселелер: жұмыс қорытындысы туралы есеп, жаңадан басшылар сайлау және партияның 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын талқылау. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Астана локомотив депосында өткен жиынға партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысты. Сондай-ақ, нұротандықтар шығысқазақстандықтардың еліміздің тұңғыш Президенті өкілдігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамасын назардан тыс қалдырмады. Сондықтан болар, жиын барысында осы мәселе ерекше талқыға түсті. Партиялықтар референдум өткізу мәселесін толық қолдайтындықтарын білдірді. Нұрлан Нығматулин тек Қазақстан Көшбасшысы тұлғасы еліміздің болашақ дамуындағы негізгі фактор екеніне сенімді. «Береке мен бірлік, бейбіт өмір мен ұрпақтың жарқын болашағы – ол бүгін Қазақстанымыздың ең үлкен жетістігі. Ал осының барлығы Президентіміздің туған еліне жасап жатқан ерен еңбегінің жемісі. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетімізді алдағы уақытта да басқаруы туралы шешім қабылданса, меніңше, ол – тікелей халықтың тілегі екені сөзсіз», – деп атап өтті партия Төрағасының бірінші орынбасары. Дәл осындай қолдау «Нұр Отанның» барлық бастауыш партия ұйымдарында айтылды. Есептік-сайлау шарасы 25 қаңтарға дейін жалғасады.«Егемен-ақпарат».
* * *
ӨМІРІМ ДЕ, ӨРІСІМ ДЕ – ӨНЕР
Туған халқың туың қадар тұғырың болғандықтан, осы алтын бесікке басымды иіп, тағзым етуден еш талған емеспін. Қара ормандай қалың Қазақ еліне Сұлтанмахмұт ақын жырлағандай, әр перзенті: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда кім болам» деп Отан үшін отқа түсуге даяр тұрса, ел мен жердің көркейіп гүлденуі ең алдымен, адамдарына байланысты болып көрінеді маған. Елім деп еміренген ерке үн ескерусіз қалмайды екен. Ел-жұртымның бүгін маған көрсеткен осыншалық қошеметіне мерейім өсіп, көңілдің жас балаша толқуын қарасайшы. Елінің ерке қызы Роза Бағланова апамыз сөз бастарда әрдайым халқына ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып алатын. Шаттық күйіне бөленген менің де әуелі туған халқыма рахметімді айтып алу парызым секілді. Және мемлекеттің ең жоғарғы наградасын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен кеудеме қадап беріп жатса, өнер адамына мұнан асқан тағы қандай бақыт керек? Бағым – халқым. Дәулетім – өнерім. Осы екеуі дін аман болса, менің де кеудемнен кәусар саз үздіксіз сыңғырлап тұрар, ел мен жердің киесіне кіршіксіз сезіммен толғата саз төгілер, өмір-ағыс алға қол создыра берер. Туған жерге бергенім аз болмағанмен, әлі де алтын сандық түбінде асыл маржан аз көрінбейді. Өйткені, шығармашылық адамының табиғаты осылай жаратылған. Жаныған сайын жарқырай түседі олар. Болдым, толдым деп шалқаю жоқ бұларда. Ел-жұртым төбесіне көтеріп, марапаттап жатқанда жан дүниең жайбарақат жата ма? Бұл да болса Мәшһүр Жүсіп бабамыз айтпақшы: «Өмірде көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» секілді тірліктің салған өрнегі ғой. Дүниенің түрлі еліндегі болып жатқан небір сойқан нәрселерді көріп, түршігіп, бүгінгі ел-жұртымның алға басқан тірлігіне, ынтымақ-бірлігіне іштей жаным сүйсінеді. Ел басқарып отырған азаматтарды Құдай аман қылсын деген тілекті іштей қайталаудан жалықпаймын қайда жүрсем де. Шәкәрім атындағы Семей университетінің ректоры, Ерлан Сыдық деген азамат Елбасының президенттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту керек деп жұртқа ой тастап жатқанын теледидардан көріп қалдым. Оның сөзін дұрыс деп қоштап, Олжас ақын айтып жатыр. Осының бәрі жай нәрсе емес. Елдің тыныштығына, Қазақ елінің келешегіне мемлекет басында Нұрсұлтан Назарбаев сынды бүкіл әлем мойындаған адам отырса, Қазақстанның болашағы жарқын болады деген сөз. Мен мұндай ұсынысты толығымен қоштаймын. Ал менің қуанышыма ортақтасып, наградама құттықтаулар жолдаған барша жұртқа шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Барлық облыстың әкімдеріне рахмет. Жеке келіп құттықтаған еліміздің Бас прокуроры Қайрат Мәмиге мың да бір алғыс. Бір кездері өзім білім алған, одан кейін біраз жылдар басшы болып қызмет істеген алтын ұям – Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны, аяулы шәкіртім Айман Мұсақожаева басқаратын Ұлттық өнер университетін, өзім оқыған музыкалық колледжді ерекше атап өткім келеді. Аягөз бен Үржардағы, (Шығыс Қазақстан облысы), сосын Капланбектегі (Оңтүстік Қазақстан облысы) менің есіміммен аталатын мектеп ұжымдарынан келген құттықтаулардың жөні өз алдына бір төбе, әрине. Қуанышты бөліссең, көбейеді демекші, әлі күнге дейін жылы лебіз тасқыны толастар емес. Халқыммен қауыштырып, іштегі сырымды ағыл-тегіл ақтарып отыратын бас басылым – «Егемен Қазақстан» газетіне алғысым бар айтатын. Жалпы, осынау қуанышыма ортақтасып, тілегін аямаған әлеуметтің әмбесіне нұры жаусын Алланың. Осыған қоса жақында ТМД-ға мүше елдердің Парламентаралық ассамблеясы, «Древо жизни» қоры мен Ресей Федерациясы кеңесінің қолдауымен «Арт-ассамблея» продюсерлік орталығының ғылым, өнер, мәдениет, саясат, спорт саласындағы жемісті шығармашылық еңбегі үшін тағайындаған халықаралық «Древо жизни» сыйлығына ие болған атағым тағы бар. Қазақстаннан Жабайхан Әбділдин екеумізге мұны кеңестің төрағасы Сергей Миронов табыстады. Өзге елдер де өнерімді қадірлеуде. Мұны жалпы, қазақ өнеріне көрсетілген құрмет деп білемін. Бәрін айт та, бірін айт, жақсылықтарыма жаны қалмай қуанып, қуанышымды бөліскен барлық жәмиғатқа ақ, адал тілектеріңіз үшін басымды иіп, алғыс білдіремін.Еркеғали РАХМАДИЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері.
* * *
ӨЗІ БАСТАҒАН РЕФОРМАЛАРДЫ ӨЗІ АЯҚТАҒАНЫ ОРЫНДЫ
Республиканың қатардағы азаматы ретінде мен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жаңғырулары мен жетістіктерін айқын көріп келемін. Және біздің барлық табыстарымыздың бүтіндей және толықтай Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен басшылығының арқасы екенін нақты білемін. Жергілікті ұлттың өкілі болып табылмайтын мен үшін Мемлекет басшысы құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты институт өте маңызды. Этносаралық қарым-қатынастарды реттеудегі біздің еліміздің оң тәжірибесі бүгінде лидерлері мен мемлекет қайраткерлері Н.Ә.Назарбаевты ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделінің негізін қалаушы деп орынды санайтын әлемнің көптеген елдері үшін үлгі болып әрі зерттеу нысанына айналып отыр. Екі онжылдық қана өткен қысқа мерзімде Қазақстан әлемде танымал елге айналды. Түрлі ұлттар өкілдерінің арасындағы бейбіт өмірді, келісім мен достықты мемлекеттіліктің негізіне қалай отырып, біздің еліміз алға қойған мақсаттарға қол жеткізу жолында сенімді алға басуда. Бүгінде Қазақстан — бұл әлеуметтік-экономикалық дамудың айқын стратегиясы мен нақты перспективаларына ие әлемдік қоғамдастықта кең танылған мемлекет. Қазақстанға ЕҚЫҰ төрағалығын жүктеудің өзі де біздің Президентімізге, жас республикамызға әлемнің жетекші елдерінің көрсеткен жоғары сенімінің тағы бір айғағы. Әлемдік державалар лидерлерінің Астанаға ЕҚЫҰ Саммитіне келуі — мойындалған Лидер және Адам ретіндегі Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ең жоғары құрметтің белгісі. Бірақ мен үшін ең бастысы — ол Мемлекет басшысының жоғары адамгершілік қасиеті. Оның терең өнегелілігі, біздің өмірімізді жақсартуға деген шынайы ұмтылысы, әңгімелесушіні тыңдай және оған жанашырлық таныта білуі. Президенттің өмірге құштарлығы мен сенімділігі өзгені де баурап алады, ондай адамның қасында өзіңді қорғанышты сезінесің. Батысқазақстандықтар оның бүкіл бастамалары мен реформаларын қолдай отырып, ел Президентіне шынайы құрметпен және түсіністікпен қарайды дегенді сеніммен айта аламын. Өзіңнің бүкіл ұшқары әрі жеке мүддедегі ойларыңды ысырып тастап, Қазақстан Республикасының барлық халқына қатысы бар принципті шешім қабылдайтын сәт туады. Ел Президенті бастаған бүкіл экономикалық және саяси реформалардың тағдыры шешілетін дәл қазіргідей сәтте ол реформаларды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің соңына дейін жеткізгені қисынды болар еді.Сергей ПОГОДИН, Орал қаласындағы Орыс орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
* * *
ХАЛЫҚ ҚАЛАҒАН КӨШБАСШЫ
Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі республикалық ынталы топтың ұсынысын Жамбыл облысы жұртшылығы қызу қолдап отыр. Шығыс Қазақстан облысының ынталы тобы ұйымдастырған жиынғы қатысып, олардың бастамаларын қолдап қайтқан қоғамдық ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері бұрнағы күні облыс тұрғындарының өкілдерімен кездесті. Тараз мемлекеттік университетінде өткен осы жиында еңбек ардагері, саясаттанушы Әлмұхан Исақ Мемлекет басшысының ел экономикасын дамытып, сонымен бірге бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған сарабдал саясаты арқасында әлем алдындағы беделі жылдан-жылға өсіп келе жатқанына ерекше тоқталды. – Ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында елдің экономикалық жағдайы түзелді, қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі көтерілді. Соның арқасында Президент халық жүрегінен орын алды. Дәл қазір оған балама жоқ. Ал мұндай жағдайда сайлауды күтіп, сарылып отырудың не қажеті бар? Сондықтан, мен еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі республикалық ынталы топтың ұсынысын өте дұрыс бастама деп санап, оны қолдауға шақырамын. Ел халқы бұл саяси қадамнан ұтпаса, ұтылмайды. Өйткені, қарапайым халық референдум арқылы уақытын да, қажыр-қайратын да үнемдейді. Бастамашыл топтың өзім естіп келген ұсынысын бір ауыздан қолдап отырған Шығыс Қазақстан жұртшылығы өкілдерінің дәйегі де осыған келіп тіреледі. Бұл бастаманы жамбылдықтардың да бір адамдай қолдайтынына күмән келтірмеймін, – деді ол. Өскеменде өткен жиынға қатысып келген жамбылдық азаматтар мен азаматшалар да өз пікірлерін ортаға салып, украин, ұйғыр ұлттық-мәдени орталықтарының жетекшілері Ф.Клименко, М.Тұрдиева, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіподақтардың облыстық кеңесінің төрайымы Г.Орынбаева, Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Ә.Ахметов жиналған жұртшылықты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашылар тобының Үндеуін бір ауыздан қолдауға шақырды.Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.