28 Желтоқсан, 2010

Президент поштасынан

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Еліміздің абыройын асқақтатты Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевты ЕҚЫҰ Саммитінің табысты өтуімен құттықтаған хаттар мен жеделхаттар еліміздің жұртшы­лы­ғынан, қазақстандық және шетелдік қоғам қайраткерлерінен көптеп келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің бас­пасөз қызметі. Атап айтқанда, «Жақында Астана қаласында Қазақстанның төрағалығымен өткен ЕҚЫҰ-ның Саммиті үлкен табыс­пен аяқталды. Осындай беделді ұйым­ның төрағасы әрі саммит шақырушы ел ретінде Қазақстан өз атын адамзат та­рихына алтын әріптермен жазды!», дейді Елбасыға жолдаған хатында Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры, Түркітілдес мем­лекеттер Ақсақалдар кеңесінің төр­ағасы Мырзатай Жолдасбеков. Одан әрі автор: «Тәуелсіздіктің елең-алаң жыл­дарында Сіз көтерген Еуразия идеясы бүгінде шын мәнінде жүзеге асты. Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы да табыспен өтті» дей келіп, бүгінде Қазақстан қол жеткізген толағай табыстар Елбасының атымен тығыз байланысты екенін атап көрсеткен. Бұл хатқа Түркия Республикасы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Түркия Рес­пуб­ликасы Президенті Әкімшілігінің бас­шысы Мұстафа Исен, Әзірбайжан Ақса­қалдар кеңесінің төрағасы Будагов Будаг Абдулали оғлы және Қырғыз Респуб­ликасы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қырғыз Республикасының бұрынғы Мем­лекеттік хатшысы Ишенбай Абду­ра­зақов қол қойған. Ал Шығыс Қазақстан облысынан хат жолдаған Серікқали Кәкенұлы Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ Саммиті елі­міздің абыройын асқақтатып, қазақ халқының даңқын бүкіл әлемге паш еткенін мақтаныш сезіммен жазады. Алматы қаласының тұрғыны Ержан Көлдеев ЕҚЫҰ Саммитінің табысты өткенін айтып, Елбасыға зор денсаулық, ел мүддесі жолындағы қызметіне табыс тілейді.