25 желтоқсан күні мұнайшылар астанасы Жаңаөзен қаласында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы құрметіне Даңқ аллеясы ашылды. Онда Премьер-Министр К.Мәсімов, облыс әкімі Қ.Көшербаев, еңбек ардагері Ө.Алшымбаев сөз сөйледі.
Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларына орай Жаңаөзен қаласының келбеті өзгеріп, келешегі кемелденіп келе жатқандығын ризашылық сезіммен әңгімелеген-ді. Шындығында да, мұндағы әлеуметтік сала нысандарын, тұрғын үйлер салу қарқынды. Көшелер де абаттанып, қала жолдары да қалыпқа келе бастаған. Осы жылдың өзінде ғана қаланың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге 15,2 млрд. теңге бөлініпті. Ал Жаңаөзеннің республикамыздағы облыстық бағыныстағы жиырмадан астам қалалар ішінен осы жылдың ІІІ тоқсанындағы аймақішілік даму рейтингісі бойынша бірінші орын алуы да көп нәрсені аңғартса керек. Кешегісіз бүгін жоқ. Тарихты жасаушы да, жаңартып ертеңге жалғаушы да әр аймақтың әйгілі адамдары. Сондықтан оларды ардақтау, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге ету игілікті іс екені сөзсіз. Аталмыш Даңқ аллеясын салуды қолға алған белгілі мемлекет қайраткері Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры. Негізгі мақсат, елге еңбегі сіңген асылдарды ардақтау, қала тұрғындарының ойдағыдай дем алуларына жағдай жасау.
Аллея құрылысына келсек, көкпен таласқан мұнара басына мемлекеттік рәмізіміздегі алтын қыран қондырылыпты. 4,18 гектар жерді алып жатқан аумақ көгалдандырылып, 10 дана мәрмәр тақта бөлек-бөлек орналасқан. Ол тақталардың бірінде Пір Бекет ата бастаған қасиетті бабалар есімі, екіншісінде билер, шешендер, өнерпаздар болса, үшінші мәрмәр тақтада Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсеткен Кеңес Одағының батырлары, даңқты жерлестеріміз: Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдығараев, Біләл Қалиев, Ленин орденді қаһарман Исатай Сүйеубаев, Даңқ орденінің толық иегері Кемер Оңғалбайұлы есімдері жазылыпты. Келесі бір тақтада ғұлама ғалымдар есімі. Олар: О.Тұрмағанбетұлы, Е.Оразақов, Ғ.Айдаров, С.Шалабаев, Қ.Сыдиықов, М.Атымов, Н.Жұбаев, т.б.
Келесі жылы Маңғыстауда Жетібай кен орнында алғашқы мұнай алынғанына 50 жыл толады. Соған орай 11 мұнайшы-геолог Лениндік сыйлық алыпты. Олар: Х.Өзбекқалиев, Х.Махамбетов, В.Матвеев, В.Токарев, Н.Черепанов, Ж.Досмұханбетов, Б.Дьяков, Ш.Есенов, Н.Имашев, Е.Иванов, Н.Каленин, әттең бәрі өмірден өтіпті. Бірақ осы жерге келгендер еске алады, рухтарына тағзым етеді. Арнайы тақтаға жазылғандай Кеңес Одағының ең жоғары наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағына алты адам ие болыпты. Олар: С.Жалғасбаев, А.Еремин, Т.Қадыров, С.Рысқалиев, Н.Қарабалаев, Г.Шевченко.
Осы бір игі шараны қолға алушылардың ақылдаса, кеңесе отырып Жаңаөзен ғана емес, өңірдегі өзге мұнай-газ кен орындарын ашқандардың да есімдерін ұлықтап, еңбектерін ескергендіктеріне ризашылық білдіргендерді кездестірдік және риза болдық. Мәрмәр тақталарға көз салсақ Маңғыстаудағы ірілі-уақты кен орындарын ашқандар саны 41 екен. Олардың ішінде Ж.Досмұханбетов, Қ.Мырзағалиев, С.Таянов, Ғ.Балмұханбетов, А.Волочаев, Ә.Нұрманов, Р.Бердіғожин, С.Жылқайдаров, К.Әлібеков, т.б. есімдерін оқуға болады. Сол бір салтанатты сәтте Маңғыстаудағы алғашқы жоғары білімді геолог, ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы Әділ Нұрмановпен әңгімелесудің сәті түсті. Үш-төрт жыл бұрын Нәсіпқали бауырымыз қолға алмақшы болған. Өзі өмірден озды. Өкінішті-ақ. Дегенмен, «Мұнайшы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, белгілі геолог Сайлау Жылқайдаров, аталмыш қордың облыстағы өкілдері К.Рзаханов, Т.Базарбаев сияқты азаматтар ол істі жалғады. Дұрыс болды. Қай кен орын қашан, қалай ашылды? Кімнің қандай еңбегі бар? Бұл елге, жастарға керек. Осы азаматтар алдағы мезгілде осы жерде мұнай мұражайын ашпақшы. Ол кезде әңгіме құжаттар, суреттер арқылы тереңірек әрі әсерлі болады. Ол іске де сәттілік тілеп, үлес қосу парызымыз деп ойлаймын.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Қызметкерлер және әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Тарас Хитуов өткенді ескеріп, бүгінгіні бағалауға бағытталған бұл нысанға Компания тарапынан 100 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілгенін, жалпы өндірістік филиалдан өткен жылдан бері әлеуметтік, шаруашылық нысандарының заман талабына сай салынып іске қосылуда екендігіне де тоқталды.
– Шындығында да бұл аллея шежіре шертіп тұрған орын, – дейді Тарас Киікбайұлы. – Мысалы, республикамыздағы мұнай алыптарының қатарындағы Өзен кен орнында Жаңаөзен халқының көпшілігі еңбек етеді. Бір кездері мұнай-газ өндіру басқармасы, сосын 90-жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ кейінгі жылдары «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы болып аталады. Бірақ, аты өзгергенімен заты өзгерген жоқ. Қай кезде де мұнайшылар қаласының туындаған сан-түрлі мәселесін шешуге үлес қосып келеді, өйткені, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу біздің саясаттың да басым негізгі бағыты. Осы жерде жоғарыда атымыз өзгергенімен деген сөзге орай айта кететін бір құптарлық жағдай аллеядағы бір мәрмәр тақтаға аймақтың әйгілі адамдарымен қатар Маңғыстау мұнайын игерудің алғашқы жылдардағы мекемелердің атауларын тасқа ойып жазу орынды болған. Мысалы, алпысыншы жылдардағы іргелі кәсіпорын Батыс Қазақстан геология басқармасы, Маңғыстау мұнай-газ барлау тресі, Маңғыстау мұнай геофизика тресі, Қазақстан мұнай бірлестігі, т.б. Көбі қазір жоқ немесе басқаша аталады. Ал оны кейінгі ұрпақ біле бермейді. Аллея салу үлкен шаруа болды. Әсіресе, орналасқан жерінің қала мешіті мен ардагерлер үйінің қасында болуы үндестік тауып-ақ тұр. Ең негізгісі, осы жерге келген ұрпақ, қала қонақтары тарихпен танысып, нұрлы келешекке деген кереметтей сезіммен кетері анық. Ал біздер осы аллеядағы мәрмәр тақтада Өзенмұнайгазда әр жылдары басшы болып елге ерекше қызмет еткен Рахмет Өтесінов, Юрий Корчагин, Махамбет Батырбаев, Жақсылық Жанғазиев, т.б. ардагерлер есімі тұруын мақтаныш етеміз. Тарихымыз тереңдеп, келер күндерге деген үмітіміз үкілене түссін деген тілек бар.
Және де осынау салтанатты сәтке «ҚазМұнайГаз» ҰК президенті Қ.Қабылдиннің де қатысып, қала тұрғындарының қуанышын бөлісті. Аллеяны аралай түссеңіз мұнайшылардың арасынан әр жылдары сайланған Жоғары Кеңес депутаттарының, мемлекеттік сыйлық иелерінің есімдерін көрер едіңіз. Сондай-ақ еншісі бөлінбеген бұрынғы Гурьев (Атырау) мен Маңғыстау облысын, Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы аудандардың кен орындарын игеруде елеулі еңбек еткен басшыларының аты-жөндерін оқуға болады. Олардың ішінде Н.Оңдасынов, С.Құбашев, А.Құлыбаев, Т.Әшімбаев, С.Мұқашев, Н.Марабаев, Ф.Новиков, Л.Қиынов, Б.Палымбетов, Қ.Көшербаев, И.Әбенов, Қ.Исентаев, Х.Нұрғалиев, Х.Ережепов, Е.Күмісқали, Т.Айдарханов, М.Әбілханов, Ж.Бабаханов, т.б. бар. Сөз арасында осынау игі шарадан мол хабары бар ел ағасы, Жаңаөзен қаласы әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Айдаровпен де әңгімелесудің сәті түсті. Бұл аллея бізден гөрі кейінгі ұрпаққа керегірек. Өйткені, бұл алаң тұнып тұрған тарих. Біз тәрбиені балабақшадан, мектептен бастаймыз. Бұл жерді сондай тәлім-тәрбие орны деуге болады. Өйткені, аллеяны бір аралап шыққан адам аймақтың тарихи тұлғаларын, Ұлы Отан соғысының қаһармандарын, атақты мұнайшылар мен мемлекеттік қайраткерлер есімімен де бірден терең танысады. Ойланады. Жақсы азамат болып өсуге талпынады. Аллея сонысымен қымбат, сонысымен құнды. Дәл осындай ойлы пікір, шынайы сезімдерді Жаңаөзеннің өсіп, өркендеуіне елеулі үлес қосқан ел азаматтары ҚР жер қойнауының құрметті барлаушылары, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматтары атағының иелері Аманжан Өтесінов, Қолғанат Құлсариевтен де естідік. Қорыта айтқанда, Даңқ аллеясын аралап, көріп жүрген тұрғындар мен қонақтардың қуаныштары мен ризашылық сезімдері анық сезіліп тұрды. Өйткені, өнегелі өткен өмір, ел үшін жұмсалған қажыр-қайрат ұмытылмайды, ескірмейді екен. Ал соны анық сезініп әзірге елде баламасы жоқ ерекше аллеяны жобалаушылар есімдері республикамызға кең танымал сәулетшілер, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлер Қазақстан Архитекторлар одағының вице-президенті Саматбек Бөкебай мен Сайын Назарбекұлы. Маңғыстаулық сәулетші, ақын С.Назарбекұлы Семейде Абай-Шәкәрімнің, Қаратаудағы Домалақ Ананың, Атырауда Хан ордасы – Сарайшық кесенелерінің, Маңғыстауда Абыл ақын, Досан батыр, т.б. күмбездердің авторы. С.Бөкебай Астанадағы Қазақ елі, Атыраудағы Исатай-Махамбет монументтерінің авторы. Тапсырыс беруші Жаңаөзен қалалық әкімдігі, жұмысты жүзеге асырған «Қазахстрой» жобалау компаниясы, «Парыз» серіктестігі. Сөйтіп, мұнайшылар ордасында халықты береке-бірлікке, адал еңбек пен адамгершілікке шақырып, тарихпен тілдестіріп шежіре шертіп-ақ тұратын Даңқ аллеясы ашылды. Ол қаланың сәнін келтіріп, салтанатын арттыра түсетін сүйікті орынға айналды деп ойлаймыз.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы.