28 Желтоқсан, 2010

Елбасымен біргеміз!

1179 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік уәкілеттігін ұзартуды қолдайды

Қазақстан халқы Ассамблеясының ел азаматтарына үндеуі

Қымбатты отандастар!

Қадірлі азаматтар!

Үстіміздегі жылы 23 желтоқсанда Өскемен қаласында Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың республикалық жиналысы болып өтті. Республикалық жиналысқа қатысқан 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан келген 850 делегат  бастаманы бірауыздан қолдады. Олардың қатарында танымал қазақстандық ақын Олжас Сүлейменов, генерал-лейтенант, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүше­лері, этномәдени орталықтардың басшылары, танымал қоғам қайраткерлері бар. Республикалық референдум өткізуге дайындық жөніндегі Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын 320 адамнан құралған бастамашы топ ұйымдастырылды. Оның төрағасы болып Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сайланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастаманы  бірауыздан қабылдайды және толық қолдайды. Біз мұның мемлекеттің келешекте тұрақты дамуы үшін, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің артуы үшін және Қазақстан халқының игілігі мен өсіп-өркендеуі үшін қажет екендігіне айқын сенімдіміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті ретінде өкілеттілігін     2000 жылға дейін ұзарту жөніндегі жалпыхалықтық референдум өткізуге бастамашылық жасағаны белгілі. Қазақстан халқының экономикалық, әлеуметтік прогресс жолында, демократиялық мемлекет құруда түбегейлі өрлеу жолына түсуіне мүмкіндік берген бұл қадамның дұрыстығын тарих дәлелдеді. Бүгінде Қазақстан Ұлт Көшбасшысының басшылығымен ауқымды әлемдік экономикалық дағдарысты нық еңсерген кезде, еліміз нәтижесі Қазақстан халқының талай ұрпағының тағдырын айқындайтын үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың жауапты кезеңіне аяқ басқан кезде, Қазақстан халқы Ассамблеясы – елді, халықты қандай қилы жағдайлардан абыроймен алып шыққан, тарихи өлшемдегі міндеттерді шешу қабілетін ісімен дәлелдеген Көшбасшыға сену дұрыс деп біледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында, оның бірқатар мүшелері өз баяндамаларында еліміздің Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбас­шы­сының өкілеттігін мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар аяқталғанға дейін ұзарту туралы бастама  көтерген болатын. Баяндамаларда Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіздігімізді орнатудың басында тұрғандығы, қазақстандық даму жолын айқындаған, тағдырлы шешімдердің оның атымен тікелей бай­ланысты екендігі атап өтілді. Тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім, небәрі жиырма жылдың өзінде жаңа мемлекет құрылып, Қазақстан таңданарлық жетістіктерге қол жеткізді және бұл орайда бізге осы даму қарқынын жоғалтуға бол­майды. «Қазақстан-2030» Стратегиясында және 2020 жылға дейінгі стра­те­гиялық даму жоспарында көрініс тапқан белді міндеттер – Қазақстанның келешектегі өсіп-өркендеуінің кепілі. Ассамблея осы бағдарламалардың жү­зеге асырылуын Ұлт Көшбасшысының басшылығымен ғана байланыстырады. Мұны, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси жетістіктерінің айшықты мойындалуы болған 56 қатысушы ел бірауыздан қолдау білдірген Астанадағы Саммиттің өткізілуі паш етті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанның Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен өрісті мемлекет ретінде орныққанын ғана емес, оның ғаламдық қауіпсіздік пен әріптестікті қамтамасыз ету ісіне лайықты үлес қосқан, абыройлы аймақтық державаға айналғанын көрсетті. Бұл жаңа Қазақстанның сәулетшісі мен құрылысшысы – Президент Н.Ә.Назарбаевтың керемет қызметінің жарқын нәтижесі, оның әлемдік өлшемдегі Көшбасшы екендігінің айқын дәлелі! Бұл – біздің Президентіміз бен Қазақстан халқының сөзсіз жеңісі! ЕҚЫҰ Саммитінің сәтті өткізілуі азаматтардың патриоттық сезімін асқақтатып, біздің қоғамның бірлігін нығайта түсті, еліміздің әрі қарай экономикалық және саяси өркендеуінің қуатты негізі болды. Біз барлығымыз бірлесе отырып,   Ұлт Көшбасшысының басшылығымен бақуатты, өсіп-өркендеген және барша әлемге танымал – ҚАЗАҚСТАНДЫ құратынымызға Ассамблеяның сенімі мол. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды Тұңғыш Президенттің және ол жүргізіп келе жатқан саясаттың маңына топтасуға шақырады. Бұл елдің болашағы үшін қажет, өйткені реформалардың жемісті болуы таңдап алынған бағыттан айнымаумен байланысты. Бұл мемлекеттің тұрақты дамуы және қоғамдық келісім мен бейбітшіл саясатты сақтау үшін маңызды. Біздің балаларымыз үшін, ертеңгі күнге деген сенім үшін, қазақтың берекелі жерінің тыныштығы үшін, біз барша Қазақстан халқын референдум туралы бастаманы қолдап – Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жалпыхалықтық қолдау білдіруге шақырамыз. Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы гүлдене берсін! Қазақстан халқы Ассамблеясы. 2010 жылғы 25 желтоқсан, Алматы қаласы.

Бағалы шешім

Іле ауданы Ақши ауылында облыс әкімі С.Үмбетовтің қаты­суымен өткен жиында барша жұрт Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі ре­ферендумның бастамашы то­бы­ның Үндеуін қызу қуаттады.  Өйт­кені, Елбасының сарабдал сая­сатының арқасында Қазақстан тарих өлшемімен алғанда ғасыр­ға пара-пар жолдан өтті. Бұл бү­кіл дүниежүзілік қауымдастық мой­ындаған шындық. Былайша айт­қан­да, туған еліміздегі бүгінгі биіктік, толағай табыс кез келген ха­лықтың маңдайына жазыла бер­мей­тін бақ-береке, деген Серік Әбі­кен­ұлының тұ­жы­рымын жұртшы­лық бағалы шешім ретінде қуат­тады.

Басқосуда еңбек ардагері Рахман Жарықбаев тәуелсіздік өзді­гі­нен келген жоқ, деді өз сөзінде.  Бұл азаттықтың ақ таңын аңсап, ат үстінде өткен ата-бабаның ұр­пағына аманат еткен арманының жүзеге асуы. Әділетті, адал­дық­ты, бірлікті ту еткен халқы­мыз­дың кең пейілі мен маңдай терінің өтеуі. Осының барлығы байыпты басшылықтың арқасында мүмкін болғанын атап айтқым келеді. Бү­гінгі жиынды пайдалана отырып, барлық Жетісу жұртшылығын, ауыл­дастарымды Қазақстанның тұңғыш Президенті – Ұлт Көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың президенттік өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі бастамашы топ­тың ұсынысын қызу қолдауға шақырамын, деді. – Мен қазақ халқының дос­тық пейілін, ақ дастар­қа­нынан дәм та­тып, мейірбан­ды­ғын көрген жанмын. Қазақстан – менің Ота­ным. Отбасыммен оның гүлде­нуі­не үлес қосып, жас ұр­паққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жемісті еңбек еттім. Елімізде ұлттар мен ұлыстардың арасындағы өзара түсіністік шешімін тапқан. Осының барлығы тұңғыш Президентіміздің ұстан­ған саясатының жемісі Қаз тұрған Қазақстанның бү­гіні мен ертеңі нұрлы. Ол үшін Ұлт Көшбасшысы –тұңғыш Пре­зи­дентіміз 2020 жылғы жел­тоқ­санға дейін бастаған ісін алға апарғанын қалаймын. Шығыс Қа­зақстан облысындағы ынталы топ ұйымдастырған жиын үлкен көрегендік іске жолбасшы болды, деді ардагер ұстаз Татьяна Ивановна Шмидт. Осындай жүрек­жар­ды лебіздерімен Тоқаш Бокин атындағы орта мектептің оқу­шысы Сымбат Дарыбай, еңбек ардагері Дәуітақын Шеженбаев және басқалары сөйлеп, Елбасы халқын, Отанын сүйетін нағыз Ұлт Көшбасшысы екендігіне тоқ­талды. Осылайша жиын елжан­ды­лық рухта жалғасып, Үндеуді қолдайтындықтарымен ерекшеленді. Күмісжан БАЙЖАН.

Мен Нұрсұлтанға сенемін

Әуелі теледидардан, содан кейін кешегі бірқатар газеттерден бүкілхалықтық республикалық ре­ферендумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкі­леттігін 2020 жылға дейін ұзар­ту жөнінде көтерілген бастама жайында естіп-біліп, көңілім бір демделіп қалды. Осындай бір жағдайды іштей өзім де күтіп жүрген едім. Бұл бастаманы Өс­ке­мен қаласында өткен құрыл­тайда Шығыс Қазақстан облы­сы­ның бір топ белсенді азаматтары көтерген екен. Олар мұның ал­дында осынау маңызды мәселені әуелі достарымен, әріптес­те­рі­мен, пікірлестермен, еліміздің түрлі өңіріндегі өкілдермен тал­қылап алған көрінеді. Бастаманы барлығы қолдапты. Жоғарыдағы ұсынысты қолдаушылар қата­рынан белгілі қоғам қайраткері, ақиық ақынымыз Олжас Сүлей­меновті, ауған соғысының ардагері, «Халық Қаһарманы», генерал Бақытжан Ертаевты, со­ны­мен бірге бірнеше халық қалау­лыларын көріп, өз сенімімді одан әрі бекіттім. Сенім демекші, Нұрсұлтан Әбіш­ұлына мен әуел бастан сенген адаммын. Отыз жылдан астам уақыт үзеңгілес жүріп, тізе қосып бірге еңбек еттік. Әрқашан ол кісіні қолдаушылар қатарынан табылып отырдым. Елбасы сені­мінің арқасында жиырма жылға тарта еліміздің Ардагерлер ұйы­мын басқардым. Осы кездерде көшбасшымыздың бойындағы са­­рабдал қасиеттерді, кемел кө­регендікті жақыннан танып білдім. Нұрекең өтпелі қиын шақ­тарда халқын қобалжытпай, бо­лашаққа батыл қадамдармен бастай білді. Өтпелі кезеңдегі нарық қиындығын жеңіп шықты. Қазақ­станның халықаралық беделін көтеріп, бар әлемге мойындатты. Көптеген белді мемлекеттердің белін қайыстырған әлемдік қар­жы дағдарысын басқалардан бұ­рын еңсерді. Елімізде тұрмыс көркейді, өмір гүлденді, эко­но­ми­ка аяғынан тік тұрды. Еуро­па­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына Қазақстанның төр­ағалық етуін Нұрсұлтан Назар­баев­тың әлем алдындағы абырой-беделінен ешбір бөліп қарауға болмайды. Ал Астана Саммиті осы төрағалықтың тәжіне, Тәуел­сіздігіміздің сәніне айналды. Қа­зақ­станды бөле-жара осындай биік мерейге жеткізген нәрсе Ел­ба­сымыздың қажыр-қайраты екен­­дігі ешбір күмәнсіз. 56 елді, қан­шама халықаралық ұйым­дар­ды тоғыстырған мұндай ауқымды Саммит өткізуге жүрегі дауалап тәуекел ететін ел бүгін таңда ілуде біреу. Мұның өзі Көшбасшыға деген халық сенімін одан әрі нығайтып, молайтып, арттыра түс­кендігі сөзсіз. Олай болса, Пре­зидент өкілеттігін он жылға ұзарту туралы ұсыныс айтылып, бастама көтерілуі сол халық се­німінің айғағы деп білуіміз керек. Өз басым бұл ізгілікті ұсы­нысты толығынан қолдаймын. 1998 жылы еліміздің Ардагерлер ұйымы Нұрсұлтан Әбішұлын өз алқалы жиынында президенттікке ұсынған болатын. Осы және кейінгі сайлауларда мен қатары­нан үш рет Нұрекеңнің Президент сайлауындағы сенімді өкілі болғанымды мақтаныш етемін. Сексеннен асқан жасымда Елба­сы­мыздың сенімді өкілі болуға әлі де әзірмін. Себебі, менің қа­дір­менді Нұрсұлтанға деген сенімім жан-жүрегімнің тереңінде жа­тыр. Ол сенімді бұған дейінгі кү­реске толы өмірдің өзі шыңдаған. Мақтай САҒДИЕВ, республиканың құрметті дербес зейнеткері.

Ел бастаған Елбасы

Желпініп қайыңдарым, емендерім, Жүректен төгілгендей өлең керім. Нұрсұлтан – Қазақстан Көшбасшысы, Ерекше озық туған кемеңгерім! Ер-тұлға, елім үшін жаратылған, Өйткені бәрінен де дара тұлғаң. Ойлаумен елдің қамын, халқың үшін, Мазасыз кездерің көп таң атырған. Көтердің Қазақ елін биіктерге, Сол үшін болып тұрсың сүйікті елге. Барасың болашаққа елді бастап, Халқыңның ар-намысын түйіп белге. Алғанда Тәуелсіздік туған елім, Ел-жұртым таңдап алды тұлғалы Ерін. Бас тартып ядролық қарулардан, Сақтадың қасіреттен қазақ жерін. Бөлек қой аспандағы Күннің орны, Елдегі жайнап тұрған  гүлдің орны. Ешқашан азаматты адастырмас – Ерімнің салып берген  нұрлы жолы. Біз тұрмыз жиырма жылдың қарсаңында, «Тәубе» деп Тәуелсіздік аңсарында. Бақыты – байлығымен, дәулетімен, Әлемге елім менің жар салуда. Жайқалсын жасыл белес жер жемісі, Қызығып, таң қалады көрген кісі. Осы ғой – тасып-толған ырыс-құтым, Осы ғой – Нұрекеңнің ерен ісі. Елімнің көкбайрағын нық ұстаймыз, Әрқашан мұқалмайтын құрыштаймыз. Нұрекең салған жолмен бірге жүріп, Туған жер ауасымен тыныстаймыз. Нұреке – ел бастаған асыл ағам, Күресте күш-жігері жасымаған. Беделі әлемдегі Елбасының, Апарар болашаққа ғасыр-ғалам. Тоқтарбай  ҚАДАМБАЕВ, Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісінің депутаты

Ұйымдастыру шаралары жалғасуда

Дүйсенбі күні еліміздің Тұң­ғыш Президенті Елбасы Н.На­зар­баевтың өкілеттігін ұзартуға бай­ланысты бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі баста­машы топтың өкілдері ақпарат құралдары үшін баспасөз мәсли­хатын өткізді. Жиынды бастама­шы топтың мүшесі, облыстық кәсіп­одақтар кеңесінің төрайымы Нұр­жан Түсіпова ашты. – 23 желтоқсандағы Өскемен­дегі жиналыстан кейін біз жи­ын­н­ың хаттамасын, әр облыстан сай­ланған ынталы топ мүше­ле­рі­нің аты-жөнін Орталық сайлау комиссиясының қарауына жол­да­дық. Ертеңінде ОСК шешімін шы­ғарып бізге жолдады. Ендігі мақсат әр облыс өкілдері тұр­ғын­дардың қолдарын жинауы керек. Еліміз бойынша 200 мың қол жиналуы тиіс. Сонда ғана референдум өткізу жөніндегі құқыққа ие боламыз. Одан кейін Елба­сының келісімі қажет, – деді Нұржан Құрмантайқызы. Қазірдің өзінде Шығыс Қазақ­стан облысының белсенділері дау­ыс жинауға кірісіп кетті. Кеше С.Аманжолов атын­дағы мемлекеттік универси­тетінің бесінші корпусында белсенділер жиыны болып өтті. Оған жиналғандар дауыс жинау­дың тәртібімен та­ныс­ты. Бастамашы топтың штаб-пәтері Өскемен қаласындағы М.Горький көше­сін­дегі 48-үйдің бірінші қаба­тындағы 106-шы бөл­меде, теле­фоны 26-32-77. Ақпарат аламын деушілер осы нөмірге қоңырау шалып білулеріне болады, – деді бастамашы топтың мүшесі, облыс­тық ардагерлер кеңесінің төраға­сы Г.Л.Бердюгин. Бастамашы  топтың мүшелері өз жұмыстарына қызу кіріскен. Олар демеушілердің қаржы­сына жұмыс жасап жатыр. Жа­қын арада баспасөз хатшысы, басқа қызмет түрлері іске кіріспек. Облыс өзіне тиіс 12 мыңдай дауыс жинап болған соң Орталық сайлау комиссиясына құжаттар­ды жолдамақ. Ақпарат құралдары өкілдері сауалдарына ынталы топ мүшелері тиянақты жауаптар қайтарды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.

Бастамашы топтың ұсынысын тіркеді

Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның отырысы өтті. Онда референдумның бастамашы тобын және олардың республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы қаулының жобасы қаралды. Бұл мәселе жөнінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов хабарлама жасады. Республикалық референдум өт­кізу туралы бастамашы топты тіркеу үшін қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына 2010 жылғы 23 жел­тоқсанда ұсы­ныл­ған болатын. Ұсы­нылған құ­жат­тарға сәйкес 320 адамнан тұра­тын бастамашы топ референдумға қатысу құқы бар және шамамен алғанда әр облыстан, сондай-ақ Қа­зақстан Республикасының астана­сы мен Алма­ты қаласынан тең өкілдік ететін 850 азамат қатысқан жиналыста құрылған еді. Бас прокуратураның ақпараты бой­ынша, жиналыс пен баста­ма­шы топты құру «Республикалық референдум туралы» Консти­ту­ция­лық заң та­лаптарына толықтай сәйкес келеді. Заң­намаға сәйкес референдумды тағайын­дау туралы мәселеге бастамашылық ету үшін референдум бастамашылары бар­лық облыстарды, Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы мен Ал­маты қаласын тең мөлшерде білдіретін кемінде 200 мың азаматтың қолын, яғни әрбір өңірден 12,5 мыңнан кем емес қол жинауы тиіс. Референдумның бастамашы тобын тіркеу туралы қаулының жобасы Ор­талық сайлау комис­сиясы мүшелері тарапынан бір­ауыз­дан қолдау тапқан соң, Ор­та­лық сайлау комиссиясының төр­ағасы Қуандық Тұрғанқұлов баста­машыл топтың жетекшісі, Шәкәрім атын­дағы Семей мемлекеттік универси­тетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа тиісті куәлік және азаматтардың қолын жинау үшін қол қою парақтарын табыс етті. Комиссия төрағасының атап өтуін­ше, бастамашы топ қолдар­ды жинауды ұйымдастыруға Ор­талық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап кірісе алады. Ал азаматтардың қолын жинау үшін бастамашы топ өңірлерде белсенді сайлау құқығы бар азаматтар қатарынан арнайы топтар құруға құқылы. Мұндай топтардың санына және оларда жұмыс істеуге қамтылған азаматтардың санына шектеу қойыл­майды. Қол жинай­тын адам азаматтарға бастамашы топты және оның ре­ферендумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы куәліктің көшірмесін көр­се­теді. Әрбір азамат қол қою парағына тек бір рет қана қолын қоюға хақылы. Референдум туралы заңнамаға сәйкес қол жинау аяқталғаннан кейін үш күн мерзім ішінде тол­ты­рылған қол қою парақтары аумақ­тық сайлау комис­сиясына тап­сы­рылуы қажет. Олар өз кезегінде аумақтық әділет органдары­ның қыз­меткерлерін қатыстыра оты­рып, қол қою парақтарындағы аза­маттардың қолының дұрыстығын тексереді. Заң­намамен белгіленген мөл­шерден артық қол қойылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комис­сиясына тол­тырылуына қарай тап­сырылады. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының атап өткеніндей, қол­дарды жинау мерзімі конститу­ция­лық заңмен белгіленбегендіктен, бұл үдерістің ұзақтығы бірінші кезекте республика азаматтарының бастама­шы­лықты қолдауына және баста­ма­шылардың өздерінің ұйым­дасты­ру­шылық мүмкіндіктеріне бай­ланысты. Осылайша Комиссия төрағасы «Сіз республикалық референдумда Қазақ­стан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевтың президенттік өкілет­тіктері мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзартасыз ба?» деген мәселе бойынша республи­калық референдум бастамашы­лығы жөніндегі жұмыстың бастал­ғандығын жария етті. Қуандық Тұрғанқұловтың хабардар етуінше, бұдан былайғы іс-қимыл қол жинау үдерістерінің қалай аяқтала­тынына байланысты болады. Қол жинау үдерістері аяқ­талған соң, барлық құжаттар Мемлекет басшысына жолданады. Ал соңғы сөзді ел Президенті айтатын болады. Журналистер тарапынан қаржыландыру мәселесі де көте­ріл­ген болатын. Орталық сайлау ко­миссиясы төрағасының ай­туын­ша, қазірге бұл іс-шараларға рес­публикалық бюджеттен қаржы қа­растырылған жоқ. Өскеменде өт­кен жиынды қаржыландыру баста­машыл топтың өз қаражаты есебінен төленді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

Армандарды іске асырған

Кезінде Абылай ханнан «Не арманың бар» деп сұрағанда «Үш жүздің басын қос­сам деп едім, қоса алмадым. Қала салсам деп едім, сала алмадым. Қазақты біртұтас ел етсем деп едім, оны да істей алмадым» деген екен. Алаш асылдарының осындай мақса­тын, «мың өліп, мың тірілген» қазақ хал­қының санғасырлық аңсаулы арманын іске асырып, 1991 жылы сын сағаттар туған кезеңде дербес мемлекет – Тәуелсіз Қа­зақстанды құру – еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қа­жырлы еңбегінің, нағыз Ерлігінің арқа­сында болды. Елбасымыз талай қиындықтан, талай қыл көпірден әупірімдеп халқын аман алып өтіп, бүгінде өзі құрған мемлекетті жетелеп, әлемнің озық елдерінің қатарына қоса бастағаны – әлемдік қауымдастық әлдеқашан мойындаған ақиқат. Кейбір мемлекет басшылары, өз ұлты азаматтарының да басын біріктіре алмай, жанжалдасып, атысып жатқан­да, Қазақстанда тұратын 140-тан астам этнос өкілдерін қазақтың қасиетті де берекелі шаңырағының астында топтастырып, олардың бірлігін, ынтымағын нығайту­дағы, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы татулықты үйлес­тірудегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы еңбегін бүгінде тек қана қазақ­стандықтар емес, бүкіл әлем танып, мой­ындап отыр. Елбасымыздың қажымас қайратының, даналығының, батылдығының ерлігінің арқасында Тәуелсіз мемлекетіміздің шекарасы бекітілді, халық қасіретінің ошағы болған Семей атом полигоны жабылды, Сарыарқаның төріне құрылған Астана әлем астаналарымен терезесі тең, сәулеті де, дәулеті де жоғары қалаға, еліміздің мақтанышына айналды. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Мемлекет басшысы қоғамды демо­кра­тиялық жолмен дамытуға, зайырлы да дәулетті ел болуға бастап келеді. Нарық экономикасының білгірі ретінде халық­тың хал-ахуалын жақсарту бағытында әлеуметтік маңызы зор бағдарламаларды жүзеге асырды. Шағын және орта кәсіп­керліктің өркендеуіне жол ашты. Елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізуде Елбасы Қазақстанды, қазақ халқын бүкіл әлемге таныта білді. Қазақстан бүгінде әлемде сөйлесе – сөзі, істесе ісі үдеге асып тұрған ықпалды, тұғырлы мемлекетке, ал Ел мен Елбасы бөлінбейтін егіз ұғымға айналды. Алқабы – малға, қойны – қазынаға толы кең-байтақ жеріміз бар, көк байрақтың астына топтасқан ынтымағы жарасқан еліміз бар, асқақ Ақордамыз, айбынды Астанамыз бар, көш бастаған Елбасымыз бар еңсесі биік ел-жұртпыз. Желтоқсан айының басында болып өт­кен әлем саясаткерлері «Қазақстан триумфі» деп атаған, ЕҚЫҰ Саммиті, онда қа­былданған Астана декларациясы да Н.На­зарбаев саясатының табысы екені дау­сыз. Әлем мойындаған Қазақстанның салған даңғыл жолы болашақта да осы мемлекетті құрған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ақыл-ой мен парасаты, халықаралық саясаттағы беделі мен қажымас қайратының арқасында іргелі еліміздің дами беретініне күмән жоқ. Сондықтан да мен Нұрсұлтан Әбішұлының Ел Президенті ретіндегі өкілеттігін ұзарту туралы бастаманы толық қолдаймын. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.