Тәуелсіздігін 19 жыл бұрын алған жас мемлекеттің тұңғыш рет маңызды халықаралық форумды ұйымдастыруы тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен байланысты. Сондықтан Елбасы құрған даму бағыттарымыздағы сенім, дәстүрлерді құрметтеу, ашықтық пен өзара түсіністік құндылықтарын әлем елдеріне паш ететін Қазақстанның уақыты келді. Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан төрағалығының ерекшелігі – тек посткеңестік республикалар ғана емес, Азиядағы бірінші мемлекет. Жалпы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті – мемлекет және үкімет басшыларының бірнеше жылдарға саяси қимылдар жүргізудің негізгі басымдықтары мен бағыттарын айқындауға арналған Ұйымның жоғарғы органы. Жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық пен жаңа әлемдік шарттардағы 11 жылғы үзілістен соң өтіп тұрған бұл саммит Қазақ елінің ғана емес, ЕҚЫҰ-ның да жетістігі болды.
Саммит жұмысына ЕҚЫҰ-ға мүше және серіктес елдерден 73 ресми делегация, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуроодақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді бірқатар халықаралық және аймақтық ұйымдар өкілдерінің қатысуы оның мәртебелігі мен жоғары деңгейлігін көрсетті. Сондықтан бұл жиында қозғалған мәселелер ЕҚЫҰ-ның алдағы онжылдыққа бағытталған негізгі міндеті саналатын мемлекетаралық ұйымдар шеңберіндегі сенім мен интеграцияны бекітіп, қарама-қайшылықтардың алдын алуға септесетіні анық.
Ұйым тарихында жетінші рет өткен Саммитте Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Мемлекетіміз Ұйымды дағдарыстан шығаруды міндет етіп қойды. Біздің бұл қимылдарымызды серіктес елдер өз дәрежесінде бағалайтындығына сенімдімін. Ұйымды жаңарту процесі – бұл ұзақ басымдықтарға есептелген біздің жалпы міндет». Еңселі еліміздің тұғырын биіктетіп, саяси тұрақтылықтың қалыптасуына ықпал еткен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық жылында айтқан бұл сөздері арман емес, орындалатын ақиқат екендігі айқындалды.
Елбасымыздың ЕҚЫҰ институттарын кеңейту туралы ұсынысына әлемдік қауымдастық қолдау білдіретініне сенімдіміз. ХХІ ғасырдың қауіпсіздік жүйесіндегі экономикалық прагматизм экономиканың тұрақтылығына ықпал ететіні анық. Осы идея шеңберінде энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық қарым-қатынас жөніндегі кеңестер құру ұйым құрылымын күшейтуге септігін тигізеді. Ұйымның экологиялық форумы қоршаған ортаны қорғау бойынша көптеген ғаламдық мәселелерді шешетіні белгілі.
Саяси қақтығыстардың тарихи алғышарттары, қоғамдық қатынастардың саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуындағы дағдарыстың құбылыстарымен байланысты. Қақтығыстардың жылдам өршуі әлеуметтік-саяси және ұлттық-мемлекеттік құрылыстың трансформациясының үздіксіз жылдамдықпен жүруінде еді. Әлемде қақтығыстық аймақтардың сақталуы тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатады. Өйткені, тұрақсыздық аймақтары лаңкестік пен есірткі бизнесінің, бұқаралық депортациялар мен этностық қуғындардың даму шарттарын қалыптастырады. Елбасының Астанада орналасуы тиіс деп атап көрсеткен ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік институтын құру қауіпсіздіктің түрлі мәселелерін болжау жұмыстарын ұйымдастыруды реттейді.
Еуропалық қауіпсіздіктің парадигмасына өзгеріс енгізілгелі отырған Астана қаласында Еуразияның жаңа келешегі қаланды. Бұл күнге Қазақ елі ерен еңбектің нәтижесінде қол жеткізді. Мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтай отырып, сыртқы байланыстарды жоғары деңгейде дамыту – үлкен жауапкершіліктің иесіне тән қасиет. Елінің келешегін бүгіннен еңселі еткен Елбасына халқымыздың сенімі мол. Батыс құндылықтары мен шығыс дәстүрлерінің синтезі негізіндегі Қазақстанның бағындырар белестері әлі алда деп білеміз.
Мұрат НАСИМОВ, саяси ғылымдар кандидаты.
Қызылорда.