25 желтоқсан күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді. Үкімет басшысы атбасын бірден мұнайшылар астанасы Жаңаөзен қаласына бұрды. Онда бірнеше әлеуметтік нысандардың тұсауын кесіп, қала жұртшылығы өкілдерімен кездесті.
Премьер-Министр алдымен мұнайшылар қаласының жаңа №6 шағын ауданындағы бір кешенге біріктірілген 50 пәтерлі төрт тұрғын үйдің пайдалануға берілу салтанатына қатынасты. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаладағы бюджеттік мекемелер, ардагерлер мен жас отбасылары үшін салынған бұл нысанның Елбасы тапсырмасына орай Үкіметтің қолдауымен жүзеге асу үстіндегі Жаңаөзен қаласын 2009-2012 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамыту проблемаларын шешу жөніндегі кешенді жоспарға сай жүзеге асқандығын және осы ауданның өзінде ондаған әлеуметтік нысандар бой көтеретіндігін жеткізді. Одан соң Кәрім Қажымқанұлы жаңа да жайлы пәтерлер кілтін Ұлы Отан соғысына қатысушы, ардагер мұнайшы Ж.Еркімбаевқа, дәрігер А.Пұсырмановқа, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Д.Қонқаевқа және басқаларға тапсырып, олардың алғыстарын алып, қуаныштарын бөлісті.
Одан соң Премьер-Министр «Ақсу» шағын ауданындағы 280 орындық «Айгөлек» балабақшасының ашылу салтанатына келді. Жобаның құны 373 млн. 719 мың теңге. Ол республикалық бюджет қаржысы. Ата-аналар атынан сөз алған Үміт Әбдіғалиева жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген Елбасына, Үкіметке аналық алғыс сезімін білдірді. Үкімет басшысы осы қалада серпінді түрде қолға алынудағы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынудағы нысандарға зер салды. Соған орай «Жұлдыз» шағын ауданындағы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған 1200 орындық орта мектептің құрылыс барысымен танысты. Одан соң «Өзен» темір жол стансасында салынудағы 100 орындық вокзал үйінің құрылысын 2011 жылдың маусым айында аяқтау керектігі қаперге берілді. Сондай-ақ Премьер-Министр бастаған топ осы шағын аудандағы 120 орындық перзентхана құрылысын аралап көрді. Одан әрі К.Мәсімов 100 орындық өкпе ауруларына қарсы аурухананың ашылу рәсіміне қатысты. Осы сапарында Премьер-Министр К.Мәсімов ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына орай Жаңаөзен қаласында жүзеге асқан аға ұрпаққа тағзым, жас өркендерге үлгі-өнеге боларлық игі шараның нәтижесін көрді. Үкімет басшысы осы жерде қала жұртшылығы өкілдерімен кездесуде осы жазда Бекет ата басына барғанда еліміздің тыныш, халқымыздың аман-сау болып, өсіп өркендеуін тілеп едім. Бүгін осы қалаға келгелі сол тілегімнің қабыл болғанына қуанып отырмын. Себебі, Елбасы тапсырмасымен Жаңаөзенде арнайы бағдарлама негізінде көптеген жұмыс атқарылды. Бүгін бір күнде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға тапсырылды. Бұл қаланың келешегі зор, мұнайшылар мекенінің одан әрі өркендей түсуіне серпін береді деген сөз. Баршаңызға мол табыс, құт-береке тілеймін – деген игі тілегін білдірді. Жиналғандар атынан сөз алған Жаңаөзен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтежан Алшымбаев Үкімет басшысына қамқорлық пен қолдаулары үшін рахмет сезімін білдіріп, күні кеше ғана шығысқазақстандықтардың Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды жаңаөзендіктер қызу қолдайтындықтарын жеткізді.
Одан соң Премьер-Министр 2009 жылғы қыркүйекте Елбасы Н.Назарбаев телекөпір арқылы сәт-сапар тілеген ұзындығы 146 шақырым болатын «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара темір жол құрылысы» жобасының жүзеге асырылуы барысымен танысу үшін «Болашақ» темір жол стансасында болды.
Премьер-Министр К.Мәсімовтің жұмыс сапары кезінде оның қасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Мұнай және газ министрінің орынбасары Л.Қиынов, ұлттық компаниялар басшылары болды.
Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.