Көрнекті қаламгер, журналист, марқұм Балғабек Қыдырбекұлының 1986 жылы алғашқы тарауы, ал араға бес жыл салып екінші бөлімі оқырманмен қауышқан «Алатау» романының жақында «Ел-шежіре» баспасынан жаңа нұсқасы жарық көрді. Сол кездері цензураның «қырағылығымен» қиылып, қысқартылып, талай құнды беттері сызылып қалса да 37 мың данамен басылып шыққан туындыны оқырман жылы қабылдап, кезінде оң бағасын беріп те үлгерген еді. Енді, міне, осы еңбек халқымен қауыша қабысып, ой-орамдарын, кітап кейіпкерлерін, өткен ғасыр өткелдерін бүгінгі күн үнімен түйіндеуге мүмкіндік туып отыр.
ХХ ғасырдың алғашқы жарты жылдығындағы қазақ даласын жайлаған саясаттың салқыны жайында шындықты шиыршықтамай шынайы жазған шығармаларға әр дәуір өзінің лайықты бағасын беріп отырса, қандай ғанибет. Бірақ біз сондай бірегей еңбектерді електен түгел өткізіп болдық десек, әрине, бұл әлі тереңіне бойлап ешкім қалам сілтеп үлгермеген осындай дүниелерге селқостығымыз болып табылар еді. «Алатау» романының үнін бүгін қайта жаңғыртудағы бірден-бір мақсат та сонда. Өткенге дұрыс баға берілмей, бүгіннің бағдарын бағамдау мүмкін емес. Сондықтан сонау 1910-1950 жылдар аралығында өмір сүрген адамдар жан дүниесінен сыр шертетін еңбектердің осылай арагідік ел-жұртымен табысуын тарихқа атбасын бұру деп қана қарамай, ертеңгі елдік пен ендікті айқындаудың жолы деп те жобалаған жөн. Бұл ретте «Алатау» романы тарихи бейнелер мен оқиғаларды нанымды баяндайды.
Оқиға желісі Іле Алатауының бөктерінде өрбиді. Басты кейіпкер Абақ Үйсінбаевтың басынан кешкен тағдыр-талайы сондағы күллі қазақ қауымының арпалысқан азабындай әсер түйгізеді. Азамат соғысы, Кеңес өкіметін орнату, колхоздастыру кезіндегі халықтың жан күйзелісі көркем бейнелер көлеңкесінде қалып қоймайды, дәуір оқиғалары шынайы сипатталады. Оқушы оқиғамен бірге алға озып, сол кезеңнің желімен бірдей желпініп, мұзымен теңдей еріп отырады. Қоғамның бет-бейнесін әр адам өз өресінде танып-біліп, кешегі күнге сексенінші-тоқсаныншы жылдар биігімен баға берген жанның жан сырын ұға түседі. Әсіресе, қазақ даласына отызыншы жылдарғы ашаршылықтың артқан мұңынан, қарапайым қазақ халқына қан жұтқызған көп сұмдықтың беткі қабығы ғана мәлім болып, ал астында мұзтаудың қаншама қалың қабаттары әлі де жабулы жатқанынан хабар беріп кетеді. 1932-1933 жылдар сабағы тарихтан толыққанды бағасын алмай тұрғанда қаламгердің осындай батыл қадамдарға баруы, дәуір ақиқатының ашылмай бара жатқанына ашына үнқатуы әдебиетке ерекше рух әкелгендей еді. Сталиндік қуғын-сүргіннен кейінгі оқиға біртіндеп екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы қарбаласқа, тылдағы майдан еңбеккерлерінің өміріне, майданнан кейінгі қираған тұрмыс пен қайта бас көтерген репрессияға ұласып, тарих беті кейіпкердің көзімен оқылып отыруы тартымды. Оқиға желісі журналиске Абақ Үйсінбаевтың осы басынан кешкен жәйттерді күйзеле баяндауымен өрбиді. Ол – коммунизмнің болашағына қалтқысыз сенген адам. Абақты мен НКВД-ның небір сойқан әрекеттерін өз көзімен көргенмен, бастапқы сеніміне селкеу түсірмей, Кеңес өкіметі мен компартияға адал қалпында қала береді. Себебі, тарихтың таңбасын қолмен өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ. Демек, Абақ жалқы адам емес, өз ұстанымынан қайтпайтын, сол уақыттың жалпы жиынтық бейнесі. Олардың күші де, әлсіздігі де осында жатқан еді.
Романның жаңа нұсқасын қаламгердің қызы, белгілі композитор Балнұр Қыдырбек әзірлеп тапсырды. Шығарма автордың қолжазбасымен түгенделіп, алғаш рет толық күйінде кітап болып басылып шықты.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.