29 Желтоқсан, 2010

Артық кетпесек екен

662 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
«Қара археологияны» қашан қоямыз?» «ЕҚ».  24 қараша,  2010 жыл. Газетте жарық көрген «Қара археологияны» қашан қоямыз?» атты мақаланы оқып қайран қал­дым. Өзім ерекше құр­меттейтін, еңбектерін студенттеріме айтып, насихаттап жүретін Қ.Салғара мен Ж.Артықбаевтың неге археологиядан көңілдері қал­­­ғаны­на таңдандым. Ғалымдар «археология деген тарихтың кү­регі ғой» дейді. Әрине, бұл ғы­лымда кү­рек­­тің­ күші болмаса, оның нәти­же бермейтіні сөзсіз. Бірақ сол күрек­тің күшімен алын­ған мате­риал­сыз тарих жазы­лар ма еді? Авторлар: «Та­рихты қай­тадан қал­пына кел­ті­ру­дің басқа шарасы таусылған уа­қыт­та та­рих­­шы амал жоқ күрекке сүйе­неді», дейді. Мұны қалай тү­сі­нуге бола­ды? Күрек ол археология ғылымы­ның құралы. Күрек­сіз археология ғы­лы­мы өзіне материал ала ал­май­ды, ал ма­те­риалсыз та­рихты жа­зу­ға болмай­ды. Тарихтың бас­қа шарасы тау­сылған уақытта дейді. Тарихтың кө­­не дә­уірлерін жа­зу­ға ар­хео­логиясыз қан­дай шарасы бо­луы мүм­кін? Ар­хео­ло­гияны мұра­жай­мен қосса дейді. Сонда мұра­жай жер­ді күрексіз қа­зып, ескерткіш­тер­­­ді сақтап қа­ла­­ды-мыс. Егер мұн­дай жағдай болса, «қуыр­­дақ­тың кө­ке­сін түйе сой­ғанда көре­сің» де­гендей, ес­­керт­кіш­тердің та­лан-та­раж­ға түс­ке­нін сон­да бір-ақ білетін бола­мыз. Мені таңғалдыратыны автор­лар­дың «археология жеке ғылым емес» деген пайымдауы. Ал сонда тарих археологиялық деректерсіз жеке ғылым бола ала ма? Академиялық Қазақстан тарихы­ның 5 томдығының екі томы тек археологиялық деректердің арқа­сында жазылғанын неге ескермейміз? Екі томдық ең ауыр, ең қиын кезеңдер, тек археоло­гия­лық материалдар арқылы жазыл­ған. Басқалай жазылуы мүмкін емес. Бұл мәселені авторлар біледі. Біліп тұрып бұлар археоло­гия­ны жеке ғылым емес деулері, өте ың­ғайсыз нәрсе. Археология неге жеке ғылым емес? Оның ғылым ғана емес, дерек атаулының түп атасы екендігі бүкіл әлемге белгілі. Егер археология ғылымы болмаса, тарих ғылымының ежелгі, көне дәуірлері ашылмаған болар еді. Мәселен, тас дәуірінің кезең­дерін, қола дәуірінің мәде­ниет­терін қалай, қандай мәлімет­тер­мен дәйектер едік? Сондықтан археологияны жеке ғылым дейміз. Бірақ ол тарихсыз жеке өмір сүре алмайды. Сол сияқты тарих­тың көне кезеңдері де мұнсыз алға жылжи алмайды. Және бір таңғаларлық жағ­дай: «Біздің тарих ғылымы тек археологияға ғана қарап қалды ма?» деген сұрақ. Авторлардың бұл сауалы енді, тіпті ыңғайсыз нәр­се. Тарихтың ежелгі дәуір­лерін жа­за­тын болсақ археоло­гия­ға қа­ра­­май, басқа неге қа­рауы­­мыз мүм­­кін? Жоқ әлде біз­дің ғалым­дары­мыз археологиядан бас­қа бір ғылым саласын ой­лап тапты ма? Онда жұмбақта­май ашып айты­ңыз­дар», археоло­гия­­ның орнына сол ғы­лымды пайда­ланып к­ө­рейік. «Ар­хео­ло­гия­ны тарих ғы­лы­мының көші­нің ал­дына шы­ғарып жібердік» дейсіздер. Бұл өзінен-өзі түсі­нік­ті емес пе, тарих ғылы­мының ал­ғашқы кезең­дері архео­ло­гиялық мате­риал­­дар­ға байла­ныс­ты жазы­ла­­тын­дық­тан тарих­тың көшін археология бастамай, қандай ғы­лым бастауы мүм­кін? Бұлай ренжу ретсіз. «Үстем идеология» кезінде шы­ғыс­тық тарихнамадан, төл шежіремізді тү­гендей алмай жұрдай болдық дей­сіздер. Бұған архео­ло­гияны кі­нә­лауға бола ма, ол кезде бұл ғылым саласы да еңсесін көтере алмағаны мәлім. Археология тек егемендікті ал­ған­нан ке­йін ға­на, онда да «Мә­дени мұ­ра» бағ­дарламасының арқасын­да көзін ашты. Мақала авторлары қазақ ше­жі­ре-аңыздарының тарихта пайдала­ныл­май жүргендігі туралы ренжи жа­зады. Рас, бұл тарихымызда ке­н­же қалып жүрген үлкен мәселе. Алайда, оның археологияға және архео­логтарға қандай қатысы бар? Керісінше, көне шежірелер мен аңыз­дар­дың жинақтары шы­ғып жа­рия­ла­нып жатса, олар ар­хеоло­гия­лық материалдармен са­лыс­тырыла оты­рып зерт­телсе, қан­­­дай жақсы болар еді. «Қазақ шежіресін зерттеп, жарыққа шы­ғарып жатқандар бар, бірақ олар­ды басшы азаматтар көрмейді,  мойындамайды» деген сөйлемге айтарымыз: бұл аты да, за­ты да археология ғылымынан бас­қа жол­да қаралатын, басқа жолмен ізденетін өз алдына жеке мә­се­ле. Сондай-ақ онымен айна­лы­сып жүр­ген ғалым­дар бар деп желе жор­тып өте шық­қан хабар­ламаға бе­рер жауабымыз: шежі­ре-аңыз­дар туралы жазылған ең­бектерді көрген жоқпыз. Мүмкін бар шы­ғар, бірақ та бүгінгі таңда тираж­дың аз шы­ғарылуынан бізге жетпей жүрген болуы мүмкін. «Қа­­зақ шежіресі» деген атпен Х.Ар­­ғын­­баевтың, В.В.Вос­­­тровтың, М.С.Мұ­қановтың жазған шежіре топтамасын Ш.Ш.Уәлиханов атын­­­­дағы Тарих, этнология институты­нан шыққанын көргенбіз. Бірақ та дәл сондай шежіремен елі­міз­дің тарихын толық жаза қоямыз деп айта алмаймын. Шежіре-аңыз­дарға қарағанда ауыз әде­биет­теріндегі деректерді сұрып­тап шығаратын бол­сақ, халқы­мыздың саяси, мәдени, эконо­ми­калық, әдет-ғұрып, оты­рық­шы­лы­ғы, қол өнері археологиямен са­лыстырмалы түрде бай­ланыс­тырылып, олар еліміздің шы­­найы тарихын жазуға әлдеқайда пай­дасын тигізер еді. «Археология институтының қо­рында жинақталған заттардың тізбесі, қазба жұмыстарының есеп­­тері, мәтіндері жарияланды ма, біз осы қолымызда не бар, не жоқ екенін білеміз бе?» деп қа­мығады мақала авторлары. Бұл ойларыңыз дұрыс та шығар. Бү­гінгі таңда есеп-қисап­сыз дүние бар ма. Оны сіздердің біл­меулеріңіз мүмкін емес. Әрбір археолог жыл бойы жүргізген қазба-сыз­ба жұ­мыс­тарының есебін мау­­сым со­ңынд­а өтетін «Ә.Х.Мар­ғұлан оқу­ларында» баяндап, жылдық есебін Археология инсти­туты­ның мұ­ра­ғатына тапсырады. Жа­саған баян­дама­лары институттың ұжымдық топ­та­маларында жыл сайын шы­ғып отырады. Онымен танысқысы кел­­ген тексерушілер болса мұра­ғат­тан алып көруіне толық мүм­кіндік бар. Сондай-ақ, қазба жұ­мы­сының кезінде табыл­ған бұ­йымдар лабора­ториялық тексеруден өткеннен кейін ғана тиісті жерлерге тапсыры­лады. Ал археологтар тапқан зат­тарын жергілікті мұражайларға бермейді деген сөздер бос әңгіме. Не болса да зерттеліп жатқан объект бір­жола қорытын­дыланып бол­ған­­нан кейін ғана беріледі. «Қара археология» автор­ла­ры­­на тағы бір қосылмайтын жерім, археология тым кәсібиленіп кетті, басқа ғылым салаларымен байланыстары үзіліп қалды деген пайым. Бұл дұрыс пікір емес. Егер атап айтатын болсақ: профессор Ә.Төлеубаев өзінің ғылы­ми жұмыстарын этнологиялық жақ­пен байланыстырса, тарих ғы­лымының докторы З.Самашев жазба-тарихи деректермен және антропология сияқты күрделі ғы­лым салаларымен байланыста зерт­теп жүр. «Біздің археоло­гия­ның дағдарысы» «алтын адамдар» сериясынан-ақ көрінеді» дейді авторлар. Мұны неге дағ­дарыс дегендері түсініксіз. Қайсы обаның астында не жатқанын кім біледі. Еңбекке қарай жақсы жәдігерлер кездеседі. Ол ғылым үшін құнды. Енді осы әріптес­терімді «алтын іздеп жүргендер» деп жергілікті жұрт айтып жүр­гендей ойда болу дұрыс ғылыми пікір емес. Әзірше бүкіл жерімізден табылған 4 алтын киімді адамды онша көп деп айтудың өзі артық айтушылық. Бұл алтын киімді адамдар мұражайларымызға көрік беріп, жеріміздегі ежелгі өркениеттің болғандығын бүкіл әлемге аян етіп отырғаны отаны­мыздың атын шығармаса, кемітпейді. «Қай жерге барсаң да екі-үш алтын бұйым тауып алып той­­лап, тележурналистермен қо­сы­­лып улап-шулап жатқан қауым. Бұл археологияның тарих ғылы­мы­нан біржолата ажырасып, қа­зы­на іздеушілікпен отбасын құ­рап, қосылып кеткенін көрсетеді. Біздің көне жәдігерліктер үшін қа­зақ жеріндегі алтын адамға бай­ла­нысты әр даурықпа апатпен тең, себебі әр телешоу жүздеген адам­дардың делебесін қоз­дырып, металл із­деушілермен, күрекпен, трактормен «қара архео­ло­гияны» ескерткіш­терге қарай итермелейді», деген сөй­лемдер бар мақа­ла­да. Бұл пікір археология ғылы­мына та­­ғылып отырған үл­кен айып. Мұндай сөз­дер нақты анық­тауыш дәлел-фак­тілерді қажет етеді. Қол­дарын­да металл іздеуші құрал­дары болса, ол археологтар емес. Арнайы ал­тын іздеп жүр­гендер. Нағыз археологтар ондай құралмен зерттеу жұмыстарын жүргізбейді. Менің бір шүкіршілік еткенім, авторлардың «қара архео­ло­гияға» академик Ә.Х.Мар­­ғұ­ланды қос­пай, ол кісі туралы жақсы пікірде бол­ғандары дұрыс болған екен. Со­ған қуандым. Ал Торайғыр кө­лі­­­нің ма­ңындағы обалардың заң­д­ы-заң­сыз қазылғандығына анық көз жет­кізу керек. Ондағы бұғы­тас­тар­дың үй ір­ге­тасына қаланға­нын нақты анық­тап, кімдер істегенін сұрау қажет еді. Мұны көр­геннен кейін суретке түсіріп жергілікті әкім­шілікке, Археология инс­ти­ту­тына хабарлау қиын шаруа емес қой. Учаскелік полиция жұ­мы­­сын басқаға телу арқылы археологтар не қарап жүр деп бүкіл археологияны айыптауға бола ма? Кеңес дәуірі кезінде бүкіл елімізде «Ескерткіштерді қорғау қоғамы» болды. Оған оқушы­ларға дейін мүше еді. Олар қай жерде қандай ескерткіш орынсыз бұзылып жатса, жер­гілікті милиция бөліміне д­а­был түсіріп, Археология инсти­тутына хабарлай­тын. Мәселен, Есік қаласының жанындағы оба орны автобазаға керек болып, ондағы бригада төбе­ні бульдозермен бұзып, жар­тысы қалғанда ішкі істер бөлімі­нен Археология институтына хабар жетіп, оған өкіл ретінде ға­лым К.Ақышев ба­рып арашаға түсіп, зерттеу жұ­мы­сын жүргізіп, алтын киімді адам дүниеге келген. Егер Кемал аға­мыз дер кезінде сол жерге бар­­мағанда обаның үйіндісі то­лық алынып, алтын киімді адам мәңгі жер астында қалып қоятын еді. Ал бүгінгі таңда ондай ұйым да жоқ, жерді кім пайдалануға алса, ол жердегі ескерткіштерді тез уақытта-ақ жоғалтып жібереді. Сондықтан да өте сақ болу керек. Мақаланың соңында авторлар археология ғылымы тарих, эт­но­ло­гия, антропология, геология, гео­­графия, ботаника саласын­да­ғы маман ғалымдардың қаты­суы­мен кешенді түрде зерттелсе жақ­сы болар еді депті. Бұл бұрын дәл сондай болған. Тиісті нәрсе бұлай қолға алынбаса археоло­гия­лық зерт­­теу жалаң түрінде қала­ды. Со­ның салдарынан ол онша ғы­лыми жа­ңалық болмайды. Мақала авторлары археоло­гия­ны қанша қара дегендерімен бү­гінгі таңда бұл ғылым көпте­ген жа­ңалықтарды ашып, халқы­мыз­дың тарихына жаңа беттерді қос­ты. Жеріміздің өркениет ота­ны екендігі бүкіл әлемге аян бол­ды. Әлі де болса археология ғы­лы­мы көне дәуірлердің жер ас­тын­да жат­­қан «құжаттарын» ашып, елі­міз­дің тарихына талай жаңа­лықтарды қосатындығына ешбір күмән келтіруге болмайды. Жоғарыдағыдай көзқарастан қай­ту керек, арылу қажет. Кәсі­би­лік пен әуесқой­лық­тың не екенін «білмеу» әбестік. Кешегі Ә.Мар­ғұлан, К.Ақышев, М.Қадырбаев, бүгінгі К.Байпақов, З.Самашев сияқты абзал жандар­дың сүйікті кәсібін жеңіл сөзбен ғайбат­тамайық. Сәйден ЖОЛДАСБАЙҰЛЫ, тарих ғылымдарының док­торы, профессор,  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры. Түркістан қаласы.