Кеше Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Цзечидің Қазақстанға ресми сапары басталды, деп хабарлады Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Өзінің қытайлық әріптесімен кездесуде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ағымдағы жылы біздің елдеріміздің басшылары қабылдаған Стратегиялық әріптестікті орнату және дамыту жөніндегі бірлескен декларацияға 5 жыл толғанын, аталған құжат тек екіжақты қарым-қатынасты дамыту үшін ғана емес, бүкіл аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуда да маңызы зор құжат болып табылатынын атап өтті.
ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі атап өткендей, Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның дәстүрге айналған жиі кездесулері айтарлықтай қарқын беруде және екі көшбасшының қол жеткізген уағдаластықтарын жүзеге асыруға барлық күш-жігер жұмсалатын болады.
Екі ел сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Астана мен Бейжің арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық ерекшелігін атай отырып, екіжақты негізгі мәселелерді, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік ахуалын талқылады.
Кездесу барысында келесі жылдың басына жоспарланған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қытайға сапарына дайындық жұмыстарын бастау жөніндегі келісімге қол жеткізілді.
Халықаралық бірлестіктер аясындағы, атап айтқанда, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясындағы, өзара ықпалдастықты, Азия-Тынық мұхит аймағындағы түрлі пішіндердегі ынтымақтастықты талқылай отырып, тараптар лаңкестік, экстремизм және сепаратизм секілді үш қатермен бірлесіп күресу жөніндегі ұстанымдары өзгермегендігін тағы да қуаттады.
Осы және басқа да мәселелер кездесу қорытындысы бойынша екі ел сыртқы істер министрлері қол қойған ҚР мен ҚХР сыртқы саясат ведомстволары арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі меморандумда көрініс тапқан.