29 Желтоқсан, 2010

Жобалық қаржыландыруға жол ашылмақшы

417 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалы­ғы­мен селекторлық режімдегі 2010 жылғы соңғы Үкімет оты­рысы болып өтті. Онда алдағы жылдары еліміздің экономи­ка­лық және қаржылық жағдайын жақсартуға оң ықпал ететін заң жобалары мен бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыланды. Отырыста ең алдымен Әділет министрі Рашид Тү­сіп­беков 2010 жылы елімізде дайындалған және  қабыл­дан­ған заңдар туралы хабарлама жасады. Оның мәлімдеуінше, жыл ішінде барлығы 40 заң жобасы дайындалып, ұсы­ныл­ған екен. Оның бірқатарына қол қойылып, кейбір заңдар қа­ралу үстінде екен. Үш заң жобасы жоспардан алынып тасталса, бір заң жобасы кері шақырылып алынған көрінеді. Одан кейін Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне жобалық қаржыландыру мәселелері бой­ынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» Қа­зақстан Республикасы заңы­ның жобасы бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзінде би­ылғы жылғы Елбасының Қа­зақ­стан халқына арнаған Жол­дауында ерекше заңдық мәр­те­бесі бар арнайы жобалық ұйым құра отырып, жобалық қаржыландыру принциптерін енгізу қажеттілігі айтылған­ды­ғын атап көрсетті. Қазіргі кезде ірі инфрақұрылымдық жобалар бюджеттен немесе ұлттық компаниялардың қара­жат­тары есебінен қаржылан­ды­рылады. Осындай ірі ин­фрақұрылымдық жобаларға жеке инвестициялар тарту қиын. Сондықтан ірі жобалар­ды қаржыландыруға жеке ка­питалды тарту мақсатында, әлемдік тәжірибелерді ескере оты­рып, халықаралық кеңес­ші­лермен әріптестік негізде Қазақстанда жобалық қаржы­ландыру тетіктерін енгізу жө­нінде жаңа заң жобасы әзір­ленді. Жобалық қаржыландыру – бұл бөлінген активтер деп ата­латын, жобаны іске асыру­дан түсетін болашақ жүйелі ақша ағымдары бойынша талап ету құқықтарын беру нә­ти­жесінде тартылған қаржы­ны өтеу және қайтарудың негізгі көзі болып табылатын ұзақ мерзімді жобаларды қар­жы­ландыру әдісі. Жобалық қаржыландыру келісімдерін іске асыру үшін жаңа заң жо­басы бойынша жеке арнайы қаржы компаниясы (АҚК) құрылады. Заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша ұсы­ныстар жобалық қаржылан­дыру негіздерін құруға, кре­диторлардың тәуекелдерін тө­мен­детуге және олардың құ­қық­тарын қорғауды күшей­туге, жеке инвесторлар үшін жоба­лар­дың тартымдылығын арттыруға бағытталған. Заң жобасында қа­ралып отырған негізгі мәселелер бойынша Азаматтық кодекске, Салық кодексіне, «Секьюритилендіру туралы», «Концессия туралы», «Банкроттық туралы» еліміздің заңдарына және басқа заңдарға тиісті өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу қарас­ты­рыл­ған. Осы заң жобасына бай­ла­нысты Үкімет басшысы баян­да­ма­шыға бірнеше анықтамалық сұрақтар қойды. Үкімет бас­шы­сы­ның осы заң аясында темір жол тораптарын салуға, мәсе­лен, Харгос-Жетіген темір жол құрылысына, сонымен бірге электр желілерін салуға жеке капитал есебінен қаржы тартуға бола ма деген сұрағына баянда­машы:  бұл заң жобасы елімізде жүзеге асырылатын ірі инфра­құрылымдық жобаларды қаржы­ландыру үшін жеке капиталды және шетел инвесторларын тар­туға барынша тиімді ықпал етеді деп жауап берді. Сонымен бірге селекторлық режімдегі Үкімет отырысында «Арнайы экономикалық аймақ­тар туралы» (АЭА) жаңа заң жо­басы талқыланды. Үкімет мү­ше­лерін бұл заң жобасымен Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау та­ныстырды. Ол өз сөзінде еліміздегі АЭА-лардың қызметіне са­раптау жүргізген кезде бірқа­тар проблемалардың анықтал­ға­нын айта келіп, оларды бас­қа­ру­да және реттеуде тиімсіздіктерге жол берілгендігін, қаржы­лан­ды­ру барысында бюджеттік шы­ғын­дар орын алғандығын, инвестиция тарту тетіктерінің тиімсіз екендігін атап көрсетті. Баян­дамашы жаңа заң АЭА әкім­­шілігін ұйымдастыру­шы­лық-құ­қық­тық негізде акционерлік қоғам түріне ауыстыруға, бұл өз кезегінде басқару органының құ­рамына жеке меншік инвес­тор­ларды, мемлекеттік орган­дар­дың және жергілікті атқару­шы органдардың өкілдерін тар­туға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Қазірге дейін елімізде 6 ар­найы экономикалық аймақ құ­рыл­ған. Оның төртеуі: «Астана жаңа қала», «Ақтау» теңіз пор­ты, «Оңтүстік» және Ақпарат­тық технологиялар паркі белсенді жұмыс істеп тұр. Ал «Бурабай» және «Ұлттық индус­триялық мұнай-химия технопаркі» АЭА-лар дамудың бас­тап­қы сатысында жұмыс істеуде. Жан-жақты талқылаудан кейін Үкімет мүшелері аталмыш заң жобаларын бірауыздан ма­құл­дады. Отырысты Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қоры­тын­дылап, қаралған мәселе­лерге байланысты өзінің сын-ескертпелерін айтты. Сонымен бірге Үкімет басшысы тарих қой­науына кіргелі отырған 2010 жылдың Қазақстан үшін барлық жағынан алғанда айтулы да табысты жыл болғандығын атап көрсетті. «Барлық облыс әкімдеріне, Үкімет мүшелеріне, агенттіктердің, ұлттық компа­ния­лардың төрағаларына, ат­қа­рушы билік органдарына кіре­тін­дердің барлығына биылғы жылы атқарылған жұмыс үшін шын жүректен алғыс сезімімді білдіремін. 2010 жыл біз үшін шын мәнінде табысты да бет­бұрыс жылы болды», деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөзінің қорытындысында. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.