Атырауда сәулетті мектеп, еңселі емхана, жайлы баспана пайдалануға берілді
Адам өмірінде қуанышсыз күннің болмауы мүмкін емес. Әрине, қуанышты сәттердің кейде елене бермейтіні бар. Дегенмен, тұтас бір ауылдың, бір қаланың өмірінде жұртшылықты елең еткізер сәулетті мектеп пен еңселі емхана ашылып, бір күнде 135 отбасына баспана бақыты бұйырып тұрса ше? Осы қуаныштың бәрі бір күнде, Жаңа жыл қарсаңында болуы жұртшылықтың мерейін алабөтен тасытып жіберді.
Бір ауылдың дейтініміз, соңғы жылдары Атырау қаласының іргесіне таяу қоныстанған елді мекендер қатары көбейді. Сондай ауылдың бірі – Жұмыскер. Бұл бұрыннан бар ауыл еді. Енді осы ауылдан жеке баспана салу үшін жер телімдері берілуімен тұрғындар саны екі еселеніп көбейді. Сол себептен осындағы бұрынғы мектептің тарлығы байқалды, оған қоса ауылдың бір шетінен балалардың білім ордасына қатынау қиындығын туғызған еді. Осыны ескерген жергілікті басшылар Жұмыскерге жаңа мектеп қажет деп тапты. Сөйтіп, Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана ” бағдарламасы аясында бір мезгілде 624 оқушыға білім беретін жаңа мектеп құрылысы бастау алды.
Бір ерекшелігі, бұл қатардағы мектеп емес. 1 сыныптан ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназияның өзге білім ұяларынан артықшылығы көбірек. Әзірге 35-ші рет саны ғана берілген мектеп-гимназия директоры Алмабек Қабдоловтың айтуынша, біріншіден, білім ұясы 3 лингафон, компьютер, технология және стоматология кабинеттері қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Технология дәрісі өтетін шеберханада әсем киім үлгілерін тігетін шебер тігіншілердің түсіне кірмеген осы заманғы тігін мәшинелері қойылған. Екіншіден, мұнда екі спорт залы және ауладағы алаң бар. Бұл дене тәрбиесі пәнін бір мезгілде бірнеше сыныпта өткізуге өте қолайлы. Бұлардан өзге музыка пәнін өткізуге толық мүмкіндік барлығы байқалады. Музыка пәнінің мұғалімі Сандуғаш Ділмұқанованың айтуынша, оқушылардың саз аспаптарына қызығушылығын оятатындай жаңа саз аспаптары алыныпты. Мектеп-гимназия оқушылары енді сабақ басталар алдында “Қаражорға” биін билеп, бой сергітіп алады. Ал екі сабақтан кейінгі 10 минөттік үзілісте қазақтың күйлері мен термелері ұдайы беріліп тұрады.
– Таяудағы жылдарда Атырауда мектептің жетіспеушілігі дейтін мәселе толығымен шешіледі. Соның дәлелі болатындай жаңа білім ұясының бірі бүгін оқушыларға есік ашты, – деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев №35 мектеп-гимназияның ашылу салтанатында. – Мұғалімдерге әлеуметтік қолдау көрсетіле береді. Әсіресе, жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарды баспанамен қамту толық шешімін табады.
Атырауда тек білім ұялары ғана емес, медицина орындары да жетіспейді. Ауылдарды айтпағанның өзінде Атырау қаласының өзінде типтік жобаға сәйкес келмейтін ғимаратқа орын тепкен медицина мекемесінің бірі – қалалық балалар емханасы. Осы кезге дейін орналасқан ғимараты балабақшаға көбірек ұқсайтын еді. Сырқат балаларын дәрігерге көрсетуге әкелген ата-аналардың тар дәлізде кезек күткендегі тауқыметін айтып жеткізу қиын болатын. Енді балалар емханасының ұжымы жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Емхананың бас дәрігері Е. Топильскаяның айтуынша, балалардың сырқатын анықтауға қажетті медициналық жабдықтардың барлығы орнатылған деуге болады. Эндоскопия, эндокринология бөлмелері мен ультрадыбыстық зертхананың медициналық құрылғыларын айтпағанда, ем алушы балаларға арналған ойын кабинеті де жабдықталған.
– Бұрын бізде травмотологиялық пункт болған емес. Оған ескі ғимаратымыз тарлық етті. Енді жаңа ғимаратта сондай бөлім ашуға толық мүмкіндік бар. Күндізгі емдеу бөлімі де ашылып отыр. Осы жаңа ғимараттың ашылуымен енді 65 мың баланың саулығын қорғайтын іргелі ұжымға айналдық, – дейді Е.Топильская. Оның айтуынша, алдағы уақытта емхананы кадрлармен қамту мәселесі шешілетінге ұқсайды. Әзірге балалар емханасындағы жоғары білімді дәрігерлермен қамтылуы 83 пайызды, ал орта буынды медицина қызметкерлерінің үлесі 90 пайызды құрайды екен.
“Нұрсая” – соңғы екі-үш жылда бой көтерген шағын аудан. Мұнда былтыр да жаңа тұрғын үйлер тапсырылған. Жаңа тұрғын үйлер қатары тағы да толықты. Бір күнде қаланың 135 тұрғыны жайлы баспананың кілтіне ие болып, мәре-сәре қуанып жатты. Қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі Дінмұхамбет Барбосыновтың айтуынша, бұл жолы жалдық пәтерлермен мұғалімдер мен дәрігерлер, баспана кезегінде ұзақ жыл тұрғандар алдымен қамтылған. Және бір қуаныштысы – жаңа тұрғын үйден облыстық газеттер мен “Қазақстан” ТРК-нің өңірлік филиалындағы әріптестеріміздің пәтер алуы.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.