31 Желтоқсан, 2010

Жаңа өмірмен жарасқан

489 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жаңа өмір талаптары тамаша жарасым тапқан ауылдар­дың арасында аймақта алдымен Изенді көзге түседі. Оның кешегі кеңестік кезеңдегі бейнесі де есте. Ол уақытта ауданның алыс түкпірінде бұйығы күй кеш­кен, көмек пен қолдау да ша­малы елеусіз елді мекен бо­ла­тын. Қой бақтырылғаннан бас­қаға сенім селкеу шаруа­шы­лық еді. Ал бүгін қандай. Са­лыстыруға келмейді, өзгеріс жер мен көктей. Бұл неден байқалады? Ең біріншіден, ажарынан аңғары­ла­ды. Жарқыраған мәдениет үйі, сыңғырлаған спорт орта­лы­ғы, әдемі кітапхана, келісті мешіт, құшағы жылы интернат, әр­дайым есігі ашық пошта, ав­то­мат­ты телефон стансасы, меди­ци­налық мекеме, қызыққа толы балалар алаңқайы, дөңгеленген қымызхана, қаладағыдан кем емес тойхана, иісі бұрқыраған наубайхана, міне, бүгінгі Изенді көркі. Мұның біразы ауыл тыныс-тіршілігінің тірегі «От­қан­жар» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өз күшімен бой көтерткен құрылыстар. Әлеу­меттік саланы дамытуға кейінгі алты жылда салынған 143 миллион теңгенің шарапаты. Екіншіден, тұрғындар тұр­мы­сынан көрінеді. 3 мыңнан 18 мыңға көбейген қой, 2 мың гектардан 6 мың гектарға ұлғайған егістік алқап игіліктің көзі бо­лып та­былады. Еңбекақы­лары­мен бірге, төл өсіміне қосымша қозы алатын шопандар, астық жинауға сүбелі үлес қосқаны үшін тегін жем-шөп, отын-су­мен қамтамасыз етілетін диқан­дар табысы қо­мақ­ты, еңбекке ынталан­дырып тұрады. Шағын ауылдың берекесін бе­ріктіріп, жаңа жетістіктерге ұйытқы болу­шы ретінде изенділіктер алғысы Қанат Отарбаев сынды азаматқа шексіз.Ескіні жаңарту оңай емес. Шаңырағы шай­қал­ған шаруа­шы­­лықты күй­реуден сақтап қалып, он жыл ішінде өңірдегі мықтылардың мықтысы қата­ры­на қосу оның ерен еңбегі мен қайратты іскер­лігінің арқа­сын­да екенін біледі.Ауылдастары өмірін шырай­лан­дыру жолын­да­ғы ізденіс-тал­пы­нысы бұған дейін де бағаланып жүрсе, жақында екі бірдей мәр­тебелі құрметке бөленуі көпші­лік ри­залығын тудырған ортақ қуа­ныш болды. «Құрмет» орденімен қоса, кеудесінде «Па­рыз-2010» жүлдесінің белгісі жарқырады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» но­ми­нациясында жеңімпаз деп та­ныл­ған өз басқаруындағы «От­қан­жар» ЖШС биыл екі игілікті жобаға бастамашы болған-ды. Серіктестік қайырымдылық ша­ра­ларына 1 миллион 255,7 мың теңге бөліп, көп балалы от­ба­сыларға, жалғызілікті, кемтар жан­дарға, оралмандарға көмек көрсетуге арнады. Бүгінде Изенді ауылының ісі мен келбеті аймаққа өнеге. Өт­кен жазда облыстағы ауылдық округтердің әкімдері осын­дағы жаңалық-өзгеріс­тер­ді тікелей көріп, та­ны­сып, тәжірибе алмас­ты. Кежеге кейін тар­тылмаған жерде бәрі қолдан келетіндігіне көз жеткізілді. Жақсыдан үлгі алу, үйрену өрнектері өңірге кең жайылып келеді. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы, Нұра ауданы.