01 Қаңтар, 2016

Жекешелендірудің желкені түсірілмейді

591 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
6-бет-ДинараБиыл елімізде жүзеге асырылып жатқан жекешелендіру шараларының соңғы кезеңі бас­талды. Яғни, 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бағдар­ламасы осы жылы қорытын­дыланады. Ал мүлікті жария ету шаралары аяқталды. Айтқандай, 2014 жылғы 1 қыркүйекте басталған мүлікті жария ету іс-шаралары 2015 жылдың желтоқсанына дейін жалғасқан болатын. Мүлікті жария ету – табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген немесе тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі. Сонымен бірге, жария етілген капитал түрінде экономикаға қосымша қаражатты тарту оның басты мақсаты болып табылады. Науқан бар мүлікті жария етуге және заңды айналымға енгізуге мүмкіндік берді. Осылайша, мұның қорытындысында 489 595,4 млн. теңге көлеміндегі мүлік жария етілді. Ал жекешелендіру бағдар­ламасы әлі бір жылға жалғасады. Бұл бағдарлама өткен жылдан бастап нақты нәтиже бере бас­тады. Себебі, оның алдыңғы жыл бағдарламаның алғашқы дайындық кезеңдері болатын. Негізгі іс-шаралар бойынша 2015-2016 жылдарда 830 нысанды сату жоспарланды. Ал 2015 жылдың қорытындысында 423 нысан сатылымға шығарылып, оның 235-і сатылды. Ендеше, жекешелендірудің ең қызу кезеңі 2016 жыл болғалы тұр. Себебі, жоспардағы нысандардың басым үлесі осы жылдың еншісінде. Жекешелендіру меншікті мемлекет иелігінен алу бағыт­тарының бірі, ал оның мәні – мен­шікті жеке және заңды тұлға­лардың жекеменшігіне беруде. Мемлекеттік кәсіп­орындарды жеке­шелендіру – азамат­тар мен акцио­нерлік қоғам­дардың мемлекеттен және жер­гілікті билік органдары­нан, кәсіп­орындарды және олардың кәсіпорындар ретінде бөліп шығаратын бөлім­шелерін, кәсіпорындардың мате­риалдық және материалдық емес активтерін, акционерлік қоғам­дардың капиталындағы мем­лекет пен жергілікті билік орган­дарының үлестерін, жеке­шеленетін кәсіпорындардың басқа кәсіпорындар капиталындағы үлестерін меншікке алуын білді­реді. Мұнда бастысы елімізде бос жатқан қомақты қаржысы бар адамдарға мемлекет меншігін алуға мүмкіндік беріледі. Бұл жерде отандық кәсіпкер болсын, қарапайым адам болсын, елімізде жүргізіліп жатқан эко­номикалық өзгерістердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Сөйтіп, жаңа бизнес-саясаттың үлкен мүмкіндіктерін мүлт жібермей пайдалануы керек. Себебі, аталған бағдарламаның негізгі мақсатының өзі – қара­пайым азаматтарды қор нары­ғына тартып, бағалы қағаздарға инвестиция салуды жандан­дыру. Сонымен қатар, бұл жекешелендірудің арқасында қазірде мемлекеттің қалтасына қарап отырған, осылайша мемлекеттің қаншама қаржысын иемденіп, оны не игере алмай, не ұқсата алмай отырған компаниялардың саны азаяды. Жекешелендіру дегенде, мемлекет барлығын тұтастай жекенің қолына ұстата салады деген сөз емес. Тек екшеп, зерттеп, таразылап барып, бақылау пакетінің қандай да бір бөлігін мемлекет қарамағында қалдыра отырып осындай қадамға барады. Жекешелендіру аясында жеке тұлғаның қолына өткен нысандар 5 жыл мемлекет бақылауында болады. Қазір еліміз сауда-саттықтың жаңа нысанына көшті, бұл нысандардың одан әрі пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік бермек. Яғни, сату-сатып алу келісімшартына қол қойылғаннан кейін, олар сатушы орган тарапынан бақыланатын болады. Демек, республикалық меншіктің, әкімдіктердің немесе ұлттық компаниялардың нысандарына қатысты келісімшарттағы міндеттемелері орындалмайтын болса, онда шарт жойылып, мүлік қайтарылады. Қазіргі жекешелендіру еліміздегі жекешелендірудің екінші толқыны деп аталады. Шыны керек, бірінші толқында енді ғана құрылып жатқан қазақстандық бизнес орта жекешелендірудің тиімді тұстарын толықтай игере алмаған екен. Осыны ескерген Елбасы Үкіметке жекешелендіру үрдістерінің барынша дұрыс әрі елге тиімді етіп ұйымдастырылуын қатаң тапсырды. «Қателіктерге бой алдырмаңдар. Жекешелендірудің бірінші кезеңі қалай өткені белгілі, кімде билік болса, сол өзі таратып, өзі иеленіп кете берген. Қазір соның салдарынан заңсыз берілген жерді де, мүлікті де қайтарып алуға дейін барып жатырмыз. Бұл жағдай енді қайталанбауы керек. Бұл ретте, біріншіден, мемлекет бизнестен кетеді, екіншіден, бұл нысандардың барлығы нарықтық ортаға өтіп, іскерлік ортаның белсенділігін арттырады. Жекешелендіру тиімді жүргізіліп, нысандар жақсы қолға өтсе, экономика да жеңілдеп, бюджетке де қаражат құйылады. Бұл – аса маңызды шара», деген еді Елбасы. Қазіргі жекешелендірудің мақсаттарының бірі – мемлекеттің «иығына мініп» отырған көп кәсіпорынды жекенің жетегіне беріп, жұмысын жандандыруға ықпал ету. Себебі, қазір бәсекелестік заманы. Мемлекет бюджетін бүйірден кеміріп, мамыражай отыра беруге болмайды. Мүмкіндігінше мемлекеттік кәсіпорындар санын азайтып, олардың көпшілігін жекенің қолына өткізу керек. Сонда олар өзі үшін жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті болмақ. Ал жекешелендірудің екінші толқыны нәтижесінде халыққа ұсынылатын қызмет сапасы да жақсара түспек. Өйткені, жеке секторда үлкен нысандар пайда болып, бизнес те осы бағытқа жұмылады деп күтілуде. Сайып келгенде, осы науқан ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс. Жекешелендіру мен жария етудің бір мезгілде басталып, екі шараның қатар жүруінің өзіндік маңызы да бар. Себебі, жекешелендірілетін нысандардың құны көбіне осы жария етілген қаржылардың үлесінен төленуде. Яғни, осы екі жылда жария етіліп, заңдастырылған ақшалар мемлекеттік меншіктерді сатып алу арқылы бюджет қорына қосылуы көзделуде. Сондықтан, жария ету тоқтатылып, жекешелендірудің тағы бір жылға жалғастырылуының да мәнісі осында болса керек. Ендеше, негізгі мақсат жекешелендіруді елге тиімді етіп жүзеге асыруға үлес қосу. Ал ол қаншалықты орындалды, нақты қанша мемлекеттік нысан жекешелендірілді, оны осы жылдың соңында ғана нақты айта алатын боламыз. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».