Атырауда шығарылады
Бұл – Атырауда бұрын-соңды болмаған ерекше жоба. Дәрі-дәрмек өнімдерін шығаратын фармацевтикалық зауыт жобасын іске асыруға «Lumpan Caspian Pharmaceutical LLP» серіктестігі бастамашы болыпты. Сонымен қатар, оған Атыраудағы «Медицина» АҚ, «Атырау» ӘКК және «САВА Хелскейр», «Лайфлайн Фзе», «ALIM COM» компаниялары қатысып отыр. Аталған зауыттың жобалық құны 3,700 миллион теңгені құрайды.
Мұның ерекшелігі сол, жоба тек Атыраудың ғана емес, ел тұрғындарын сапалы дәрі-дәрмекпен қамтуға серпін бергелі отыр. Мұнда 180 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ екен. Зауытта жылына 800 миллион таблетка, 300 миллион капсула мен 78 миллион ампула түріндегі дәрі, 3 миллион қораптағы жақпа май, 12 миллион пластика құтыдағы ерітінді секілді 50-ден астам фармацевтикалық өнім түрлерін шығару көзделіп отыр. Сапалы өнім шығаруға қажетті шикізатты Үндістан мен Қытайдан әкелу жоспары бар. Зауытта экологиялық таза әрі сапалы өнім G.M.P. стандартымен шығарылады. «Бұл зауытта пайдаланылатын су мөлшерін 126 мың текше метрге дейін үнемдеуге жол ашады», дейді «Медицина» АҚ директоры Забира Дәулетжанова.
– Фармацевтикалық зауыттың құрылысы Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының екінші бесжылдығын іске асыруда және әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруі үшін жасалынған маңызды қадам, – деген ойымен бөлісті облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Аталған іс-шара елімізге озық өндірістік технологияларды тартуға бағытталған экономикалық саясаттың басымдықтарымен тікелей байланысты. Фармацевтика саласы да сол басым бағыттардың бірінен саналады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.