Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде әңгімелеп, журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Мемлекет басшысы тарапынан облысқа қатысты жүктелген тапсырмалардың тиянақты атқарылып келе жатқанын айтқан әкім өткен жылды нәтижелі қорытындылағандарын жеткізді. «Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ете отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты берген тапсырмалары облысымызда мүлтіксіз орындалып жатыр. Атап айтар болсақ, өндірілген жалпы өнімнің көлемі 1 трлн. 237 млрд. теңгені құрады. Бұл адам басына шаққанда 1 млн. 957 мың теңге болады. Негізі, біздің облыстың республикадағы ішкі жалпы өнімдегі үлесі 5 пайызды құрайды. Мұнда өнеркәсіпте 1 трлн. 121 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – жоспардағыдан 5,5 пайызға төмен. Мұның басты себебі, бәріңіз білетіндей, әлемдік нарықта біздің экспортқа шығаратын шикізаттарымыздың бағасы айтарлықтай құлдырады», деді облыс басшысы.
Десе де, облыста өнімді өңдеп шығару бойынша 19 пайыздық өсім бар екен. Сондай-ақ, жиһаз жасау ісінде де ілгерілеу бар көрінеді. Бұған қоса, облыста «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында бюджеттен бөлінген 9 млрд. 495 млн. теңге толық игеріліпті. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаражат орынды жұмсалды. Оның басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен құрылыс және білім саласына бағытталған болатын. Оған қоса, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Индустрияландыру картасы аясында облыста 40-тан астам жоба iске асырылып, жалпы саны 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп үміттенеміз. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы құны 327 млрд. теңгенi құрайды. Бiрiншi бесжылдықта оның 32-сі iске асырылған болса, бүгінде осы 32-сінің 23-i 70 пайыздан аса жобалық қуатымен жұмыс істеп тұр. Ал қалған 5 жоба 50 пайыздан жоғары жобалық қуатқа шықты. Ал 4 жобаны жоспарға сәйкес іске асырып жатырмыз», деді Н.Ноғаев.
Орал өңірінде 2015 жылы 261 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліпті. «Кәсіпкерлікте 39 800 субъекті тіркелген. Онда 108 мың адам қызмет етеді. Осы салада көрсетілген қызметтер бойынша жасалған жұмыстардың құны өткен жылдың 11 айының қорытындысында 461 млрд. теңгені құрады. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктерден алынған несиелерді субсидиялауға, кепілдендіруге, инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаражаттарды тиімді қолданудың нәтижесінде 3 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 17 мың жұмыс орны сақталды. Сыртқы тауар айналымында 5,2 млрд. шартты бірлікті құрады. Соның ішінде экспорт 4 млрд. 400 млн., импорт 800 млн. теңге болды», деді облыс әкімі.
Оның сөзіне жүгінсек, өткен жылы 2014 жылмен салыстырғанда құрылыс саласы 14 пайызға өсім көрсетіп, 76 млрд. теңгенің жұмыстары атқарылған. Негізі, 2015 жылы Батыс Қазақстан облысына 240 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жүктелген екен. Ал жыл қорытындысы бойынша 261 мың шаршы метр баспана салынып, 6 көп пәтерлі үйді пайдалануға берген. Осы орайда өңір басшысының Орал қаласындағы апатты үйлер туралы айтқаны да назар аудартты. «Өткен жылы облысымызда 2 үй құрылысы комбинаты өз жұмысын бастап, бүгінгі күні өз тиімділігін көрсетіп отыр. Комбинаттар тұрғызылатын үйлердің, әлеуметтік салада салынатын нысандардың құрылыс мерзімін айтарлықтай азайтуда. Осы комбинаттардың арқасында біз Орал қаласындағы апатты жағдайдағы үйлерді жоймақпыз. Ол жобаға сәйкес апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан адамдарды уақытша баспанаға қоныстандырамыз. Ал апатты үйлерді сүріп тастап, жаңа пәтерлер саламыз. Салынған үйден тұрғындарға пәтер беріп, қалғанын жеке кәсіпкерлер өз қалаулары бойынша нарықта сатады», деді ол.
Әкімнің сөзіне қарағанда, көп қабатты тұрғын үйлер мемлекеттік-жеке серіктестік ұстанымдары бойынша тұрғызылады. Барлық инфрақұрылым, атап айтқанда, су, газ, электр жүйесі, жол мемлекет қаржысы есебінен тартылады. Ал кәсіпкерлер апатты үйлерде тұратын азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуді өз мойындарына алады екен. Былтыр берілген 2 үй құрылысы комбинаты 2 үйдің құрылысын аяқтап та қойыпты.
Өткен жылы облыстың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 270 млрд. теңгені құраған болса, бұл көрсеткіш бұрнағы жылдың деңгейінен 18,8 пайызға көп көрінеді. Әкім келтірген деректерге сүйенсек, облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 75,9 млрд. теңгені құрап, ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі 85 млрд. теңгеге жеткен. Бұлармен бірге, нарықтағы бөлшек тауар айналымының көлемі де алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда асып түсіп, жиынтық сома 193,1 млрд. теңге болыпты.
Облыста әлеуметтік мәселелер де өз шешімін тауып жатқан көрінеді. «Облыстағы халықтың 87 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. Оның 78 пайызы ауылдық елді мекендерде. Газдандыру мәселесіне қатысты айтар болсам, тұрғындардың 92 пайызы «көгілдір отынды» қолданып отыр. Соның 84 пайызы – ауыл халқы. Былтыр 116 шақырым жолға күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Шыңғырлау, Қаратөбе және Жаңақала аудандарының орталықтарына тас жабынды жолдар салынды. Бұл жұмыс республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттар есебінен жүзеге асырылды. Ал әлеуметтік салада жұмыссыздық 4,8 пайызды құрады. Орташа жалақы – 116 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны – 2867 адам. 2005 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар 25 мың болса, елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың нәтижесінде жаңадан ашылған кәсіпорындарға орналасқан жұмысшыларды ескере отырып 10 есеге азайды. Бұл жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табады», деді Н.Ноғаев.
Өңір басшысы облыстағы мектеп мұғалімдерінің тапшылығы жөнінде де айтты. «Қазіргі таңда облыста білім саласындағы мамандар тапшылығы 11 адамды құрайды. Негізінен бастауыш мектептердегі мұғалімдер мен физика және математика пәндерінің ұстаздары жетіспейді. Мұны біз осы жылы облысымыздағы орта арнаулы маман даярлайтын мекемелердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының түлектері мен басқа да облыстардағы аталған мамандықтарды оқытатын жоғары оқу орындарының түлектерін тарта отырып толығымен шешеміз», деген ол халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті.
Аймақ басшысының сөзіне сенсек, облыста жұмыспен қамту жоспары жасақталған. Аталған кешенді жоспармен 13 мың адамды жұмыспен қамту керек болса, жыл қорытындысында олардың саны 19 мың адамды құрапты. Бұған қоса, өткен жылы 8 931 жаңа жұмыс орны ашылып, оған он мыңнан астам адам орналасқан. «Әлемде болып жатқан жағдайды ескере отырып, облыстағы ірі мекемелермен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен меморандумдарға қол да қойылды. Қазіргі таңда 4 369 меморандум жасалып, 45 мың адам жұмыспен қамтылды», деді ол.
Тағы бір қуанарлық жағдай, былтыр Батыс Қазақстан облысында апатты және үш ауысымда білім беретін мектептер толығымен жойылыпты. «Үш пен алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 98 пайызды құрайды. 2014-2015 оқу жылының нәтижесі бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде Батыс Қазақстан облысы Алматы және Астана қалаларынан кейінгі үшінші орынды иеленді және орташа балл 83-ті құрады. Өткен жылы Елбасының апатты жағдайдағы және үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептерді жою тапсырмасы облысымызда толығымен орындалды. Жаңадан мектептер салынды және күрделі жөндеуден өткізілді. Білім саласына 42 млрд. 200 млн. теңге бөлінді. Облыста инклюзивті білім беруге лайықты мектептердің саны 59 пайызды құрайды және мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті біліммен қамтамасыз ету 58 пайызға жетіп отыр. Өңірдегі 38 арнаулы орта білім беретін колледждердің жетеуі жекеменшікте. Ал 17 колледжде 18 мамандық бойынша дуалды білім беру жүргізіліп жатыр», деді Н.Ноғаев.
Аймақта дәрігерлер де жетіспейді. Денсаулық сақтау саласына 22 млрд. 200 млн. теңге бөлінді және облыстағы денсаулық сақтау мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 77 пайызды құрайды. Осының нәтижесінде орташа өмір жасының ұзақтығы өңірде 71,1 жасты құрап отыр. Өткен жылы өңірге 87 жас маман келіп, 54-і ауылдық жерлерге жіберілді. «Жалпы, өңірде денсаулық сақтау саласындағы маман жетіспеушілігі 56 адамды құрайды. Енді Ақтөбедегі, Алматыдағы, Қарағандыдағы және басқа да облыстардағы медициналық жоғары оқу орындарының түлектеріне пәтер беру және басқа да әлеуметтік қолдауларды көрсете отырып, осы мәселені биылғы жылы толығымен шешеміз», деді облыс басшысы.
Березовка, Бестау ауылының тұрғындарын көшіру мәселесі де назардан тыс қалмады. «Березовка және Бестау елді мекендері туралы қысқаша ақпарат берер болсам, жалпы 454 үйді көшіру қажет. Соның ішінде 423-і Березовка ауылында, қалғаны Бестау елді мекенінде тұрады. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі қабылдаған жоспарға сәйкес бірінші кезең аяқталды. Соған сәйкес 82 отбасы Ақсай қаласындағы көп қабатты 128 пәтерлі екі үйге көшірілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын табады. Бұйыртса, биыл Березовка, Бестау ауылдарының тұрғындарын көшіру мәселесі толығымен аяқталады», деді әкім.
Осы жылы облыс электр энергиясына тәуелділіктен де арылады екен. «Наурыз-сәуір айларында Қарашығанақтағы істен шыққан трансформаторды жөндеу жұмыстары аяқталады. Соны іске қосып, Қарашығанақтан электр энергиясын алатын боламыз. 100 Мвт бірінші кезеңі іске қосылған электр стансасы да жұмыс істей бастайды. Осылайша, энергетикалық тәуелсіздік қамтамасыз етіледі», деді Н.Ноғаев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».