ОРАЛ. 6 қаңтар. Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында ақын, осы өңірдің тумасы Қадыр Мырза Әлінің туған күні аталып өтілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ақын атындағы мәдениет және өнер орталығында «Сұлу сөздің сәйгүлігі» атты Қадыр оқулары өтіп, жас өрендер өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, ақын музейінде оның замандастары бас қосып, естеліктер айтты.
Өз сөзінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева Қадыр Мырза Әлінің ұлт тарихынан ойып тұрып орын алғанын айтты. «Қазақтың бірегей ақыны арамыздан кетсе де, оған деген ықылас, оның еңбегіне деген қызығушылық ешқашан суымайды. Бүгінгі өтіп жатқан шаралар соның дәлелі», – деді Ақжайықтың ақын қызы.
Сонымен қатар, ақынның шығармашылығына арналған «Қазыналы Қадыр әлемі» атты концерт өткізілді. Бұл шара барысында қаламгердің еңбектерін насихаттауда белсенділік танытқандар Қадыр Мырза Әлі атындағы медальмен марапатталды. Одан бөлек, осы жиында Қадыр оқуларының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне алғыс хаттар табыс етіліп, ақынның өміріне арналған «Өлеңнің туын жықпаған» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді.
Жыр сүлейінің 80 жылдығына арналған республикалық мүшайраға қатысқан жас ақындардың өлеңдер жинағы да осы кеште көпшілікке таныстырылды.
Музейдегі шара «Ақынға ақ пейілмен...» атты көрмеге ұласты.
Темір Құсайын.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: inform.kz.