Ұлы дала елі – ұлы арман жолында
Отандастарымыз Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жаңа еңбегін қызу қолдауда
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген тақырыппен бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Бұған себеп, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталған еді. Шын мәнінде, бізге тарихымызда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдаудың маңызы зор екені белгілі. Оның үстіне, олар бізді қазақстандық арманымыз – осы ғасырдың ортасына қарай әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу арманымызға жетелейтіні анық. Сондықтан, газет жарық көрісімен қазақстандықтар Елбасының елдігіміздің ертеңіне ерекше бағдар беретін мақаласымен тек танысып қана қоймай, өздерінің жүрек түкпірлерінен шыққан лебіздерін де білдіруге асыққан болатын. Қазіргі таңда қоғам арасында Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын талқылау қызу жүргізілуде. Сондай талқылау кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп, оған бірқатар сарапшылар қатысты. Алдымен сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Этносаралық қарым-қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары, социология ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова Елбасы өз мақаласында Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғандығын көрсеткендігіне ерекше назар аудартты. Соның ішінде бес институттық реформаның ең негізгісі – бірлігі жарасқан ұлтымыздың негізі мен бірегейлігін қалыптастыру. «Ұлттың бірлігін нығайтудағы қандай іс-әрекеттерді және қандай жоспарларымыз бар екенін атап өтті. Қазақстан биылғы жылы өз тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына аяқ басты. Осы жылдар ішінде жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендеген кең-байтақ Қазақстан өзінің ғасырлар бойы жинақтап келе жатқан құндылықтарын басым еткізіп, өтпелі кезеңді бастан кеше отырып, экономикасы нығайған мемлекетті нық аяқтан тұрғызды», деп атады Айгүл Кәкімбекқызы. Бұл ретте, сарапшы қазіргі таңда әлемде көптеген қауіп-қатерлердің орын алып отырғандығын да тілге тиек ете кетті. Соның ішінде экономикалық дағдарыстар мен әскери қақтығыстар орын алып отырғандығына да назар аудартты. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы ең басты құндылық ретінде елдің бірлігі екендігін де ескерте кетіпті. Біздің татулығымыз деп реформалардың ішінде бірегейлік және бірлік деген бағытты атап өтеді, деді А.Сәдуақасова сөзін сабақтай түсіп. Осы бағытты қалыптастыру үшін екі негізгі тетік қалыптасқан. «Біріншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы институты. Жүзден астам этностық топтар тұратын Қазақстан жері олардың нақты Отаны. Бұл жерде «Бір ел – бір тағдыр» деген ұстанымымыз бен бірлігімізді сақтап келе жатқан елміз. Бүгінгі таңда соны мақтан етеміз. Екіншіден, бұл жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясы. Елбасы осы идеяны 2012 жылы бірінші рет айтқан еді», деп атап көрсетті Айгүл Кәкімбекқызы. Соның ішінде, негізгі елдің құндылықтарын дәріптеп, болашақтан «Мәңгілік Ел» ұрпағын қазірден бастап тәрбиелеу үшін қандай жоспарларды жүзеге асыруымыз керектігі де нақты көрсетіліпті. Әсіресе, үштілдік білім жүйесіне ауысу жайы да назардан тыс қалмаған. Осы орайда сарапшы әлеуметтік, тіпті, мемлекеттік қызмет саласының ішінде де ешқандай нәсілдік, этностық қатыстығына қарамастан елімізде Конституциямен бекітілген қазақстандықтардың барлығының да мүмкіншіліктері бар деген қағидаты сақталғандығын атады. Елбасы өз мақаласында елімізде жүріп жатқан қарқынды модернизациялау процесінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген ең дамыған елдердің отыздығының қатарына кірумен ұштасып жатқандығына және ол былтырдан бері іс жүзінде жүзеге асып жатқандығына ден қойды. «2015 жыл бүкіл елімізге Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы барысында «Үлкен ел –Үлкен отбасы» бағдарламасы басталып кетті. Сонымен қатар, жаңа әлеуметтік жобалар да іске асырылып жатыр. Жалпы, елдегі тұтастықты және бірлікті нығайту – басты мақсат. Негізі бірегейлік азаматтық негізінде қалыптасуы және нығаюы керек деген Елбасының тапсырмасы осы құжаттар арқылы іске асырылуда», деді Айгүл Кәкімбекқызы. Сонымен қатар, бірегейлікті және бірлікті нығайту мен дамыту тұжырымдамасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы осы өткен жылдың соңғы күндері бекітіліп, үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда екені де аталды. Сондай-ақ, кешегі брифингте Экономикалық зерттеулер институты басқармасының төрағасы Мақсат Мұқанов, осы институт төрағасының бірінші орынбасары Әсет Ерғалиев және институттың кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Нұрлан Құлбатыров мәселеге экономикалық тұрғыдан келді. Атап айтқанда, Жоғарғы заң шығару органы тарапынан қабылданған 59 заң экономиканың жаңа көрсеткіштермен дамуына негіз қалап отыр. Әсіресе, Елбасы мақаласында шағын және орта бизнеске, жалпы кәсіпкерлікке ерекше ден қойылғандығы ерекше аталды. Елімізде жүргізіліп отырған реформалар халықаралық қоғамдастық тарапынан бағаланып, елімізде іскерлік белсенділікті арттыру бағытында жеке бастамаларға қолдау білдіріліп, инвестициялық тартымды елге айналдыру бағытында бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».