Алыстағы ағайын атажұртқа үкілі үмітпен қарап, алаң көңілмен тірлік кешіп келеді. Алаш баласының арасын ала бағандар алыстатқысы келгенімен, тәуелсіз елдің тартылыс күші бәрінен де мықты екені анық. Осыдан екі жыл бұрын Парламент қабылдаған заң Қазақ еліне бет түзеген көш-керуеннің жолына кәдімгідей кедергі келтірген-ді. Жақында осы олқылықтың орнын толтыратындай құжат қабылданды. Осы заң жөнінде, жалпы көші-қонның жай-жағдайы төңірегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және қөші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан ҚАРЖАУБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, оған Мемлекет басшысы қол қойды.
Көші-қон мәселесіне қатысты осыдан екі жыл бұрын қабылданған заң атажұртқа атбасын бұрған көш-керуеннің қарқынын бәсеңдетіп жіберді. Өйткені, аталған заңға сәйкес, оралман мәртебесі этностық қазақтарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған ағайындарға ғана берілетін болды. Ал Үкімет айқындамаған жерлерде тұруға ықтиярхат алу үшін олар өз төлем қабілеттілігін растауға тиіс-тұғын (отбасының әрбір мүшесіне екінші деңгейдегі банктерге шамамен 2,5 млн.теңге орналастыру міндеттелді). Қандастардың азаматтыққа оралман мәртебесін алған соң 4 жылдан кейін ғана құқығы бар еді. Ал жақында қабылданған заңда жатжұрттағы ағайындардың қоныс аударуына кедергі болған нормалар алынып тасталды.
– Сөздің орайында сұрай кетейік, 2013 жылы қабылданған заңнан кейін көшіп келушілер саны қаншалықты төмендеді? Осыны айта кетсеңіз.
– Сол заң қабылданғанға дейінгі елімізге көш басын бұрған ағайындар саны төмендегідей: 2011 жылы –14 803 отбасы (47 112 адам), 2012 жылы – 15 109 отбасы (39 401 адам), 2013 жылы – 15 338 отбасы (33 952 адам). Ал аталған заң қабылданғаннан кейінгі екі жылда мүлдем төмендеді. 2014 жылы 3 792 отбасы (8 247 адам) көшіп келген болса, былтырғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 3,5 мың адам ғана қоныс аударды. Ендігі жерде көші-қон мәселесінде сең қозғалып, атажұртқа қарай ағылған ағайындар саны арта түседі деген сеніміміз бар.
– Солай боларынан біз де үміттіміз. Ендеше, бауырларымыздың шоғырымен келуіне жағдай жасайтын заңның ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз.
– Ең алдымен, атажұртқа көшіп келген ағайындар, қоныстанған өңіріне қарамастан, оралман мәртебесіне ие болады, сондай-ақ, олар Қазақстан Республикасының азаматтығын тұрғылықты тұруға рұқсат алғаннан кейін 1 жыл мерзімде, өтініш берген күннен бастап 3 ай ішінде жеңілдетілген тәртіппен ала алады. Бұрын олар Қазақстанда 4 жыл тұрақты тұруға міндетті еді. Сондай-ақ, қабылданған заңға сәйкес, Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін тұратын өңіріне қарамастан, этностық қазақтардан өзінің төлем қабілетін растау да талап етілмейді. Ал ағайындар Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберінде оларға көлік шығындарын өтейтін (отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде), қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакет көзделуде. Еліміздің бір өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған бауырлардың да әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі бар.
– Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған қандастарымызға әлеуметтік пакет жиынтығы көзделуде екен. Бұл неден туындап отыр?
– Бұрын-соңды атажұртқа оралған ағайындардың басым көпшілігі оңтүстік, батыс өңірлерге қоныстанғаны мәлім. Бір жағы олар шекаралас елден келгеннен кейін сол өңірлерге орын тепкенді қолайлы көрді. Екінші жағынан, өздері үшін табиғаты, ауа райы бейім аймақтарға тұрақтағанды жөн санады.
2013 жылы жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2050 жылға қарай еліміздің солтүстік өңірлерінде жұмыс күші азайып, керісінше оңтүстік өңірлерде артық жұмыс күші күрт артады. Мәселен, жаңа ғасырдың орта шенінде оңтүстік өңірлердің халқы 5 миллион адамға көбейсе, солтүстік өңір халқы 1 миллион адамға азаяды деп болжам жасалып отыр. Міне, осындай сараптамалық талдаулардан кейін Үкімет солтүстік өңірлерде жұмыс күшіне деген сұранысты қанағаттандыру үшін әлеуметтік ынталандыруға басымдық береді. Сол себепті Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберінде оларға көлік шығындарын өтейтін, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакет әзірленіп жатыр.
– Бұрын-соңды ағайындардың өмірінде кездескен тәжірибе ғой, оралман ретінде солтүстікте, батыста тіркеліп, әлеуметтік көмекті алғаннан кейін жыл құсындай жылы жаққа біржола қоныс аударатын әдет те бар еді...
– Өткен кезеңнің олқылықтары да ескерілді, әрине. Оның үстіне қазіргідей қиын-қыстау кезеңде қазынаның қаржысын мақсатты бағытына жұмсау қатаң талап етіледі. Сол себепті әрі заңда белгіленген нормаға сәйкес, қаржы кері қайтарып алынатын тетік те ойластырылған. Мәселен, Үкімет айқындаған, алғашқы қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кеткендердің алған көмектерін қайтару міндеттері қарастырылған. Бұл заңды да. Өйткені, отандық экономиканың қиындығына қарамастан, мемлекет атажұртқа келетіндерге қазынадан қаржы бөліп отыр емес пе.
– Кейбір ағайындарымыздың келген елінің азаматтығын қимай, Қазақстанның азаматтығын алуға асықпай жүріп алатыны бар. Себебі, шекарадан кедергісіз өтуге тиімді, енді бірі сол елдің сәл де болса жоғарылау зейнетақысын қимайды дегендей...
– Өмір болған соң неше түрлі жағдай кездесіп жатады ғой. Әйтсе де, атажұртқа келген екенсің, Қазақстанның азаматтығын тезірек алғанға не жетсін! Жоғарыда айттық қой, азаматтық алу жеңілдетілді, әрі кеткенде 6 айдың ішінде ағайындардың Қазақстанның азаматы атануға толық мүмкіндігі бар. Азаматтық алған соң оралман мәртебесі бірден жойылады. Ал Қазақстанның азаматтығын алмаған күннің өзінде оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жылдан соң, ол өзінің күшін жояды.
– Үкімет айқындаған өңірлерге емес, өз таңдауларына қарай орныққан қандастарымыз басқалар сияқты әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана ала ма?
– Этностық көші-қон еліміздің демографиялық және әлеуметтік үрдістеріне елеулі ықпал етеді. Атажұртқа атбасын бұрған қандастарымыз тәуелсіз этнодемографиялық ахуалды қалыптастырудың белсенді қатысушылары болып табылады. Қазіргі уақытта оралмандардың үлес салмағы еліміздегі халық санының 6%-ына жуықтады. Сондықтан Отанына оралған ағайындарымыздың Қазақстанның азаматтарына тиесілі әлеуметтік жәрдемақыларды алуға толықтай құқығы бар.
– Бүгінгі күні қанша ағайын оралман мәртебесін алып, азаматтықтан үміткер болуға әзір отыр?
– Қазір 12 мыңдай адам оралман мәртебесінен үмітті.
– Алыстан келген ағайынды қағазбастылық шаршатады. Азаматтық алу мен әлеуметтік көмек алу үшін сабылып, делдалдарға жем болып жүргені. Осындай проблемалардың түйіні заңда қалай шешімін тапты?
– Ол рас. Бұрын қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алғанға дейін жеке сәйкестендіру нөмірлері (ИИН) болмағандықтан, балаларын мектепке, балабақшаға орналастыруда, емхана мен ауруханаға тіркеліп, ем қабылдауда, зейнетақы жарналарын және әлеуметтік төлемдерді аударуда әжептәуір қиындықтар кездесетін-ді. Бұл мәселе де оң шешімін тапты, енді жеке сәйкестендіру нөмірі оралман мәртебесін алғаннан бастап беріледі.
– Қоныс аударған елінен соттылығы туралы анықтама әкелудің де машақаты көп екендігі қоғамдық пікірді қоздатып жіберді. Бұл анықтама, әсіресе, қытайлық қандастарымыздың жанына ауыр тиді. Аталған мәселенің түйіні тарқатылды ма?
– Ішкі істер министрлігі Қытайдан қоныс аударған ағайындардың соттылығы туралы анықтаманы алуға қатысты мәселені Қытайдағы Қазақстан елшілігі арқылы зерделеді. Нәтижесінде, анықтаманы Қытайдың әр провинциясы өздерінің үлгілерімен беретіндігі, бірақ өтелмеген соттылығы бар адамдардың елден шығуына байланысты мәселе терең зерттеуді қажет ететіндігі анықталды. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің өкілдері алдағы уақытта Қытайдың Қазақстандағы елшісімен кездесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады. Жалпы, бұл мәселе халықаралық келісімшарттармен немесе Үкіметтің қаулысымен реттелуге тиіс.
– Атажұртқа қоныс аударушы ағайындарымыз жеке меншігіндегі көлігі мен мүлкін алып келер болса, қазақстандық кеденде қаңтарып қоймай ма?
– Кеден кодексінің талаптарына сәйкес, этностық қазақтар өзінің жеке пайдалануындағы мүлкіне, оның ішінде жеке көлігіне кедендік төлем төлеуден босатылады.
– Бүгінге дейін атажұртқа оралған ағайындардың дені қай елден келді? Қанша қандасымыз Отанына оралды?
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырға жуық уақыт ішінде атажұртқа 260 325 отбасы, яғни 955 894 адам қоныс аударды. Көшіп келушілердің басым көпшілігін Өзбекстаннан келгендер құрайды. Олар – бүкіл оралмандардың 61,6 пайызына тең. Екінші орында Қытайдан келген қандастарымыз болса (14,2 пайыз), үштікті моңғолиялық ағайындарымыз түйіндейді (9,2 пайыз). Түрікменстандық туыстар төрттікті түгелдесе (6,8 пайыз), Ресейден қоныс аударушылардың саны айтарлықтай емес (4,6 пайыз). Тәжікстан мен Қырғызстаннан қоныс аударған бауырлар саны бірдей (1,1 пайыз).
Бір атап өтерлігі, бұлардың барлығы оралман мәртебесін алған ағайындарымыздың саны. Әйтпесе, мұның сыртында өздігінен көшіп келіп, өз түтінін өзі түтетіп жатқан қандастарымыз да бар. Ендеше, атажұртқа атбасын бұрған қандастарымыздың саны 1 миллионнан асып жығылады деп ауыз толтырып айтуға болады.
– Сұхбат барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлер туралы бірнеше мәрте айттыңыз. Бұл өңірлерге қай облыстар енеді?
– 2013 жылы көші-қонға қатысты қабылданған заңға сәйкес, Үкімет қаулысымен айқындаған өңірлерге Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары енген болатын. Ал алдағы уақытта да оралмандардың өңірлерге орналасуын айқындау Үкіметтің құзыреті шеңберінде шешімін тауып, арнайы қаулы қабылданады.
– Ағайындарды мазалаған келер күннің басты сауалы. Биылғы жылдың бюджетінде қандастарымыз үшін қанша мөлшерде қаржы қарастырылған?
– 2016 жылға арналған республикалық бюджетте 1259 отбасына қаржы қарастырылып отыр. 6 889 256 мың теңге тұрғын үймен қамтамасыз етуге және 341 152 мың теңге көлік шығынын өтеуге арналған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
P.S. «Көп халық жоғалмайды көптігімен, Мықты болмай болмайды ал біздерге!». Қазақтың Қадыр ақыны қалт айтпайды ғой. Мынау алмағайып заманда атажұртқа жетіп жығылу керек болып тұр намысы бар қазаққа, басқаның бауырына сіңісіп кетпес үшін. Мемлекет қана емес, қоғам болып, бай-бағлан бас болып қолға алатын іргелі шаруа бұл. «...Ұлтан болатындарды» ұлықтайтын кез қазір!