Мұсылмандардың алғашқы әміршісі Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) ел басқаруды қолға алған сәтте Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат, айналасындағы серіктері мен халыққа мынадай өсиет айтқан:
«Ей, адамдар! Мен сендерге басшы болдым. Алайда, сендерден артық жерім жоқ. Егер бір жақсылық істеп жатсам, жәрдемшім болыңдар. Ал, жамандық істесем, мені түзетіңдер. Шындық – аманат, ал жалған – қиянат. Сендердің әлсіздерің менің құзырымда күш-қайратты. Оның ақысын өзім алып беремін. Ал, сендердің күштілерің, менің құзырымда әлсіз. Одан жапа шеккеннің ақысын қайтарамын».
Бұл ел басқару, басшылық салада жүрген әрбір пенде үшін өмірлік сабақ, өзгермес қағида болмақ. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бастап, мұсылман әміршілері ең әуелі халыққа сөзі мен амалы арқылы үлгі болған.
Мына бір оқиға осының айғағы дер едік. Пайғамбар заманында болған бұл жағдайдың ғибраты мол. Сол дәуірде бір әйел ұрлық жасап қояды. Оны жазаға тартпақ болғанда кейбір адамдар арашалап алмақшы болады. Тіпті, оның қолын кеспеу туралы өтініштерін білдіреді. Осы жағдайдан хабардар болған Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерден бұрын өмір сүрген қауымдарды құрдымға кетірген себептер болған. Егер араларында ақсүйек, бай, беделді біреу ұрлық жасаса, оған тиіспейтін, ал әлсіз біреу ұрлық жасаса, қолын кесетін. Алланың атымен ант етемін, егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса, мен оның қолын өзім кесемін», – деп бұл мәселеге нүкте қойған.
Исламда адам құқығы – басты құндылық. Ислам пенденің өмірін, жеке мүлкін, денсаулығын, күнделікті тіршіліктегі құндылықтарын басты орынға қояды. Ата дінімізде қазилық дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Бұл біздің дәстүрімізде де, әдет-ғұрыптарымызда да жақсы қалыптасқан. Шариғатымызда заң шығарып, ел басқарып, билік жасауды қазилық деп атайды. Қазақта «әділқазы» деген сөз осыдан шықса керек. Мұсылмандардың екінші әміршісі болған Омар бин Хаттаб (Алла оған разы болсын) қазиларға мынадай үндеу тастаған:
«Қазылық – айқын міндет, әрдайым жүгінетін заңдылық. Егер бұл қызмет саған ұсынылса, ұғып алып, айқындалса, жүзеге асыр. Адамдар арасында туралық таныт. Өйткені, ақиқат айқын, оны ешнәрсе жоя алмайды».
Ислам адамдар арасында билік еткенде немесе оларға үкім шығарғанда әрдайым әділдік, адалдық, ақиқат жолын ұстануға бұйырады. Өйткені, Ислам – ақиқат діні. Алла тағала қасиетті Құрандағы «Ниса» сүресінде: «...адамдар арасына билік етсеңдер, әділдікпен билік етулеріңді әмір етеді...» деген. Ардақты Елші (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Уа, адамдар! Сендердің жандарыңа, мал-мүліктеріңе қол сұғуға тыйым салынды», – деп әмір еткен.
Ислам – кіршіксіз, пәк дін, біртұтас жүйе, әділ үкімдер діні. Ол жеке адамнан бастап, бүкіл қоғамның мүддесі мен құқықтарын қорғайды.
Халифа Омар бір күні түнде келе жатып, бір үйдің тұсынан өтіп бара жатып, жылаған балалардың дауысын естиді. Жылаған дауыс шыққан әлгі үйге қараса, жылаған 3 бала мен жасы келген әйелді көзі шалады. Ортада қазан, астында от жанып тұр. Алайда, қазанның ішінде қара судан басқа ештеңе жоқ екен. Омар әлгі әйелге жақындап:
– Мына балалар не үшін жылап жатыр? – деп сұрайды. Сонда ол:
– Балалардың қарны аш, – дегенде Омар:
– Ошақтағы қазанда не бар? – деп сұрайды.
– Сылдыр судан басқа ештеңе жоқ. Балаларымды алдап, қазанға осылай от жағып қойдым. Күтіп жатып, шаршап ұйықтап кете ме дегенім ғой, – дейді.
Балалардың бұл ахуалын көрген мұсылман әміршісінің көзіне еріксіз жас келеді. Сол замат тез арада азық қоймасына барып, май, ұн, құрма, киімді қапқа салып, үстіне қаржы қосып, қызметшісі Әсламға:
– Әй, Әслам, қапты көтеруге маған көмектесіп жібер, – дегенде ол:
– Әй, мүминдердің әміршісі, қапты өзім көтеремін, – деп өтініш айтады. Сонда Омар:
– Жоқ, болмайды. Мен өзім көтеремін. Өйткені, ақыретте олар үшін мен жауап беремін, – деп қапты арқалап, әлгі үйге әкеліп береді. Мұндай қайырымды амалымен қатар, өз қолымен қазанның астына от жағады. Ас дайын болғанда балаларды өз қолымен тамақтандырады. Олардың тамақ ішкендеріне мейірлене қарап, қарындары тойғанша қастарынан кетпейді. Содан кейін қызметшісіне: «Олардың аштықтан жылап жатқанын көрдім. Қашан қарындары тойып, қуанғанға дейін көңілім көншімеді. Енді ғана көңілім жайланды, – дейді.
Мұсылман әміршілері әрбір адамға осындай қадам жасаған. Олардың кім, яғни кедей немесе бай екендеріне қарамаған. Барлық адамның құқығына бірдей қараған.
Шапса – тұлпардың тұяғы, ұшса – құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жері бар, дархан көңілді халқымызға Алла тағала амандық, жерімізге тыныштық бергей!
Мақсат қажы АЛТЫБАЙ,
ҚМДБ Семей аймағы бойынша өкіл имамы.
Шығыс Қазақстан облысы.