«Егемен Қазақстан» газетінің өткен жылғы қыркүйек айының 21-і күнгі санындағы «Қосымша қадамдар қарастырылады» деген материалды әлі ұмыта қойған жоқпыз.
Онда «Газет басшысы облыс әкіміне тілек ретінде басылымның Көкше өңіріндегі меншікті тілшісі қызметін ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарған тамаша қаламгер, қазақтың аяулы ақыны Еркеш Ибраһимнің есімін есте қалдыру жөнінде нақты қадамдар жасау туралы өтінімін жеткізді», – делінген. Одан әрі «Облыс әкімі бұл ұсынысқа түсіністікпен қарайтынын білдірді!» – деп атап көрсетілген еді.
Содан бері біраз уақыт өтті. Өзім Алматыда тұрып жатсам да туған жерім Көкшетау жаққа қарап елеңдеп қоямын. Бірақ ол өңірден Еркеш ақынға байланысты жақсы іс тындырылды немесе тындырылатын болды деген жағымды хабар қанша сұрастырсам да естілмейді. Ендеше, өтінім өтеле ме, Еркеш елене ме?
Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ,
қарт журналист.