Өткен жылдың қыркүйек айында Қарағандыдағы жалпы білім беретін №77 мектеп-балабақша кешенінде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров атындағы «Ұлттық ұландар сыныбы» ашылған болатын. Бүгінгі күнде 5-сыныпта оқитын 24 ұлан әскери-патриоттық тәрбие алып, батырдың өнегелі ізімен жүріп, жан-жақты болып өсіп келеді. Мысалы, олар сабақты ғана жақсы оқып қоймай, спортта да алға түсіп, шығыс жекпе-жек түрлерін жетік меңгерген.
Таяуда осы оқу орнына Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров арнайы келді. Бұл күні мектепте ұландардың ант қабылдау шарасы ұйымдастырылған болатын.
Батыр Ұлттық ұландар сыныбының тәрбиеленушілерін өмірдегі маңызды қадамдарымен құттықтап, оларға өзінің ақыл-кеңесін айтты.
– Әрқашан ұстаздарыңның еңбегін бағалаңдар! Мысалы, мен әрдайым өз ұстаздарымды мақтан тұтамын. Тіпті, Германияға көшіп кеткен ұстазыммен күні бүгінге дейін хабарласып тұрамын, – деді тұңғыш ғарышкер. Бұдан кейін ол ұландардың осы салтанатты сәтке арнайы келген ата-аналарына арнап сөз сөйледі.
– Қазақ елінің осындай ұлдары барда біздің Мәңгілік Ел боларымызға күмән жоқ. Ұландар жастайынан патриоттық рухта тәрбиеленеді. Отан қорғаудың, елін, жерін сүюдің мән-мағынасын бойларына сіңіреді. Сондықтан, ер балаларды ерлік мектебіне жолдаған сіздерге үлкен рахмет! – деді Тоқтар Оңғарбайұлы.
Ант қабылдау рәсімінде ұландар №5451 әскери бөліміне қарасты «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының көмегімен өз өнерлерін көрсетті.
Мектеп директоры, «Ұлттық ұландар сыныбын» ашуға бастамашы болған Зайра Жантыбаева салтанатты рәсім соңында Тоқтар Әубәкіровке ұстаздар, ата-аналар және шәкірттер атынан алғыс айтты.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.