07 Қаңтар, 2016

Тәуелсіздік – өмірлік құндылық

480 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Абилхан Толеуишов«Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді. Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуел­сіз Отанды аңсаған көпға­­­сыр­лық қиялдарын іс жүзіне асыр­дық. Біз қазіргі қазақстан­дықтар үшін Тәуелсіздік көпэтнос­­ты қо­ғамымыздың нақты жоғары өмір­лік құндылығына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұ­рын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көп­­­теген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік». Иә, Елбасы Нұрсұлтан ­Назар­­баевтың «Егемен Қазақ­стан­ның» кешегі санында жария­ланған «Ұлт Жоспары – қазақ­стан­дық арманға бастайтын жол» мақаласын дәл осылай бастауы­ның бірнеше себебі бар. Шынында да, тәуел­сіздікті бабаларымыз ғасырлар бойы аңсады. Қазақ елінің келе­шегі үшін о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін ұлан-ғайыр даланы бүгінгі ұрпағына қалдыру үшін қанын да төкті, жанын да берді. Еліміз тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның болашағына күмәнмен қараушылар көп еді. Өйткені, сол тұста ел экономикасы төрттағандап жатыр еді. Өнім өндірмек түгілі жалақы мен зейнетақыны уақытында төлеу мұң болатын. Жұмыс орындары әлсін-әлсін қысқарып жатты. Шекарамыз да ашық болатын. Тіпті, өзіміздің ұлттық валютамыз да болмады. Бұл – бұдан ширек ғасыр бұрынғы жағдай. Ал қазір ше? Иә, қазір тәуелсіз Қазақстанымыз қарыштап дамыды, әлемге танылды. Әрине, бүгінгі бақуатты тұрмысқа, жаңарған, жаңғырған экономикалық дүмпуге бір күнде қол жеткіздік десек, артық айтқандық болар. Шын мәнінде, о бастан азаттықты аңсаған ел-жұрт Нұрсұлтан Назарбаевқа зор үміт артып, тәуелсіз Қазақстанды өркениетті мемлекеттердің қатарына қосарына сенім білдірді. Бұл сенім – елім дейтін Ерге көрсе­тілген сенім еді. Сенімді ақтау көш­басшылық қасиеті бар азамат­тың ғана қолынан келеді. Ел­басы елдің сенімін ақтау үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқы­дан айырыла жүріп, еңбек етті. Отандық экономиканы дамылсыз дамыту үшін шетел инвес­торларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Міне, елдің әлемдегі абыройын, ана тіліміздің мәртебесін осылай көтерген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына енгізу мақсатын көздеп келеді. «Егемен Қазақстан» газетінің кешегі санында жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастар жол» мақаласында нақты бағыттарды айқындап берді. Бұл жоспардың іске асарына еш күмәніміз жоқ. Өйткені, біздің шетелдіктермен тең дәрежеде бәсекелес бола алатын ұлттық мамандарымыз бар. ДСҰ-ға мүше елдер рыногына экспорттай алатын ең сапалы өнімдеріміз бар. Әлем елдерінің көбінің қолы жете қоймаған Жапония, Корея, Чехия көліктері де өзімізде құрас­тырылады. Теміржол саласының локомотивтері мен жайлы вагондарын өзіміз шығара аламыз. Біздің шебер қолды қыз-келіншектеріміз қалы кілемдерді де тоқиды, әлемдік брендтерден кем түспейтін киімдерді тігеді. Ең терең мұнай ұңғымаларын бұрғылайтын қондырғыларды шығаруды қолға алдық. Теңіздің асау толқындарында шайқалмай жүзетін кемелеріміз де өзіміздікі. Ұлт Жоспары – баршамыздың арманымызды іске асыруға жол ашатын кешенді құжат. Елба­сы мемлекеттік қызметтің ашық­ты­ғын қалап отыр. Шағын және орта бизнестің өркен жаюы үшін «Салық туралы» кодекс­ті жаңғырт­тырды. Қарапайым жұмыс­шы­ның мүддесін қорғайтын «Еңбек туралы» кодекстің жаңа нұсқа­сын енгізді. Ең бастысы – көп­этносты еліміздегі тұрақ­тылық­тың буынын бекітті. Ұлттық құндылық­тарымыздан бастау алған тәуелсіздігіміздің өмірлік құндылыққа айналуына негіз қалады. Мұның сыртында тарихымыз бұрын беймәлім болып келген тың деректермен толығып жатыр. Мәдени мұра­мыз жаңғырып, ұлттық өнері­міздің абыройы асқақтады. Жас­тардың отаншылдық сезімі оянды. Осының бәрі баршаның биік мұраты – Ұлт Жоспарында нақты кө­рініс тауып отыр. Демек, біз ал­дағы уақытта да биікке ұмтылып, асқақ мұраттарға қол жеткіземіз. Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы. АТЫРАУ.